Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік тапсырысын бекіту, тұрғын үй көмегін тағайындау, Көкпекті ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізу мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары талқыланды. Оған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк пен қоғамдық кңестің мүшелері қатысты.
Көкпекті ауданы 17 ауылдық округ пен 56 елді мекеннен тұрады. Ауданның Өрнек, Каменка, Қызыл Жұлдыз, Қарғалы ауылдарында халық өте аз қоныстанған. Осыған орай қоғамдық кеңес отырысында аудан әкімдігі осы елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныспен шықты. Көкпекті ауданының экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Макеновтың айтуынша, Теректі ауылдық округінің Өрнек ауылында небары 22 адам тұрады, ал Каменкадаға халық саны бұдан да аз. Қызыл Жұлдызда он үй ғана түтін түтетіп отыр. Қарғалы ауылының 21 тұрғынының үшеуі ғана экономикалық белсенді. Аталмыш елді мекендерде мал шаруашылығымен шұғылданып отырған бірнеше қожалықтар бар. Ауыл тұрғындарына қызмет көрсететін әлеуметтік нысандар жоқ. Бұл елді мекендерде өндірісті дамыту жоспарланбағандықтан болашағы жоқ деп танылып отыр. Кеңесте осы ауылдарды тарату жөніндегі ұсыныс айтылды.
Елімізде тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарының шекті деңгейі отбасының жиынтық табысының 7-20 пайызы мөлшерінен асып кеткен жанұялар тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар екендігі белгілі. Биылғы жылдың маусым айында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, соған орай тұрғын үй көмегін алуға өтініш беру мен құзыретті мекеменің оны жүзеге асыру тәртібі де өзгерді. Жиын барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова енгізілген өзгертулермен таныстырды.
Риддер қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан «Лениногорский демалыс үйінің» атауы Лесное ауылы болып өзгертілді. Бұл жөнінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов мәлім етті. Демалыс үйінің жаңа атауын бекіту жөніндегі ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Кеңес барысында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, ұсыныстар енгізілді.