Аймақтар • 11 Қазан, 2017

Маңғыстауда кәріс этномәдени бірлестігінің шығармашылық көрмесі өтті

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандағы корей ұлтының 80 жылдығы және Маңғыстау облысындағы этномәдени бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толуына орай, облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында салтанатты шара өтті.

Маңғыстауда кәріс этномәдени бірлестігінің шығармашылық көрмесі өтті

Сонымен қатар, жергілікті суретшілердің жұмыстарынан жасақталған және этномәдени бірлестігінің қолданбалы шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі egemen.kz  тілшісіне.

1937 жылдары 100 мыңдай қиыр шығыс кәрістері еліміздің әр аймағына жер аударылған болатын. Жолдан әбден қажып, қалжыраған корей ұлтын қазақтар болмысына сай құшағын айқара ашып, емін-жарқын көңіл күймен қарсы алды.

Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қазақ халқы тағдырлас корей халқының жан батпанын тереңінен түсініп, бауырына басты. Бүгінде облысымызда 800-ден астам кәріс ұлтының өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл - екі елдің өзара ынтымақтастығы мен бірлігінің белгісі.

Кәріс ұлтының перзенттері өңірдің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әр салада өлшеусіз үлес қосып келеді. Мысалы, Маңғыстауда  Ақтау қаласының Құрметті азаматы,  ҚР еңбек сіңірген қаржыгері, кәріс этно-мәдени бірлестігінің негізін қалаушылардың бірі  Пак Андрей Пондюновичті, алғашқы танымал мұнайшы, бүгінде Теңіз кенорнынан 10-15 шақырым қашықтықтағы жаңа кенорны «Огайское» деп есімімен аталған Огай Кипони Хаксениевичті, күні кеше арамыздан мәңгіге кеткен облысымыздағы ең білімді, білікті дәрігер, өңір ғана емес, Қазақстанның медицина саласының дамуына зор үлес қосқан  Чагай Борис Гисебовичті  құрметпен атай аламыз.

Өткенге көз жүгіртсек, 1989 жылы Ақтау қаласында тұратын кәрістердің құрылтай съезі өтіп, онда кәріс ұлттық мәдени орталығы құрылған болатын. Содан бері өз жұмысын тоқтатпаған этномәдени бірлестік қазіргі күні облысымыздың барлық шараларына белсенді қатысып жүр.

- Бүгінгі таңда еліміздегі кәріс ұлтының өкілдері Қазақстанның ажырамас бөлігіне айналды. Посткеңестік кезеңдегі басқа елге қоныс аударуға  қарамастан, кейбір ұлттар Қазақстанда тұрақты өмір сүруді қалады. Қазақ елін олар өз үйіндей сезінді. Ақтаудың қала болып қалыптасуына үлесін қосқан түрлі ұлт өкілдерінің арасында сіздердің де орындарыңыз бір төбе, - деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы