Аймақтар • 13 Қазан, 2017

Өз міндеттеріне салғырт қараған лауазымды тұлғалар жазаға тартылды

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаһарлы қыс қылышын сүйретіп келмей жатып облыс орталығында жы­лу жүйелері сыр бере бастады. Атап айт­қанда, Мир және Крепостная көшелері қиы­лысындағы құбыр жарылып, ыстық су­дан пайда болған щұңқырға екі жеңіл кө­лік құлаған.

Өз міндеттеріне салғырт қараған лауазымды тұлғалар жазаға тартылды

Төрт балабақша мен 8 мектеп, 16 қабатты тұрғын үй жылусыз қалған. Бұдан тысқары үш шағын ауданда осындай келеңсіз оқиғалар тіркелген. Орын алған төтенше жағдайдан кейін облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев, қала әкімі Марат Тасмағанбетов, «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің бас директоры Игорь Рыбас шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, қысқа әзірліктің ойдағыдай өтіп жатқанын хабарлап, тұрғындарды сабырға шақыруға, тыныштандыруға тырысты.

Олардың мәліметтеріне қарағанда, жылу беру 25 қыркүйектен басталып, 1061 көп қабатты тұрғын үйдің 732-сі жылу жүйесіне қосылған. Жылу электр орталығына 226 мың тонна көмір мен 572 тонна мазут қоры жинақталған. Брифингте жер астындағы жылу жүйесі магистралының зақымданып, жолдың аяқ­­асты опырылып түсуіне қысымның кө­бейтілгені басты себеп ретінде алға тартылды. Қысым дәстүрлі 40 градустан 74 градусқа дейін көтеріліп, салдарынан құбырлардың осал тұстары сыр берсе керек. Серіктестіктің қызметін 68 мың жеке сектор мен 2224 өнді­рістік, бюджеттік, коммерциялық абоненттер тұтынады. Алайда  Еуропа қайта құру және даму банкінен 4,5 миллиард теңге несие алғанына, «Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша мемлекеттік демеуқаржы берілгеніне қарамастан жылу тарататын тораптың 80 па­йыздайы күрделі жөндеуді қажет етеді.

 Десек те, облыс әкімдігінде өткен отырыста аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жылыту маусымына дайындықтың сын көтермейтінін атап көрсетті. «Жас өркен» шағын ауданы, Жамбыл көшесі, Жастар сарайы, «Сокол» сауда үйі маңындағы көп қабатты тұрғын үйлер, «Ивушка», «Солнышко» балабақшалары жылусыз­ отыр. Тиісті басшыларға сақадай-сай әзір­лік шараларын 1 қазанға дейін аяқ­тау жүктелгенімен, жылу кестеден ке­шіктіріліп берілген. Бірқатар шағын аудан­дарда қалыпты температуралық ре­жім жоқ. Магистральды құбырлар ги­­дра­вликалық сынақтарға төтеп бе­ре­ алмаған.

Қаражат шілде айында қол­дарыңызға тиді. Жұмысты екі ауысымда ұйымдастыру неге талап етілмеді? Әр­ үйге жылу беру кестесінің түрліше құ­рылуы да түсініксіз. Синоптиктердің қыс­тың ерте түсетіні жайлы ескертуіне құлақ ас­паудың, жалған сөйлеудің ақыры осындай келеңсіздіктерге соқтырып отыр, дей келіп, Құмар Іргебайұлы жылыту маусымына тиісті бақылау жүргізбегені және дайындық жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін орынбасары А.Федяевке, қала әкімі М. Тасмағанбетовке сөгіс жариялады. Облыстық энергети­ка және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қат­қадамовқа қызметіне толық сәйкес еместігі ескертілді.

Отырыста Ғ.Мүсірепов ауданында­ көп қабатты үйлерден қазандықтарды сырт­қа шығару сылбыр атқарылып жат­қа­ны, Тимирязев ауданында бюджеттік ұйым­дар көмірмен толық қамтылмағаны, Сергеевка қаласында мәдениет үйіне жы­лу қазандығы әлі орнатылмағаны атап көр­сетіліп, олқылықтарды шұғыл түзету мін­деттелді.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы