Кеңес Одағы тұсында, қазақтың төте жазуы, латын әліпбиі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиіне ауыстырылды. Сөйтіп, 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін латын әліпбиі қолданылды. Алайда 1940 жылы қазақтың латын әліпбиі, орыстың кирилл жазуы негізінде құрылған жаңа әліпбиіне ауысып, күні бүгінге дейін осы жазу жүйесін пайдаланып келеміз.
1991 жылы Қазақ елі өз тәуелсіздігін қайта қалпына келтіргелі бері, латын графикасына көшу тақырыбы жаңа серпін алды. Кез келген тәуелсіз елдің өзінің ұлттық мүддесін қорғайтын идеологиясы болуы қажет. Ол объективті заңдылық. Қазақ халқы екі ғасырдан аса уақыт Ресейдің құрамында болып, еріксіз оның құндылығын қабылдауға мәжбүр болды. Халқымыз ана тілі – қазақ тілінен айырыла жаздады. Қазақтың мүддесін ескермей, бірнеше мәрте жазу графикасы ауыстырылды. Ал жазу қарпінің халықтың дүниетанымына тигізетін ықпалы өте зор екені белгілі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев, латын әліпбиіне көшу идеясын 2012 жылдың 14 желтоқсан күні «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған кезде айтқан болатын. Бұл идеяны қазақстандықтардың басым бөлігі дұрыс шешім деп бағалады. Кейбір мамандар, бұл реформа көрші жатқан Ресеймен қарым-қатынасты бұзуы мүмкін деп уәж айтуда. Бірақ әсте олай емес. Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Онымен қоса, біздің елдер – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері. Екі ел арасындағы достық және өзара сыйластық саясаты бұдан әрі нығая түспек.
Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі – ол өркениет жолын таңдау бағдарының аса маңызды тетігі. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында, 2018 жылдан бастап латын әліпбиін үйрететін мамандарды дайындау жұмысын бастау керек деп атап көрсетті. Бұл мамандар, қазақстандықтарды жаңа әліпбиіне үйрететін болады. Ал 2025 жылға қарай, латын әліпбиі, кирилл жазуымен қатар іс-жүргізуге енгізіледі, сондай-ақ оқулықтар, мерзімдік басылымдар осы жазуды қолдана бастайды.
Қазақстан Республикасы «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асырып отыр. Мемлекеттік тіл – қазақ тілімен қоса, орыс және ағылшын тілдері кең ауқымда оқу бағдарламаларына енгізілді. Ағылшын тілі әлемдік ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесуіне қолайлы мүмкіндік береді. Сонымен қатар ағылшын тілін білсең, әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігің ашылады. Осы орайда, латын әліпбиі, шет тілдерді меңгеруге оң септігін тигізбек.
Қорыта келгенде, Қазақстан үшін латын әліпбиі – әлемнің ақпараттық кеңістігіне кіруге, озық технологиялар мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады. Еліміздің тәуелсіздігін нығайтады. Қазақ тілі бауырлас түркітілді елдермен жақындай түседі. Және ең бастысы – қазақ қоғамын шынайы рухани жаңғыруға әкеледі.
Сағадат ӘШЕБЕКОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты