«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген атаумен таныстырылған заң жобасы Қарулы Күштердің, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін баспанамен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруге бағытталған. Әскери қызметшілердің әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында аталған құжатқа елеулі өзгерістер енгізілген. Атап айтқанда, әскери қызметшілерді тұрғын үйді жалдағаны үшін өтемақы төлеу жүйесінен тұрғын үй төлемдері жүйесіне ауыстыру ұсынылады. Сондай-ақ, 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары 10 және одан артық мерзімді құрайтын барлық әскери қызметшілер үшін 20 жыл әскери қызметін өткергеннен кейін қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіру құқығы қайта қалпына келтіріледі.
«Егер қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын болса, өтеусіз жекешелендіру құқығы баспана құны көлемінде өтеледі. Ал әскери қызметшіге зейнеткерлікке шыққанға дейін санаулы жыл қалса, сол уақытта төленетін тұрғын үй төлемдері баспана сатып алуға жетпейді. Сондықтан да заң жобасы бұл санаттағыларға зейнеткерлікке шыққан кезде баспанаға мұқтаж болған бұрынғы бүкіл кезеңіне тұрғын төлемдерін есептеп, біржолғы аудару қарастырылады. Яғни, әскери қызметшілердің де түйткілді мәселесі тасада қалмай, шешімін табады деген сөз», деді Т.Мұхтаров.
Сонымен қатар министрдің орынбасары өзге өңірге жіберілген, бірақ бұрынғы орнында ипотекалық несие рәсімделген әскери қызметшіге тұрғын үй төлемі қалай төленетіндігін де түсіндіріп берді.
«Ротацияланатын әскери қызметшілердің төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында олар үшін ипотекалық келісімшарт рәсімделген өңірдегі тұрғын үй төлемдерінің сомасы бұрынғы көлемде сақталады. Сол сияқты әскери қызметшіге ол баспанасын жалға беріп, түскен қаражатқа жаңа қызмет орнында тұрғын үй жалдап тұруына да құқық беріледі», деді ол.
Министр орынбасарының айтуынша, ұсынылып отырған модельді жүзеге асыру үшін 2018 жылға қажет болатын қосымша қаржыны Республикалық бюджеттік комиссия мақұлданған. Сондықтан да тұрғын үй төлемдері баспанаға мұқтаж әскери қызметшілерге әскери қызметте болу мерзіміне қарамастан, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, уақытша тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес аударылатын болады. Мұнымен қоса, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ақшалай өтемақы төлеу қарастырылған. Сол сияқты қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспана мәселесі түпкілікті шешіледі деп жоспарланған.
«Осы заң жобасы арқылы Қарулы Күштердің және барлық күш құрылымдары органдарындағы баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал етеді деп күтілуде. Аталған әскерилердің отбасы мүшелерін қоса алғанда, халқымыздың үлкен бір бөлігі толығымен баспанамен қамтылады деп сенім артуға болады», деді Т.Мұхтаров.
Осы орайда, жатақханалар мен жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында немесе өзге де жабық нысандарда орналасқан қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін тиісті төлемдердің 50 пайызы мөлшерінде жүргізілетіндігін де айта кеткен жөн. Ал 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғын жаймен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген бүкіл кезеңге тұрғын үй төлемдерін алу құқығына иелік етеді.
Осы күнгі жалпы отырыс аясында депутаттар «Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» Заң жобасын да мақұлдады. Инвестициялар және даму министрі таныстырған жаңа жобаға енгізілген өзгерістер «Жетібай–Жаңаөзен» жолының ұзындығы 73 шақырым болатын қосымша учаскесін іске қосуға бағытталған. Бұл «Жетібай–Жаңаөзен–Фетисов–Түркменстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолын реконструкциялау арқылы Ресей Федерациясы мен Түркменстан Республикасына шығу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, біздің елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»