29 Қаңтар, 2010

ҚАЙРАТКЕРЛЕРГЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

1252 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі №369 “Мәдениет саласында мемлекеттік стипендиялар тағайындау туралы” Жарлығына сәйкес әдебиет пен өнердің 50 қайраткеріне еліміздің бюджетінен мемлекеттік стипендиялар беріліп келеді. Мемлекеттік стипендиялар Қазақстанның әдебиеті мен өнерін жасауға және дамытуға зор үлес қосқан көрнекті қайраткерлерге, сондай-ақ жоғары шығармашылық мүмкіндікке ие тұлғаларға материалдық көмек есебінде беріледі. 2010 жылдың 25 қаңтарындағы “2009 жылы мәдениет саласында мемлекеттік стипендиялар беру туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің №399 Өкімімен 2009 жылғы мемлекеттік стипендия алушылар тізімі бекіді. Мемлекеттік стипендияларды төлеуге 2009 жылға арналған республикалық бюджетте 003 “Мемлекеттік сыйақылар мен стипендиялар” бюджеттік бағдарламасы бойынша 14016 мың теңге сомасында қаражат көзделген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің  Ішкі саясат бөлімі. БІРЛЕСЕ ҚИМЫЛДАУҒА МҮДДЕЛІЛІК “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин “Нұр Медиа” холдингінің құрамына кіретін “Астана” телеарнасында болып, оның тынысымен танысты және журналистер арасында “Нұр  Сұңқар” республикалық конкурсының жарияланғанын мәлім етті. Н.Нығматулин ұжымға оның жаңа  бас директорын таныстыр­ды. Ол қызметке Серік Сәлиев тағайындалды. “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары телеарна жұмысымен танысу ба­ры­сында арна мен партия ара­сын­да бірлесе атқаратын жұмыстар жайын әңгіме етті. Партия тара­пы­нан “Нұр Медиа” холдингіне барынша көмек көрсететінін айтқан Н.Нығма­ту­лин телеарна ұжымына партиялық құ­ры­лым­дармен бірлесіп, көрермендер қа­лайтын спикерлердің, танымал есім­­дер­дің арна бағдарлама­ларын­да көрінуі­нің ауқымын кеңейту керектігіне және көтерілетін мәселелердің қоғам үшін өзекті бо­луы мен журналистердің өткір­лігін ұстарта түсудің маңыз­ды­лығына тоқталды. “Нұр Отан” ХДП қабырға­сын­да мем­лекеттік маңызы бар мәселелердің қалай шешілуіне мониторинг жүргізіліп отырады, бұл ел тамырының соғысын біліп отыру, сол себептен бізбен қоян-қол­тық жұмыс жасау арқылы сіздер де өз­деріңізге қажетті тақырыптарды мо­лы­нан тауып отырасыздар. Шындап кел­ген­де, бәріміз де Отанымыздың көр­кеюі­не мүдделі емеспіз бе, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. “Нұр Сұңқар” атты республи­калық сайыстың басталғандығын жария еткен Н.Нығматулин бұл конкурсқа еліміздегі барлық бұқа­ралық ақпарат құралдары­ның жур­налистері, фототілшілері, бей­нео­ператорлары қатыса алады, кон­курс партияның қызметін жан-жақ­ты көрсе­ту­ге бағытталып отыр. Оны өткізу бары­сында біз журна­листердің партия қыз­ме­тін көрсе­тудегі ықыласын арттыруды ғана емес, аймақтардағы филиалдары­мыздың жұмыстарын партия на­зарында ұстауды да көздеп отыр­мыз, деді.   Сайысты 18 аталым бой­ынша, яғни оның 9-ы – қазақ, сондай-ақ қалған 9-ы орыс тіл­де­рінде өткізу жоспарла­ныпты. Кон­курс шарттары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Астана қаласы телевизиясы журналистері үшін тағы бір жа­ғымды жаңалық – ол қаламақы мен айлық жалақы мөлшерінің өсуі болды. Партия да, холдинг басшылығы да журналистер үшін көтеретін тақырыптар аясын тарылтуды, қайсыбір шек қоюды көздемейді, барлық материалдар заң шеңберінен шықпай, этикаға қарсы келмесе болды. Қазақ­стан­ның даму жолында партияның рөлі айтарлықтай, осы жұмыс өз деңгейінде, шындықпен көрсе­тіліп, қалың көпшілік назарында болса дейміз. Партия БАҚ-тармен бірлесе қимылдауға мүдделі. “Нұр Сұңқар” республикалық сайысын өткізудегі басты мақсаттың бірі осы. Сайыс жеңімпаздарын, әрине, бағалы сыйлықтар күтіп тұр, деп ойын қорытындылады  Н.Нығматулин. ДАМУ МЕЖЕЛЕРІ БЕЛГІЛЕНДІ Сыртқы істер министрлігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010-2015 жылдар аралығын көздейтін  Қазақстан Республикасының даму мақсаттарына көмек көрсету жөніндегі негіздемелік бағдарламасының (ЮНДАФ) тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұл шараға еліміздің мемлекеттік органдарының, Парламентінің және БҰҰ жүйесі агенттіктерінің өкілдері қатысты. Аталған бағдарлама Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың “Қазақ­стан-2030” бағдарламасын және Мыңжылдық декларациясының қағидаттарына негізделген 3 басымдықты көздейді. Олар – баршаның экономикалық және әлеуметтік бақуаттылығы,  мемлекетті нәтижелі басқару және қоршаған ортаның тұрақтылығы. Басқосу кезінде сөз алған Сыртқы істер минис­трінің орынбасары Қайрат Омаров бұл бағдарлама қоғамның ең әлсіз топтарының, оның ішінде әйел азаматшалар мен балалар­дың, мигранттар мен босқындардың, жастар­дың, қарттар мен мүгедек жандардың жағдайын жақсартуды көздейтінін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама сондай-ақ институттық деңгейдің көтерілуіне, азаматтық қо­ғам және БАҚ-тың құқықтары мен мүмкін­діктерін қамтамасыз етуге, адам құқықтарына деген айрықша назарды арттыруға және климаттың өзгеруіне байланысты туындайтын кері өзгерістердің алдын алуға да сеп болмақ. “Бұл бағдарламаны дамыту барысында БҰҰ-ның басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы әріптестігі жанданып, өзара тәжірибе алмасу жағы нығаятын болады. Тағы бір атап өтерлігі, ол мұндай бағдарламаға құйылатын қар­жының БҰҰ агенттіктерінің тікелей ресурс­тары тарапынан азайып, ел Үкіметі тарапынан молаюы дер едім. Бұл бірінші кезекте Қа­зақ­стан экономикасы деңгейінің көтерілгендігін көрсетеді. Жалпы, бұл жаңа бағдарлама негізінде біз БҰҰ-ның барлық мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана аламыз. Себебі, біздің әріп­тестігіміз Қазақстанның 2015 жылға дейінгі дамуына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын”, деді Қайрат Ермекұлы өз сөзінде. Ал БҰҰ  Даму бағдарламасының тұрақты өкілі, БҰҰ Резидент-үйлестірушісі Хаолянь Шу аталған бағдарлама Қазақстанның ұлттық басымдықтары мен қажеттіліктерін БҰҰ арқылы жандандыруға жол ашады деген ойын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бағдарлама Мыңжылдықтар декларациясының негізгі мақсат-міндеттері мен Қазақстанның 2030 жыл­ға дейінгі белгілеген басымдықтары не­гізінде әзірленген. “Қазақстан Республика­сының 2024 жылға дейін тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы мен Қазақстан басшысының жыл сайынғы халыққа Жолдауы да бұл бағ­дарламаның дайындалуына оң әсер етті. Оның, әсіресе, қазіргі таңда әлемнің экономикалық дағдарыстан шығатын кезде де маңызы арта түсуде”, деді Х. Шу. Оның айтуынша, 2010-2015 жылдар аралығын көздейтін бұл бағдарламаға құйылатын қаржының жалпы көлемі 79,39 млн. АҚШ долларын құрайды деп көзделіп отырған көрінеді. “Қазақстанмен арадағы әріптестік қаржы­лық ресурстармен өлшенбейді.  Біз үшін ең маңыздысы – бірлескен бастамаларға құрылған әріптестік, жергілікті басымдықтарды арттыру және өзара тәжірибе алмасу. Қазақстан – қаржылық және адамзаттық ресурстарға бай ел. Сол себепті, бұл мемлекеттің жан-жақты да­муы­на мол мүмкіндік бар. Бірақ та БҰҰ-ның қол­дауымен белгілі бір даму межелеріне тез же­туге болады. Болашақта Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық байланыс өз жемісін береді деп сенемін”, деді БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі. Жиынға қатысушылар ЮНДАФ – Қа­зақстанның 2010-2015 жылдарға дейінгі көз­деген ұлттық стратегиясы мен жоспар­ла­рының жүзеге асуына, Қазақстандағы аза­маттық дамуға айрықша назар аудару арқылы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді деген өз ой-пайымдарын жет­кізді. Мәселен, аталған бағдарлама негізінде елдегі саламатты өмір салтын сақтау, табиғи эко­жүйені қалпына келтіру, табиғи және антро­погендік апаттар орын алған жағдайда қоғам мен азаматтардың құқығын қамтамасыз ету, орталық және жергілікті билік ор­ган­дарының мөлдірлігі мен тиімділігін арттыру секілді сан-салалы мәселелер бір жүйеге келетін болады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ М Ә Л І М Д Е М Е С І Соңғы кездері бірқатар қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар және бұқаралық ақпарат құралдары ҚХР-ға экспорттау үшін ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге жерді ұсыну тақырыбына қатысты алыпсатар­лық әңгімелер таратуға әрекет жасауда. Ондай мәлімдемелердің маңыздылығын арттырып, оларға көпшіліктің назарын аудару мақсатында нақты сандарға, “анық ақпарат көздеріне” және шетел баспасөздеріне сілтеме жасалып жүр. Атап айтқанда, кейіннен жергілікті БАҚ таратқан француздық “Le Monde” газетінің Алакөл аймағын­дағы қазақ-қытай бірлескен кәсіпорнының соя мен бидайды өсіру жөніндегі қызметі туралы жарияланымы айтылады. Жарияланымда кәсіпорын иелігінде 7000 гектар жер болғандығы және осы аймаққа 3000 қытай шаруалары жіберілгендігі туралы айтылған. Алайда, 2003 жылдың өзінде-ақ уәкілетті мем­лекеттік органдар мұндай ақпаратты жоққа шығарған болатын. Бас прокуратура 2010 жылы Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында арнайы тиісті тексерулер жүр­гізіп, олардың нәтижелері де француз газеті ма­териалдарының ақиқатқа сай келмейтіндігін растады. Сонымен қатар, ондай мәлімдемелердің қолда­ныстағы заңнамаға және нақты жағдайға сәйкес келмейтіндігі жөнінде Премьер-Министр, Ауыл шаруашылығы министрі және Бас прокуратура айтқан болатын. Осыған қарамастан, жекелеген тұлғалар аталған мәселе бойынша алыпсатарлық пен арандатушылық ақпарат таратуды, оның ішінде жаппай наразылық шараларына шақыруды жалғастырып, заңға қарсы әрекеттердің жасалынуын ұшқындатып отыр. Қазіргі таңның өзінде ондай әрекеттердің ұлта­ра­лық қатынастар жағдайына жағымсыз әсер ету фактілері анықталды. Ұлтаралық негіздермен дау-жанжал шығару әрекеттері үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Осыған орай, заң бұзушылықтардың алдын алу және мүмкін зардаптарды болдырмау мақсатында Бас прокуратура Конституцияның 39-бабына сәйкес ұлт­аралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конс­ти­ту­циялық емес деп танылатындығын қайталап түсіндіреді. Негізгі Заңның 20-бабына сай, мемлекет қауіп­сіз­дігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік және ұлттық аста­мшылықты, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді. Конституцияның 5-бабымен мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қау­іпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, ұлттық араз­дықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлес­тік­тер құруға және олардың қызмет етуіне тыйым салынған. Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес заң құжаттарында тыйым салынған қызметті жүзеге асыру, не қызметті заңдарды бірнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүргізу заңды тұлғаны сот тәртібімен таратуға негіз болып табылады. “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заңмен журналиске келіп түскен ақпаратты тексеру құқығы беріле отырып, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау міндеті жүктелген. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекспен бұқаралық ақпарат құралдарына көрінеу жалған мәліметтер мен материалдар беру үшін жауапкершілік белгіленген. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздық­ты немесе алауыздықты қоздыруға, нәсілдік қатыс­тылығы белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын немесе кемдігін насихаттауға бағыт­тал­ған қасақана іс-әрекеттер ҚР ҚК 164-бабымен қарас­тырылған қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 373-бабымен әкімшілік жауапкершілікке, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соқтыруы мүмкін. Баяндалғандарды ескере келе, Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарын шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер мен жалалы сөздерді тарату үшін пайдалануды қоса алғанда, ұлтаралық татулық пен мемлекетаралық қатынастарға нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекеттерге жол берілмейтіндігіне қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар өкілдерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың ерекше назарын аударады. Жоғарыда аталған нормаларды бұзған тұлғалар заң қаталдығы сақтала отырып жеке жауапкершілікке тартылатын болады. Жеңіс - 65 МАЙДАННАН ЖЕТКЕН ХАТТАР Ұлттық мұрағат жаңа бір маңызды құжатпен толықты. Татарстан халықтары Ассамб­лея­сы Кеңесі төрағасының орын­басары Сағит Жақсыбеков ақын Мұзафар Әлімбаевтың майданда жүріп, татар досы, композитор Мақсут Латыповқа 1943 жылы жазған хаттарының топтамасын Ұлттық мұрағатқа табыс етті. Кіші лейтенант Мұзафар Әлімбаевтың сарғайған хаттарын 60 жыл бойына Мақсут Ла­тыпов­тың қарындасы Лидия апай сақтап келіп, оны 1993 жылы Қазан қаласындағы қазақ қауымдасты­ғына әкеліп табыс­тапты. Ішінде кіші лейтенант Әлімбаевтың “Бела­русь қызына” деген өлеңіне ән жазуды сұраған өтініші бар екен. Бір кездері алып елдің құра­мында болған туысқан екі халық­­тың шығармашыл адам­дары­ның досты­ғын, Кеңес Одағы адам­дары­ның қанқұйлы жаумен соғыс­тағы ерлігі­нің көрінісіндей бұл хаттар қазақ мәдениеті үшін құнды арте­факт, ол халқымен қауышуы тиіс, деген қазандық туыс әкелген жәді­герді қабылда­ған Ұлттық мұра­ғат дирек­торы Рысты Сариева: “Бұл хаттар Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлау­ға арналған экспозициядан ойып тұрып орын алатын болады”, деді. Алыстан жеткен сарғайған үшкіл хаттарды табыс ету рәсі­міне Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Төрағасының орын­ба­сары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және ақ­па­рат министрлігі Ақ­парат және мұра­ғат комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қатысты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.