Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты кез келген ақпарат бөлекше қызығушылық тудырады. Кеше Президенттің «Известия» газетіне шыққан мақаласы туралы естідім. Қолыма газет түскенше шыдамым жетпей, «Известия» газетінің сайтынан Нұрсұлтан Әбішұлының мақаласын қызыға оқып шығып, өз пікірімді білдіріп отырмын.
Жаһандану – ХХІ ғасырдың негізгі нақтылығы. Объективті экономикалық факторлар оның базистері болды. Соның ішіндегі ең бастысы – әлемдік рыноктың дамуы. ХІХ ғасырда пайда болған «кәсіпкерлік еркіндігі» идеясы ХХ ғасырдың 80-жылдары «нарықтық фундаментализмге» (Сорос), яғни жаһандануға айналып, нарықтық құндылықтарды саяси және қоғамдық құндылықтардан жоғары қоюға апарып, кез келген ұжымдық шешімдер қабылдау тетіктерін жоққа шығарады.
Бүгінгі күні Батыстың экономикалық экспансиясына сүйенген жаһандану барлық шекараларды жойып, тамаша ұлттық құндылықтарды түгел жұту кезеңіне шығып тұр. Бүкіләлемдік алаңдаушылықты дөп басқан Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әлемдік қоғамдастықты осы заманғы капиталистік жүйенің тереңге кеткен кем-кетіктерін жүйелі түрде іздеп, дүниежүзілік катаклизмдердің бетін қайтаруға шақырады. Президенттің пайымдауынша, қазір дүние жүзі әлемдік экономиканың, саясат пен жаһандық қауіпсіздіктің радикалды жаңа, басқаша құрастырылған үлгісін жасаудың қарсаңында тұр. Әлем көпполярлылыққа аяқ басуда. Экономикалық дамудың бүгінгі сипаты болып отырған жаһандану үдерістері халықаралық құқықтың шеңберіндегі саяси-құқықтық реттеуішке бағынуы керек. «Сондықтан, деп атап өтті Елбасымыз өзінің «Дағдарыстың кілті» атты мақаласында, тұрақты даму мен гүлдену мәселелері барлық әлемдік саяси және экономикалық органдардың, саммиттер мен форумдардың күн тәртібіне енгізілуі керек. Жаһандық проблемаларды жеке-жеке еңсеру өте ауыр, тіпті мүмкін емес. Сондықтан да біз аймақтық та, ғаламдық та интеграцияларды қолдаймыз».
Осы постулат жаһанданудың негізі болып табылатын құндылықтарды қайта бағалауды талап етеді. Ал бұл осы заманғы адамның болмысын радикалды түрде өзгертетін жаңаша ойлау, халықаралық қатынастардағы жаңа мәдениет болып табылады.
Еуразияшылдық әлемдік тарихтағы екі ғаламдық фактор, яғни большевиктік төңкеріс пен батыстық үлгідегі мәдениеттің дағдарысына қарсы туған шығармашыл реакция екендігі белгілі. Бүгінгі күні ол батыстық үлгідегі жаһандануға қарсы тұра алатын рухани балама болып тұр. Ол Еуразия халықтары ғана емес, болашақта барлық адамзатты біріктіре алатын берік іргетас болмақ.
Бейбіт МАМРАЕВ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы.