17 Қазан, 2017

Жазушының жанпидасы

842 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиет – халықтың жаны. Демек, ондай әдебиетті жасау үшін жазушы өз туған халқын жанындай жақсы кө­­ріп сүюі тиіс. Сонымен бірге оған әде­би талант һәм шеберлікпен қатар, жазушылық жанпидалыққа бара ала­тын дегдар қасиет, алабөтен ерлік те ­қажет дер едік.

Жазушының жанпидасы

Жазушылық жан­пи­далыққа қазақ әдебиетінің өткен та­ри­хында Махамбет, Мағжан, бергі та­рихта Мұқағали мен Жұме­кен мұ­ра­лары, жалпы өмірі мен шы­ғар­ма­шылықтары мәйекті де дәйекті мы­­сал бола алса керек.

Әдебиетте ерлік жасау қай-қай қалам­гердің де қастерлі арманы ғой. Біз сондай әдеби ерліктерді көзіміз көрген ұрпақпыз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары арман қуып Алматыға келген біздің тол­қынға жазушы ағаларымыз Ілияс Есенберлин мен Әзілхан Нұршайықов ғажайып сый әзірлеп қойған еді. Ол әйгілі «Қаһар» және «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары болатын. Әл­бетте, жұрттың бәріне белгілі жай, мұ­ның бірі қазақтың ертеректе жабылып қалған тарихын қайта көтеріп, ұл­ты­мыздың басқыншыға бас имеген ер­лігін, отаршылдыққа қарсы күресін, бодан­дыққа бой салмаған қаһармандық рухын толғады. Ал екінші роман халқымыздың бойындағы адамгершілік, махаббат, сүйіспеншілік, адалдық, азаматтық сияқты мәңгі өлмес ізгілік қасиеттерін асқақтата жырлады.

Айтайын дегеніміз, тымырсық кеңес­тік дәуірдің дәл сол керкеткен кезеңінде нақ осы туындылар халыққа аса қажет кітаптар болып шықты. Қорғаншақтап қорлана беруден жалыққан қалың қазақ оқырмандары аңсағанын да, сусағанын да осы романдардан тауып, есрафыл самалымен желпініп сергігендей, көкірек тынысы кәусар тұнықпен ашылғандай күй кешті. Шынымен де, бәлкім, соңғы жар­ты ғасырдай уақытта осы екі романнан әр сыпатта артығырақ туындылар жа­зылғанына шәк келтірмейміз, бірақ оқырман қауымның осыншалықты ыстық ықыласына бөленген, дәл осылардай шын мәніндегі халықтық кітапқа айналған, қазақ қауымын, зиялы ортаны, студенттер мен ауыл-қалалардағы жастар санасын нақ осы «Қаһар» мен «Махаббат, қызық мол жылдардай» жаулап алып, дүр сілкіндіріп, қайран Ғафаң – Ғафу Қайырбековше қайырғанда, ға­ла­мат сенсация тудырған басқа әдеби шығарманы мүлдем жоқ демесек те, тап басып айту қиын. Міне, осы кездерден бастап өз шығармаларымен талай буын ұрпақтың тарихи һәм адами сауатын ашып талмай тәрбиелеген Ілияс Есенберлин мен Әзілхан Нұршайықов бүкіл Алаш қауымы үшін ардақты ұлттық жазушыларға, жай ғана суреткер емес, абыз тұлғаларға айналыпты.

Зейнолла Қабдоловтың дуалы аузымен қанатты сөздердің көшін бастаған «Әде­биет – ардың ісі» дегенге бақсақ, сол замандағы қаламгерлердің әрбір қа­дамы ар мен азаматтыққа, ұлт мүддесіне адал­дыққа сын болған тұстары аз емес. Тарих пәнінің оқулығы тым жұқа қазақ жазушыларының тарихи тақырыпқа ден қоюы дәл сондай азаматтық сергектікті танытқаны анық. І.Есенберлин алғаш түрен салып бастап берген тарихи әде­биеттің ұлы көшін Әбіш Кекілбаев, Мұх­тар, Мағауин, Софы Сматаев және бас­қалар сәтімен жалғастырып, іргелі туындылар берсе, бұл, ең алдымен, олар­дың өз халқы алдындағы суреткерлік миссияларын терең түсінгендігі деп баға­лағанымыз абзал. Сол кездегі идеология осынау «тарихи» белсенділікті ұнатпаса да, қазақ жазушыларының бұл жасырын тыйым салынған тақырыпты игерудегі, тарихи ақиқаттарды айтуда­ғы, қазақтың да ел, мемлекет болғанын айғақ­ты дәлел­дермен, көркем шындықпен көр­се­тудегі табан­дылығы өзіндік әдеби ерлік бо­латын.

Коммунизм мұратынан қаламгерлік арын, азаматтық ұстанымын жоғары қой­ған, көпірме қызыл ұранның жел­піл­­деткен жетегіне ермеген ақын-жазу­шыларымыз да жетерлік. Олардың абы­­рой-атаққа, дәрежелі сыйлыққа да қы­зық­пай әдебиеттің арын сақтаған азаматтығына бүгінгі буын қалам ие­лері қызыққаны, үлгі тұтпағы лазым. Ай­талық, Қазақстан Компартиясы орталық партия комитеті тарапынан ақын Олжас Сүлейменовке пролетариаттың ұлы көсе­мінің 100 жылдығы қарсаңында Ленин туралы поэма жазу ұсынылды. Осы тапсырыс орындалса оған Лениндік сыйлықты кепілді түрде алып беруге уәде етіледі. Бірақ Олжас ақын Ленин ту­ра­лы емес, оның орнына қазақтың ата-бабаларының ғасырлар қойнауындағы 3 мың жылдық бұрынғы тарихы туралы «Қыш кітабы» дастанын жазып шығады. Лениндік сыйлықтан, көкелердің ашу-ызасын келтіріп, саналы һәм ерікті түрде бас тартады. Ал қазақтың ерте танылған тағы бір ақыны Ұлықбек Есдәулетті Чернобыльге барып поэма жазып келсең, Қазақстан комсомолының сыйлығын береміз деп үгіттейді. Ұлықбек ақын да «ар ұялар іске» бармағанын, арзан атаққа қызықпағанын білеміз. «Маған өзімнің Семейімнің де полигоны жетеді. Өйтіп сыйлық алмай-ақ қояйын» деді ол. Сөйтіп арын да, ақындығын да кір шалдырмай сақтап қалған ақын Ұлықбек Есдәулетті бүгінгі тәуелсіз елі-жұрты құрметтейді. Осы тектес дарындарымыздың басым көп­шілігі туған елінің жоғары мәртебелі сыйлығын ар-ожданын саудаға салмай, таза ақындық әрі жазушылық таланты үшін алғандары жалпыұлттық әдебиетіміз үшін мерей.

Әдебиет – бүгінгі таңда да ардың ісі, азаматтықпен тамырлас. Жанпидалық бол­маса жазушылық та, азаматтықтан тыс ақындық та болмайтынын қаперде ұстайық, қадірлі ағайын...

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»