Әлем • Бүгін, 08:45

Ұлы дала әуені Анкарада

3 мин
оқу үшін

Қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай Анкара қаласында іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерейтойлық бағдарлама ТҮРКСОЙ, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейімен бірлесіп өткізілді.

Ұлы дала әуені Анкарада

ТҮРКСОЙ Бас хатшылы­ғының ғимаратында басталған бағдарлама аясында алдымен Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ахмет Жұбанов: күйге айналған өмір» атты көрменің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Сайит Юсуф композитор Ахмет Жұбановтың Қазақстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасының көрнекті өкілдерінің бірі екенін атап өтті. Ұлы дала үнін нотаға түсіріп, ұлттық ой-санамызды өнер тілімен келе­шек ұрпаққа аманаттаған тұлғадан қалған теңдессіз мұраны бірге ұлықтап, тамыры терең мәдени байла­ныс­­тарды жаңғырту ТҮРКСОЙ үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді. Көрмеден кейін Жұбановтың өмір жолы мен өнердегі өрісін баян­­дайтын арнайы деректі фильм көрермен назарына ұсы­ныл­ды.

Қазақстан мен Түркияның ғылым және мәдениет саласы өкілдерінің қатысуымен өткен халықаралық дөңгелек үстел Ахмет Жұбановтың түркі дүниесінің музыка мәдениетіне қосқан үлесіне арналды.

Түркияның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Куталмыш Ялчын Ахмет Жұбановтың халық музыкасын тек өнер туындысы ретінде ғана емес, ұлттың рухани әлемі мен мәдени болмысы деп бағалағанын білдірді. Сондай-ақ композитор  мұрасы күллі түркі әлемінің ортақ рухани байлығы екенін баса айтты. Ал Анкара Музыка және бейнелеу өнері университетінің ректоры Ерхан Өзден Түркияда білім алып жатқан түркі дү­ние­сі жастарының саны артып келе жатқанына назар ауда­рып, музыка мен өнердің адам­дарды өткенді болашаққа жалғайтын маңызды дәнекер екенін, мұндай іс-шаралардың ор­тақ құндылықтарды бекем­дей түсетінін жеткізді. Қазақстанның Анкарадағы елшілігінің кеңес­шісі Аян Қолбай өшпес мәдени мұра­ның тарихи мәніне тоқтал­ды.

«Ұлттық мәдениетіміздің жанашыры әрі қазақ музыка тарихының сөнбес жұл­дызы Ахмет Жұбановтың шығар­ма­ла­ры шекарадан асып, бауырлас елдеріміз арасында алтын көпір болуын жалғастырып келеді. Оның қалдырған теңдессіз мәдени мұрасы түркі әлемінің ортақ байлығы ретінде ғасырлар бойы жасай береді», деді ол.

Жиында Қазақстаннан бар­ған делегация өкілдері де маз­мұнды баяндама жасап, ұлт­тық музыка тарихынан сыр шерт­ті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Динара Сабирова көптеген ұлттық музыка тарихында халықтық дәстүр мен кәсіби өнері арасында алтын көпір орнатқан тұлғаның бірі Ахмет Жұбанов екенін атап өтті. Ал  Ұлттық орталық музей директоры Сержан Саров музыканы халық жанының үні деп бағалап, Жұбановтың бүкіл саналы ғұмырын қазақ музыкасын зерттеуге, жүйелеуге, оны әлемге танытуға арнағанын жеткізді.

Мерейтойлық іс-шаралар легі Анкара Музыка және бейнелеу өнері университетінің Мұзаффер Сарысөзен атын­­дағы амфитеатрында ұйым­дас­тырылған концерттік бағдар­ламамен жалғасты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық халық аспаптар оркестрі қала­ның өнерсүйер қауымына әсерлі кеш сыйлады. Сахнада Құрман­ғазының «Адай», Сүгір­дің «Ыңғай төк», Жамағат Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуені», басқа да күйлер орындалды.

Соңғы жаңалықтар

Ұлы дала әуені Анкарада

Әлем • Бүгін, 08:45

Бауырлас елмен байсалды байланыс

Экономика • Бүгін, 08:40

Доп додасының дүбірі естілді

Футбол • Бүгін, 08:35

Табыс артса, тұрмыс түзеле ме?

Экономика • Бүгін, 08:30

Ырыздық жорығы аяқталды

Шаруашылық • Бүгін, 08:25

135 жылдық тарихы бар турнир

Теннис • Бүгін, 08:20