Шаман немесе шаманизм ұғымы бүгінгі таңда Алтай-Саян халықтарының ескі таным-дәстүрі мен наным-сеніміне негізделген ұғым ретінде белгілі. Бұл тақырыпты алғашқы болып ХІХ ғасырда зерттеген ғалымдардың бірі Шоқан Уәлиханов: «Шамандық дегеніміз – әлемдік дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және рухты қастерлеу» деген екен.
Ал өткен ғасырда еуропалықтар тарапынан шамантануға зор үлес қосқан адам – мажар этнографы Диосеги Вилмош. Бұл оқымысты 1972 жылы 50 жасында дүниеден өткен соң, оның ісін шәкірті Михай Хоппал жалғастырған. М.Хоппал мырза күллі Еуразия даласын кезіп, көне шаманизмнің бүгінгі көзі тірі бақсыларымен кездесіп, олардың салт-жоралғыларды орындау барысын суретке түсіріп, деректі фильм жасаған. Ұзақ жылғы ізденістің арқасында 2015 жылы ғалымның «Шаманы – Культуры – Знаки» атты кітабы жарық көрді. Қазіргі таңда Венгрияда ағылшын тілінде «Шаман» атты журнал да шығады.
Сонымен жоғарыдағы мәдени шараны ашып, сөз сөйлеген Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі, Алтайдан бастау алған дала өркениетінің бағзыдағы көрінісі шамандық пен бақсылықта біздің де ежелгі дәстүр-ғұрпымыз сіңірілгенін, сондықтан да жоғарыдағы көрменің маңызы қазіргі Елбасымыздың рухани жаңғыру концепциясымен үндестік тауып тұрғанына тоқталып, Ұлы Дала өркениетінің Еуропадағы өкілі мажар бауырларымыз осындай келелі іске мұрындық болумен қатар, Түркі академиясы сияқты халықаралық беделді құрылымға бақылаушы мүше болып отырғанына үлкен ризашылығын білдірді.
Көрменің тұсаукесер рәсімі үстінде жиналған көпшілікке өтіп жатқан шараның маңызы жайлы толымды ой айтқан филология ғылымдарының докторы, түркі һәм алтайтанушы ғалым Әділ Ахметов, Алтайдан басталып, Дунайда аяқталатын Ұлы Дала өркениетінің бір саласы шамандық-бақсылықтың фотокөрме ретінде баяндалуы түркілік жаңғыртудың бір тетігі десе, антрополог-академик Оразақ Смағұлов күллі түркі тектестердің бас қосу мақсатында тәуелсіз Қазақ елінің атқарып отырған игі ісіне, бүгінгі мажарлық бауырлардың үлес қосып отырғаны қуантады, дегенге тоқталды.
Сонымен қатар көрменің ашылу салтанатына Сыртқы істер министрлігі Жалпыазиялық ынтымақтастық департаментінің директоры Ә.Бақаев, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Исиро Кавабата бастаған басқа да елшілік өкілдері қатысты.
Маңызды жиынның соңында Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге еларалық мәдени байланысты нығайтып, түркі-мажар ұланы Иштван Қоңырдың мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін Мажарстан президентінің жарлығымен жоғары мемлекеттік марапат – «Рыцарлық крест» орденін салтанатты түрде табыс етті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»