Қазақстан • 11 Қазан, 2017

Латын әліпбиі - жетілдірілген нұсқа көкейге қонады

642 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт тағдырына жаны ашитын қауым «латын әліпбиіне көшеміз» дегелі бері қобалжып, өз пікірін айтуда. Мұның өзі әліпби таңдау секілді ұлт үшін өте маңызды мәселеге зиялылар немқұрайлы қарай алмайды деген сөз ғой.

Латын әліпбиі - жетілдірілген нұсқа көкейге қонады

Жаңалықты бірден қабылдау – оңай шаруа емес. Осындайда біз ұлыларға сүйенеміз. Олар не дейді? Сұлтанмахмұт «Заманның өзгергенін сезбеудің өзі – надандық» деп айтқан екен. Ендеше заман өзгерді екен, уақыт өзгерді екен, тарихтың талабы солай екен, ұрпақтың болашағы үшін ойлануға тура келеді. Сол жолда қателеспесек екен деген үміт тұрады. 

Латынға көшу ойланып-толғанып жасалып жатқан мәселе ғой. Ол біздің түп-тамырға оралуымыз. Ол біздің әлемдік мәдениеттің жетегіне еруіміз. Жасыратыны жоқ, латын бізге әлемдік мәдениетке қатар қадам басуымыз үшін қажет. Өйткені бүгінгі компьютер тілі, шетелдің тілін үйрену де осыған байланысты. Бәлкім біз латын әліпбиін меңгеру арқылы шетелдің шығармасын орыс тіліне қашан аударып береді деп күтіп отырмай, түпнұсқадан оқырмыз. Соның өзі болашаққа үлкен қадам – бәлкім қателігі, бәлкім батылдығы бар бір қадам шығар. Мен өз басым соңғы нұсқаны – төл дыбыстарымызды қос әріппен емес, қосымша белгі қою арқылы таңбалағанын ұнаттым. Бұған келісемін. Өз пікірімді айтсам, алдыңғы нұсқаға қарағанда, осы әліпби көңіліме қонады.

Әліпби туралы айтқанда көңілге күдік тудыратын екінші бір мәселе бар. Біз бір мемлекетте отырып, екі әліпбимен қалсақ, ол тағы да екіге бөлінуге, екі пікірге, екіге жарылуға шақырайын деп тұр. Сондықтан бұл мәселеде әбден ойлансақ. Мүмкін мектептің барлығына да латынды кіргізу керек шығар. Бір мемлекет, бір мәдениет, бір тіл, бір үміт, бір арман болатын болса, бұл жерде ұлтқа қарамау керек. Бірнеше ұлттан құралатын мемлекеттер бір әліпбимен, бір тілмен жұмыс істеп жатыр ғой. Қазақ даласы екенбіз, ұлы дала екенбіз, ұлы мәдениетіміз бар екен, ұлы ісіміз, дәстүріміз бар екен, ендеше соны сыйлайтындар бұл әліпбиді барлық мектепте бірдей оқуы керек. Бұл – менің пікірім. 

Егер біз әліпби реформасынан орыс мектептерін бөліп тастасақ, келесі оқу жылында көбі орыс мектебіне кетеді. Өйткені әлі ана тіліне оралмаған ұрпақ өз баласын кириллицамен оқытады да, оңай жолын іздеп отырады. Ендеше біздің әкелген әліпбиіміз азғантай ғана топтың үлесіне тиіп, тағы айқай-шу болады. Бұл тек қазақ ұлтына керек нәрсе емес қой, латын әліпбиі мемлекетке біртұтас керек! Сондықтан бұл мәселеде біз елдегі диаспоралармен ақылдасайық. Бір мемлекетте – бір заң, бір мәдениет, бір ұстаным болуы керек деп ойлаймын. Менің пікірім осындай. 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, халықаралық
«Алаш» сыйлығының лауреаты

Орал

Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника дамыған сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық болып табылады. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, баяуламайды. Ал кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру да оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің де қазіргі кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп, тез қабылдай қоймауы мүмкін.

Латын әліпбиіне көшсек жұртшылық кірме сөздерді қазақы қылып жазып, қазақы оқып кеткенін өздері де байқамай қалар еді. Сондықтан тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесуіне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедергі келтіретін ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыруға мүмкіндік келді. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол – латынға көшу.

Бұл жазу елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни оның болашағы зор.

Айгүл МАДЬЯРОВА, 
Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған «Білім-инновация»
лицей-интернаты ата-аналар комитетінің төрайымы