Төрт балабақша мен 8 мектеп, 16 қабатты тұрғын үй жылусыз қалған. Бұдан тысқары үш шағын ауданда осындай келеңсіз оқиғалар тіркелген. Орын алған төтенше жағдайдан кейін облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев, қала әкімі Марат Тасмағанбетов, «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің бас директоры Игорь Рыбас шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізіп, қысқа әзірліктің ойдағыдай өтіп жатқанын хабарлап, тұрғындарды сабырға шақыруға, тыныштандыруға тырысты.
Олардың мәліметтеріне қарағанда, жылу беру 25 қыркүйектен басталып, 1061 көп қабатты тұрғын үйдің 732-сі жылу жүйесіне қосылған. Жылу электр орталығына 226 мың тонна көмір мен 572 тонна мазут қоры жинақталған. Брифингте жер астындағы жылу жүйесі магистралының зақымданып, жолдың аяқасты опырылып түсуіне қысымның көбейтілгені басты себеп ретінде алға тартылды. Қысым дәстүрлі 40 градустан 74 градусқа дейін көтеріліп, салдарынан құбырлардың осал тұстары сыр берсе керек. Серіктестіктің қызметін 68 мың жеке сектор мен 2224 өндірістік, бюджеттік, коммерциялық абоненттер тұтынады. Алайда Еуропа қайта құру және даму банкінен 4,5 миллиард теңге несие алғанына, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мемлекеттік демеуқаржы берілгеніне қарамастан жылу тарататын тораптың 80 пайыздайы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Десек те, облыс әкімдігінде өткен отырыста аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жылыту маусымына дайындықтың сын көтермейтінін атап көрсетті. «Жас өркен» шағын ауданы, Жамбыл көшесі, Жастар сарайы, «Сокол» сауда үйі маңындағы көп қабатты тұрғын үйлер, «Ивушка», «Солнышко» балабақшалары жылусыз отыр. Тиісті басшыларға сақадай-сай әзірлік шараларын 1 қазанға дейін аяқтау жүктелгенімен, жылу кестеден кешіктіріліп берілген. Бірқатар шағын аудандарда қалыпты температуралық режім жоқ. Магистральды құбырлар гидравликалық сынақтарға төтеп бере алмаған.
Қаражат шілде айында қолдарыңызға тиді. Жұмысты екі ауысымда ұйымдастыру неге талап етілмеді? Әр үйге жылу беру кестесінің түрліше құрылуы да түсініксіз. Синоптиктердің қыстың ерте түсетіні жайлы ескертуіне құлақ аспаудың, жалған сөйлеудің ақыры осындай келеңсіздіктерге соқтырып отыр, дей келіп, Құмар Іргебайұлы жылыту маусымына тиісті бақылау жүргізбегені және дайындық жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін орынбасары А.Федяевке, қала әкімі М. Тасмағанбетовке сөгіс жариялады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамовқа қызметіне толық сәйкес еместігі ескертілді.
Отырыста Ғ.Мүсірепов ауданында көп қабатты үйлерден қазандықтарды сыртқа шығару сылбыр атқарылып жатқаны, Тимирязев ауданында бюджеттік ұйымдар көмірмен толық қамтылмағаны, Сергеевка қаласында мәдениет үйіне жылу қазандығы әлі орнатылмағаны атап көрсетіліп, олқылықтарды шұғыл түзету міндеттелді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы