«Известия» газетінде жарияланған мақаласын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің жаңа тарихымыздағы екі елеулі оқиғаны еске алудан бастаған екен. Оның біріншісі – 1991 жылдың 21 желтоқсанында бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалар бірінші басшыларының Алматыда бас қосып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) туралы Алматы Декларациясын қабылдауы – яғни, жаңа дәуіріміздің алғашқы күндері болса, екіншісі – алдағы 2012 жылдың 1 қаңтарында жаңа жоба – Біртұтас экономикалық кеңістіктің (БЭК) құрыла бастауы.
Осы екі кезеңде не сыр жатыр? Екі аралықта қандай құбылыстар мен өзгерістерден өттік? Неден бастадық? Неден сақтандық? Қандай жетістіктерге жеттік деген сияқты толып жатқан сұрақтарға осы мақала егжей-тегжейлі талдау жасайды.
Бірі – өткен жолымыз. Екіншісі – өтер жолымыз.
Өткен жиырма жылда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамашылдығымен, нақты ұсынысымен құрылған ТМД бұрынғы кеңестік кеңістіктегі республикалардың өзара түсіністікпен, қайшылықсыз, қақтығыссыз Орталықтан бөлініп, өз жолдарын таңдауына шешуші ықпал еткені осы мақалада айқын айтылған. Сондай-ақ атаулы мақалада ТМД құрылысының атқарған қызметіне, оның тарихи рөліне адал баға берілген.
Осынау күрделі де өте шұғыл оқиғалар мен кереғар пікірлерге, әртүрлі ұсыныстарға толы қарбаласы мен қайшылығы мол кезеңге түгелдей өзінің қатынасуымен, жәй ғана қатынасу емес, батпандай жауапкершілікті именбестен өз иығына артып, ұтқыр ұсынысымен, ұтымды сөзімен халықаралық дәрежедегі мемлекеттік қайраткерлігімен тер төккен Қазақстанның Тұңғыш Президенті сараптама жасап, оқушылармен ой бөліседі. Сол қым-қуыт оқиғалардың ең қауіптісі ұлттар арасындағы қайшылықтың туындап кету ықтималдығы еді. Оның үстіне дәл Кеңес Одағы ыдырардың алдындағы Кавказдағы, Балтық жағалауындағы, тағы басқа жерлердегі қақтығыстар ондай қауіпті үдете түсіп еді. Сол жағдайлар, жалпы саяси ахуал мақалада нақты көрсетілген. Бұрынғы алып империяның құлауынан туындаған жаппай экономикалық, саяси дағдарыс салдарынан тұтанып кетуге шақ қалған азаматтық қақтығыстардың жайылмауына алдымен мән беріп, әріптестерінің назарын аударған да біздің Елбасының ТМД-ны құру жөніндегі маңызды жобасы еді.
Өткен жиырма жылда біздің еліміз бұдан бұрынғы тарихымызда ғасырлар бойы армандаған экономикалық даму мен рухани өркендеуге қол жеткізе алды. Соның арқасында біздің «қазақ» деген ұлтты әлем танып, мойындады. Бізбен санасатын болды. Бұл, сөз жоқ, ұлы жеңіс, ұлы жетістік.
Мақала мазмұны тек өткен тарих емес, болашаққа деген стратегиялық жобасымен қуаттанған. Н.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның ұзақ мерзімде өркендеп, әлемдік қоғамдастықта бәсекелестікке лайық мемлекет болуының қамында қомақты жобалар ұсынғанына мән бере келіп, дәл осы еңбегінде өзінің Еуразиялық Одақ идеясына айрықша тоқталғаны өте маңызды. Бұл – қажет. Қоғамдық санаға қажет. Өйткені, сонау 1991 жылмен салыстырғанда бүгінгі қоғам мүлдем басқа қоғам. Біз қазір бұрын-соңды болмаған геосаяси кеңістікке, түбегейлі жаңа дүниетанымдық кеңістікке кірістік.
1994 жылдың наурызында Нұрсұлтан Әбішұлы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі зиялылар алдында сөйлеп, тұңғыш рет өзінің Еуразиялық Одақ жобасын жария еткенде, оның мән-мағынасын әлі көп елдер, тіпті саясаткерлер бүгінгідей түсініп, қабылдауға жете қоймаған еді.
Мақала авторы сол мезеттен бастап Еуразиялық Одақ жобасы жөнінде осы жылдар бойына дамылсыз, толассыз ізденіп, осыған байланысты қандай да құрылымдардың қажеттігін мейлінше түсінікті етіп сараптаған. Еуразия Одағы – халықтар арасын жақындастырып, өзара түсіністікті өркениеттің жаңа баспалдағына көтеретін мүмкіндік, еркін одақтастық арқылы азаматтық қоғамның сапасын қалыптастыратын стратегиялық жоба екендігін қазір көп адамдардың, саясаткерлердің, интеллектуалдардың қолдап жатуы да қоғамның жаңа көрсеткіші.
Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық Одақ жобасының жалаң идея емес екеніне, күнделікті өміріміздегі тұрмысымыздың сұранысымен, адамдардың ізгілікке, тыныштыққа, жасампаздыққа бейімдігін, ұмтылысын ынталандыру арқылы келетін жоба екеніне жан-жақты талдау жасаған. Осыған байланысты Кеден одағының қыр-сыры да ашық, алақандағыдай көрінеді. Әрине, бұл жоба жеңіл жұмыс емес. Оның жолы да оңай бола қоймасы хақ. Бірақ мемлекетіміздің, еліміздің ертеңі, болашаққа, дүниежүзілік қоғамдастықта бәсекелестікке лайық болып, еркін жүрудің кепілі екені Президент еңбегінде түсінікті жазылған.
Мақаланың өне бойында Еуразиялық Одақ идеясының өміршеңдігі нақты мысалдармен, тұғырлы тұжырымдармен тиянақталған. Өткен жиырма жылда мақала авторы – Мемлекет басшысы өзінің әуелгі ой-пікірін, жаңа жобасын жетілдіру мақсатында бірде-бір жыл текке кетпегенін, ойға бастама, бастамаға нақты әрекет, көрнекті жұмыс жалғасқанын оқырманының көз алдына тізбектеп, бұлтартпас дәлелдерін келтіреді. Осы бағытта сараптамаға салынған Еуро Одақтағы, басқа да өркениетті мемлекетаралық қарым-қатынастар тек қана қызығушылық туғызып қоймайды, оқырманын сендіріп, мүдделілігін нықтай түседі. Мақала – болашақ өркениетті Одақтың тамаша тартымды Жобасы. Осы ғасыр Жобасының авторы біздің Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігі Қазақтың мәртебесін әлемдік дәрежеге көтеріп-ақ тұр.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.