Еңбекақының төгілген терге лайық болғаны, еңбектің әділетсіз бағаланғаны да адамдарды үнемі алаңдататын негізгі мәселе. Әрине жұмыстың бәрін ұйымдастырып, барлық жұмыс процесіне жауап беретін бірінші басшының еңбекақысы қол астындағы қызметкерлерінен артық болуы әбден заңды. Бұл логикалық жағынан сенімді, бұлтартпайтын шешім. Алайда бізде осы жазылмаған, бірақ та бұлжымай орындалуға тиісті тәртіп барлық жерде бірдей қолданылмайды екен.
Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Марат Бопазов Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына жұрттың бәрін таң қалдырған сенсациялық жаңалығы бар сауал жолдады. Онда былай делінген: «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1158 қаулысына сәйкес «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақылары 30 пайызға өсті. Қазіргі таңда саны 213 адамды құрайтын, барлық деңгейіндегі мәслихат хатшылары аталған қаулы шеңберіне кірмей қалды. Олардың алатын жалақылары мәслихат аппараты қызметкерлерінен төмен болып отыр».
Мәслихаттар жұмысын регламенттеген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 заңның 19-бабының 4) тармағында мәслихат хатшысы «мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады» деп нақты жазылған. Демек «хатшы» деген аты болмаса мәслихат хатшысы басшылық лауазымға сайланған адам. Енді осы лауазымды тұлғаның өз қарауындағы қызметкерлерден еңбекақыны аз алатынына таңданбай көріңіз.
Депутат М.Бопазов бұл мәселе 2016 жылы сыйақы берудің айырмасымен түзетіліп отырды дейді. Ал 2017 жылы ондай мүмкіндік болмаған. Одан әрі депутат: «2017 жылғы 18 қаңтарда бұл мәселе Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында көтерілген болатын, оның барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі депутаттық корпусқа бұл мәселенің шешілуі қарастырылуда деп хабарлады. Ал Ұлттық экономика министрлігі аталған мәселені білетінін айтып, бірақ мәселенің шешімі 2018 жылға қалдырылғанын жеткізген», деді депутат. Бірақ депутат мәселені шешу бойынша әлі күнге Үкімет тарапынан ешқандай шара қабылданған жоқ дейді. Демек жаңа жылдың бюджетіне мәслихат хатшыларының еңбекақысын өсіру шығындары енгізілмеген. Бұл сол, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері сияқты. Өздерінің еңбекақылары жоғары болып, бәріне жетіп тұрған биік лауазымды шенеуніктер мәслихат хатшысы еңбекақысының аз екеніне басын ауыртпайтыны көрініп тұр. Ал егер сол министрлердің өз еңбекақысы қарамағындағы департамент немесе басқарма басшысынан аз болса, ендігі үлкен дау шығаратын еді.
Депутат М.Бопазовтың осынау сәйкессіздікті айтып, Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атына жолдаған сауалын қолдап 27 депутат қол қойды. Осындай шешімге келген депутаттар жоғарыдағы оқиғаның ешқандай логикаға жатпайтындығына наразылық білдіргендей болды. Үкімет бұл мәселені әділ шешер деген үміт бар.