Марқұм Герольд Бельгер «Ойшыл жан бір ұлттың перзенті емес, адамзат перзенті» деген екен. Ұлттық сананың трансформациялануына, өзгеруіне алып келетін жаңа ұлттық әліпби – кемел келешек кепілі.
Ұлттық кодтың тірегі болып табылатын тіл тақырыбы қашан да күн тәртібінен түскен емес. Елбасы көтерген рухани жаңғыру һәм генетикалық жад мәселесінің түпқазығы да осы тіл тақырыбынан бастау алады. Осыдан он бір жыл бұрын биік мінберден айтылған латын қарпіне көшу сол кезде арман болса, бұл күнде шындыққа айналды. Уақыттан өткен сыншы, сарапшы, данышпан жоқ екені тағы бір дәлелденді. Уақыт-патша өз әмірін орындатты. Ұлы бабамыз әл-Фарабидің «Дүниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген даналық сөзінің маңызы зор. Рухани жаңғырудың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы білім болса, баспалдағы – жаңа ұлттық әліпби. Латын графикасына көшу – өркениетті шешім.
Күні кеше Елбасы назарына қоғамдық талқылаулардан өтіп, қайнауы піскен, барлық ұсыныстар ескеріле отырып әзірленген ұлттық әліпби ұсынылды. Латын қарпіне негізделген қазақ тілінің бірыңғай стандарт жобасы – Президенттің бағдарламалық мақаласында көрсетілген негізгі бағдардың басты бағыттарының бірі. Тарихи мәні, саяси маңызы бар бұл мәйекті мәселені Нұрсұлтан Әбішұлы назардан тыс қалдырған емес. Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескен Елбасы халықтың қызу қолдауына ризашылығын білдірді: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды». Сондай-ақ еліміздің болашағы жастардың бұл істен сырт қалмай белсенді түрде қолдап, патриоттықпен атсалысқандарына ризашылық сезімін білдірді.
Әлемдік тәжірибелер ескеріле отырып жасалған жаңа әліпби негізінде қазіргі қолданыстағы әліпбиді латын қарпіне көшіруге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу – ең өзекті мәселе. Тілімізді дамытып, оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығарудың негізгі көзі болып табылатын тарихи оқиғадан ұстаздар ұстаханасы атанған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты да шет қалған емес. 32 таңбадан тұратын ұлттық әліпбиде қазақтың төл дыбыстарының таңбалануы бізді қуантты. Тіл мамандарының осы нұсқасын қолданысқа енгізуге әбден лайықты деп есептейміз. Латын графикасына өту – тарихи қажеттілік.
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі