Батыс Қазақстан өңірлік басылымдары биыл бір ғасырлық мерейтойын атап өтті. Қазақ журналистикасы ерте қалыптасқан өңір болғанымен, Оралда кәсіби мамандар тапшы. Өйткені маман тілші дайындайтын жоғары оқу орындары шалғай, Алматы мен Астана асқан бірен-саран жас елге орала бермейді. Сондықтан «Жайық Пресс» ЖШС басшысы Жантас Сафуллин биыл мекеме қызметкерлерінің білімін жетілдіруге, шеберлігін ұштауға басымдық беретінін айтқан еді. Бүгінгі шараның мақсаты – жергілікті мемлекеттік ақпарат құралдарында қызмет ететін жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру, уақыт талабына сай жедел ақпарат таратуға, заманауи медиаүрдісті меңгеруге, заңды құқықтарын жетік білуге машықтандыру болды.
Семинардың алғашқы күні танымал журналист, Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі Есенжол Қыстаубаев өз тәжірибесімен бөлісті. Оқырман қауым биыл пайғамбар жасына толған Есенжол Жұмағұлұлын сараптама мақалалары, журналистік зерттеулері арқылы жақсы біледі. Жас тілшілер оқырманның редакцияға түскен арыз-шағымдарымен жұмыс істеу, күрделі құқықтық тақырыптарды зерттеу жолдарымен танысты.
«Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Сәкен Әбілхалықов семинарға қатысушыларға сараптамалық мақала жазудағы ерекшеліктер, түйткілдер жөнінде ой бөлісті. Сәкен Мұратұлы – 2015 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қазақстандағы British Council-дің бастамасымен жарияланған Ұлттық инновациялар байқауында Гран-при жүлдесіне ие болып, 1 млн. теңгеден бөлек Лондон қаласында кәсіби тағылымдамадан өтіп келген болатын.
«Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов медиамәтінмен жұмыс тәсілдері тақырыбында дәріс өткізді. Блогер ретінде, медиатренер ретінде көпшілікке танылып қалған Нұрлыбек Нұрланұлы әлеуметтік желілердегі жауапкершілік, ҚР заңнамаларындағы нормалар туралы тоқталды.
Екі күндік семинар кезінде қатысушыларға нақты тапсырма беріліп, алған ақыл-кеңесті практика жүзінде пайдаланып көрді. Семинар соңында медиахолдингтің бас директоры Жантас Сафуллин қатысушыларға сертификат табыстады.
Мұндай шаралар «Жайық Прессте» жыл соңына дейін жүріп тұрмақ. Ендігі кезекте техникалық мамандар, газет құрушылары мен дизайнерлерге арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылады.
Қазыбек Құттымұратұлы,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ