Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаевтың айтуынша, жалпы, қаладағы жылу жүйесінің ұзындығы 247 473 шақырымды құрайды екен. Осы орталықтандырылған жүйеге барлығы 1202 көппәтерлі тұрғын үй қосылған. Оның ішінде 876 нысан «Таразэнергоорталық», 55-«ЖГРЭС» акционерлік қоғамдарына, 163 нысан «Жамбыл жылу», 98 нысан «Теміржол Жылу» мемлекеттік-коммуналдық мекемесіне, ал 10 нысан «София» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды. Қала әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда қаладағы тұрғын үйлер жылыту маусымына түгел дайын әрі паспорттары да әзірленген.
Негізі жылу өндіруші және оны жеткізуші мекемелер жылуды үй нысандарының элеваторына дейін ғана жеткізіп бере алады екен. Ал одан әрі үйішілік желінің өткізгіштігі мен ақаусыздығын пәтер иелерінің өздері жүзеге асыруы тиіс. «Бүгінде көптеген пәтерлердегі тік құбырлар мен шойын батареялар ауыстыруды қажет етеді. Құбыр желілерінің тозуы, бітелуі жылудың бір пәтерден екінші пәтерге кедергісіз жетуін де қиындатады. Осыған байланысты туындайтын қиындықтар үй ағаларының тұрақты назарында болуы тиіс», дейді Мақсат Ахаев.
Жалпы алғанда, бүгінгі күні 105 әлеуметтік нысан мен 720 көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылған. Қалған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар 15 қазанға дейін жылуға қосылатын болады.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы