Қазақстан • 11 Қазан, 2017

Азиялық ядролық кооперация форумының 18-ші кеңесі өтті

377 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Азиялық ядролық кооперация форумының министрлер деңгейіндегі 18-ші кеңес өтті. Жиынға әлемнің бірқатар елінен келген министрлер мен ірі лауазымды тұлғалар қатысты. Кеңесте қоршаған ортаны қорғау барысында ядролық ғылым мен технологияларды қолдану жөнінде сөз болды.

 

Азиялық ядролық кооперация форумының 18-ші кеңесі өтті

Іс-шараға қатысқан Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөзіне сай, кеңестің жұмысы ең әуелі ядролық өнімдерді бейбіт мақсатта қолдануға бағытталған. Ведомство басшы мұндай форумдардың ядролық медицина және ауылшаруашылығына жаңа әдістемелерді енгізуге көмектесетінін айтады. Сондай-ақ, министр жиынның ядролық қаруды таратпауға және ядролық технологиялардың озық үлгілерін меңгеруге тигізер пайдасына тоқталып, Қазақстанның атом энергиясын бейбіт түрде қолданатынын мәлімдеді.

«Қазақстан Азиялық ядролық кооперация форумының құрамына 2010 жылдан бері мүше. Содан бері еліміз ұйым жұмысына белсене қатысып келеді. Біз атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану бойынша әлемдегі қоғамдастықтармен әріптестік орнатуға мүдделіміз», – деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар, журналистерге берген сұхбатында Энергетика министрі еліміздегі уран өндірісінің даму бағытына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көш бастап тұрса, «Қазатомпром» компаниясы мен оның еліміздегі әріптестері шығарған радиоактивті элементі әлемдік нарықтың 40 пайызын құрайды. Қ.Бозымбаев келешекте Қазақстан атом станцияларында қолданатын өнімді өзімізде шығаруға талпынатынын уәде етті.

Кеңес жұмысына қатысқан Жапония атом энергиясы жөніндегі комиссиясы төрағасы Йошиаки Ока атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың тиімділігін сөз ете келе, ядролық технология мен электростанциялардан Жапонияның бас тартпайтынын жеткізді.

«Биылдан бастап Жапония ядролық технологияны қолдану жөнінде жаңа стратегия бекітті. Бұл бағыт аталған салаға қатысты елдегі негізгі құжат болып саналады. Жапония ядролық технологияның қауіпсіздігін нығайту мен халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудың адамзатқа тигізер пайдасы мол екеніне сенімдімін. Сондықтан, Астанада өтіп жатқан форум жарқын болашаққа жол ашатыны анық», – деді Й.Ока.

Биылғы Кеңес жұмысын Энергетика министрлігі, Жапония атом энергиясы жөніндегі комиссиясы және Жапония министрлер кабинетінің хатшылығы ұйымдастырып отыр. Шараға форумға мүше 12 елден арнайы меймандар келген. Жалпы, ұйым 2000 жылы Атом энергиясы жөніндегі комиссиясының бастамасымен Азия және Тынық мұхиты елдері арасында ядролық және радиациялық технологияны тиімді пайдалану жөнінде әріптестік орнату мақсатында құрылды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»