«Служебный» шал
Жұмабек Жанділдин – қазақ журналистикасында экономика тақырыбындағы мақалаларды терең зерттеп, батыл болжамдар жасап, осы сала мамандарының өзімен пікір таластыра алатын сауатты журналистердің бірі. Ол қырық жыл бойы қолынан қаламын тастамай, бұрқырата мақала жазып, қаншама сұхбат жасап келе жатса да диктафонды пайдаланбаған журналист. Барлық деректер мен дәйектерді жадында сақтайды. Оның тағы бір ерекшелігі – аударманы өте жылдам әрі сауатты жасайды. Ол жасы біразға келсе де әзілді дұрыс түсіне біледі. Сондықтан да редакция қызметкерлері онымен жиі-жиі әзілдесіп тұрады.
Бірде газеттің әлдебір жұмысымен жазушы-сатирик Ермахан Шайхыұлы Жұмекеңді іздеп, ішкі телефонмен экономика бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Тәжиеваға хабарласады.
– Гүлнар, шалың қайда? – дейді әй-шайға қарамай. Қапелімде сасып қалған Гүлнар:
– Шалым үйде. Оны қайтейін деп едің? – дейді.
– Жоқ, ол емес.
– Енді менде басқа шал жоқ. Бізді еркек дейсіңдер ме қос-қостан ұстайтын.
– Әлгі «служебный» шалыңды айтам, Жұмабек Жанділдин! – деген екен Жұмекеңнің Гүлнардың қол астында істейтінін астарлап.
«Өздері алып кетеді»
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейді қазақ. Ал енді бұл әзіл жеңге мен қайны арасында айтылса, тіпті жарасып тұрады. «Айқын» газетінің корректоры Бағдат апай мен Ермахан – сондай әзілі жарасқан жеңге мен қайны.
Бір күні Бағдат апай әлдебір шаруалармен анықтама алмақ болып жындыханаға баруға тура келеді. Бірақ ол мекеменің қай жерде екенін білмейді екен. Содан ұжымдағы бір-екі адамнан сұрастырып көреді. Олар білмейтін болып шығады. Дәл сол кезде сап етіп Ермахан келе қалады.
– Қайным-ау, жындыхана қайда өзі? – дейді Бағдат апай сауалын төтесінен қойып.
– Жайшылық па, жеңеше? – дейді Ермахан қуақылана күліп.
– Керек болған соң сұрап тұрмын да, – дейді Бағдат апай да күлкінің көрігін үрлей түсіп.
– Бәсе, соңғы кезде сол жердің тұрғындарына ұқсап жүр едіңіз, – дейді Ерекең де қайтпай.
– Қысыр сөзді қайтесің, қайным! Одан да жаңағы жындыхананың мекен-жайын айт, – дейді жеңгесі.
– Жындыхана мынау Орбитада ғой.
– Оның қай жерінде?
– Каблуков көшесінде.
– Оны қалай табам, қалай барам?
– Оны сізге табудың қажеті жоқ.
– Неге?
– Сол жерге барып айқайласаңыз болды, өздері келіп алып кетеді, – деген екен Ермахан.
Бану ШАЛОВА
Алматы
Ішің білсін әлуәй
Сақалын сатқан Сынбайды,
Қандай адам тыңдайды,
Қолдан келер өнері,
Өсек-аяң жинайды.
Тегі жаман адамнан
Текті дүние тумайды,
Текті туған адамдар,
Ағаттық іс қылмайды.
Ильичті теңеп тәңірге,
Жас буынды улайды,
Дінімізді былғаса,
Ортадан неге қумайды.
Бұрын-соңды өмірде,
Көрмегем екен мұндайды,
Үй ішінен үй тігіп,
Өз-өзінен шулайды.
Көпке шашқан топырақ,
Жалғыз қалып сорлайды,
Әйт, әйт, – деп айтақтау,
Біреулерге ұнайды.
Бала түгіл қасында,
Бірге тұрмайды жұбайы,
Өмір бойы жазғаны,
Пышаққа сап болмайды.
Оқып алып біреудің,
Идеясын ұрлайды,
Тоты құстай қайталап,
Бұрынғысын жырлайды.
Мың жасайтын адамдай,
Айылын неге жимайды,
Өзін-өзі тыраштап,
Шабан аттай қинайды.
Өмір бойы үйіне,
Тірі пенде қонбайды,
Алтын балық болсаң да,
Ұстап ап біреу тұздайды.
Жалған айтқан оңбайды
Сахана да ән салса,
«Жұлдызбыз», – деп сайрады,
Қыранмын, – деп біреулер,
Құзғынның кейпін сомдайды.
Тышқан бөрік боясаң,
Құндызбыз, – деп қоймады,
Саудагердің ешқашан,
Көмейлері тоймайды.
Өзіне-өзі ат қою,
Қазаққа әсте болмайды,
Кісі алдауды үйреткен,
Көрерсің түбі оңбайды.
Қазыхан ӘШЕ
Алматы
Мұндай да болады...
Ескертпе:
«Өрт шықты деп жалған мағлұмат берушілерге 10 мың, бұзақылық болып жатыр деп полиция шақыртқанға 20 мың, жөн-жосықсыз жедел жәрдем келтірткенге 30 мың теңге айыппұл салынады. Ал үшеуін бірдей жалған шақыртқанға 40 пайыз жеңілдік жасалады».
– Шат-шәлекей ашуланып, теріме сыймай тарс кетіп үйден атып шықтым. Аулада жүріп ашуымды басып біраз жүрдім де, үйде бір өзім ғана тұратыным есіме түсіп кері оралдым.
Бір телебағдарлама үш миллиард жылдан соң жер бір алып планетаға соғылып күл-талқан болатынын дәлелдеп бақты... Көріп болып: осы мен пәтер алуға кредит алсам ба, алмасам ба деген ойда қалып отырмын?..
Мотоцикл жүргізушісі қарсы алдынан соққан желге тосқауыл болсын деп күртешесінің алдын артына қаратып киіп алып желдей есіп келе жатып тоңқалаң аса құлайды.
Оқиғаны көрген куәгер полицияға былай деп болған оқиғаны баяндаған екен:
– Басында дем шығып тірі екені білінген. Содан басын бұрап орнына келтіріп едім... дымы шықпай қалды...
Археологпен болған әңгіме.
– Мына тас балтаға қанша жыл?
– Шамамен 8-10 мың жыл.
– Оны қалай білдіңіз?
– Қарапайым ғана. Бұл тас балта бұдан 8-10 мың жыл бұрынғы топырақ қыртысынан табылған болатын.
– Ал топырақ қыртысының жылын қалай анықтадыңыздар?
– Бұдан 8-10 мың жыл бұрынғы тас балта осы топырақ қыртысынан табылды емес пе?..
Біреуге – мал қайғы, біреуге – жан қайғы
Құдай басқа салған соң бәріне де көнеді екенсің. Ішіне кірмек тұрмақ атын атауға қорқатын ауруханада жатқаныма бір айдай уақыт болып қалды. Осыдан бір апта бұрын жанымдағы көршім енді қайтып оралмайтын сапарға кете барды. Көзі тірісінде жақын туған-туыстары көңілін сұрап кіруге жарамаған еді, ол кісі қайтыс болысымен қаптап кетті. Қателіктерін кеш түсініп қабырғасы қайғыдан қайысып жүр ме десем, гәп басқада болып шықты. «Құдай сыбырлағанды да естиді» демекші, шалдың артында біраз ақша, дүние-мүлік қалса керек. Жарықтық бар дүниеге ие болатын бір де бір жақынына мұрагерлік хат қалдырмапты.
Онсыз да мәз болмай жүрген көңіл-күйім өзінен-өзі құлазып, тысқа шықпақ болып дәрігерлер отыратын бөлменің жанынан өте бергенімде мені емдеп жүрген доғдырдың: «Кешегі өлген шалдың көршісінің де жағдайы онша мәз емес, әй, ұзаққа бара қоймас» деген сөзін естіп қалып, жүрегім зірк ете қалды. Біреу басымнан балғамен соғып қалғандай болып, мең-зең күйде палатама қайта оралдым. Дәл қазір өлетіндей қай-қайдағы жайлар ойыма келді. Тірі пенде болған соң, әлде қандай заман бола қалса әжетіме жарар деп депозитке салып қойған 20 мың көк қағазым бар еді. «Төрімнен гөрі көрім жақын қалды, әлгі доллардың о дүниеде керегі шамалы, көзімнің тірісінде әйелім және ұл мен қызыма теңдей етіп бөліп берейін» деген тоқтамға келіп, ертесіне жақындарым мен нотариусты шақырдым.
– Күлпаш, – дедім құшақтасаң құшағың жетпейтін әйеліме бұрылып, – кеше бір жаман түс көрдім, талқанымның таусылып келе жатқанын өзім де іштей сеземін.
Кемпір, жас кезімде ептеп серілік құрғаным болмаса екеуміз жаман өмір сүрген жоқпыз, ұлымыздың екі рет үйленгені, қызымыздың үш рет күйеуге шыққаны болмаса, жағдайлары жаман емес, екеуі де майлығы мен шайлығы көп қызметте, бастарында үйлері, астыларында қымбат көліктері бар. Менің арқамда сен де не ішемін, не киемін деген жоқсың. Екі қабатты үй, әлгі тілім келмейтін қымбат шетелдік машина да сенің атыңда. Екеуміз қырық жыл бірге тұрсақ та, сені қазақ ете алмадым, орысша шүлдірлегеніңді сен де қоймадың.
Бұл дүниедегі ең үлкен өкінішім сол. Өкін, өкінбе, өмір осылай өтті. «Көршіңнің көзі соқыр болса – бір көзіңді қысып жүр» демекші, менің де қазақшылығым шамалы, жарты тәуліктік жердегі туған ауылыма бармағаныма он жыл өтіпті.
Тізелеп отырсам аяғым сынып қалатындай болып намазға да жығылмадым, мешітке сирек бас сұқтым. Жасаған күнәм болса, о дүниеде Жәбірейіл сазайымды жақсылап берер. Анау-мынау боп жатсам табытқа салып жүрмеңдер, мұсылманша дұрыстап көміңдер.
Сөзімді әйелім түсінсе түсінген болар, ұл мен қызым біресе маған, біресе жанымдағы нотариусқа қарайды.
– Күлпаш, – дедім әйеліме, – бір керегі болып қалар деп біраз ақшаны салатын жерге салып қойғанмын. Оны өзіммен бірге ала кетпеймін. Тозақ тұрмақ пейіште де ақшаның керегі шамалы деп естігем, соны сендерге бөліп берейін деп шештім.
Ұлым мен қызым ақша дегенде елең ете қалысты.
– Жаз, – дедім нотариусқа, – әйелім Қоңқабаева Күлпашқа – 10 000, ұлым Қашқынбаев Миятқа – 5000, қызым Қашқынбаева Долаға – 5000 АҚШ долларын қалдыру жөнінде мұрагерлік хат қалдырамын.
– Папа, – деді ұлым мені құшақтаған болып, – мен жаңа «тачка» алайын деп жүр едім, мамама доллар не керек, маған еш болмаса екі мың қосшы!
– Папуля, – деді қызым мысықтай жылмың-жылмың етіп, – осыдан екі жыл бұрын алған норковый шубам модадан қалып қойды, жаңасын алайын деп едім, маған үш мың қосшы. Мамам бабуля ғой, оған ақшаның керегі не.
– Тапқан екенсіңдер ақымақты! – деп бәйбішем шаңқ ете қалды, – маған ақша неге керек емес, керек! Әкелеріңнің қырқын, жылын кім өткізеді, басын кім қарайтады? Сендерден қайыр жоқ...
Бір ай өтті – өлетін түрім жоқ, екі ай өтті – әлі тірі жүрмін. Басқа түгілі өзім де өлетініме күмәндана бастадым. Аты жаман ауруханада жатқаныма екі ай толғанда мені емдеп жүрген доғдыр үйіме қайтуға рұқсат берді.
– Шырағым, үйде өлгенше осында көз жұмғаным дұрыс болар, – дедім жиналуға онша асыға қоймай.
– Сізді өледі деп кім айтты? – деді дәрігер таңқалып.
– Осыдан бір ай бұрын медбикеге айтып отырғаныңды кездейсоқ естіп қалып едім...
– Ағасы, сүрінбейтін тұяқ болмайды, – деді дәрігер алақанын жайып, – тез жиналып, үйіңізге қайтыңыз.
Сөйтіп, мен өлмей, тірі қалдым. Бүйтіп тірі қалғаны құрысын, қалтамда көк тиын жоқ, айына бір рет алатын азын-аулақ пенсиямды кемпірім қақшаңдап қағып алады.
Қызым шешесінен де өткен сараң, сұра-сұрама, көк тиын бермейді. Одан дәмеленгенше, көшеде кетіп бара жатқан біреуден сұрағаның дұрыс. Қанша дегенмен еркек қой, бейбақ әкесін түсінер деп балама телефон соқтым.
– Миятжан, аз да болса маған қаржы керек болып тұр, көк тиынсыз қалдым.
– Ой, папа, менде ақша қайдан болсын. Сізге сеніп қалып, алайын деп тұрған жаңа тачкадан айрылдым, – деп безектеп қоя берді.
– Кулпашка, – дедім кемпіріме жалынып, – құрдасыммен сыра ішейін деп едім, екі-үш мың теңге бере тұршы! Ей, дорогой, – деді Күлпаш орысшасына басып, – кеше алған пенсияны сұрап иегің қышымай-ақ қойсын, ол капут болған, дүкенге барып басына су құйғанмын. Анау 10 000 долларды айтып тұрсың ба, оны сен өлгенде ғана аламыз. Алғанның өзінде оны өзіңе жаратамын. Қырқыңды, жылыңды өткізу керек, дос бар, дұшпан бар, басыңды қарайту керек. Так что, голову не мороч! Ұмыт сен оны!
Әй, өзіме де обал жоқ. Әлгі аты жаман аураханаға қалай ғана тап болдым екен. Өл, өлме – енді ақша жоқ. Әлде нотариусқа барып, мұрагерлік хатымды бұздырсам ба екен?..
Біреуге – жан қайғы, біреуге – мал қайғы деген осы.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР