Айбын • 04 Мамыр, 2024

Құқықтық тәртіп әскерінің авиациясы

171 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан авиациясының құрылу тарихы 70-жылдардың аяғында КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің алғашқы авиациялық бөлімдерін құрудан бастау алады. Қазіргі Қазақстан аумағында КСРО ІІМ ІӘ (3553 «Е» әскери бөлімі) әуе күштерінің жекелеген авиациялық буыны 1987 жылдың сәуірінде Алматы облысының Боралдай әуе айлағында жауынгерлік кезекшілікке кіріскен еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құқықтық тәртіп әскерінің авиациясы

Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Ми-8 тікұшағы экипажының алғашқы құрамына Хабаровск қаласынан келген тікұшақ ұшқышы Тупицин В.Ф., Мишин Е.А. және Александрович В.А. енді.

3553 «Е» әскери бөлімі экипаждары негізгі міндеттерінен басқа Тәжікстан, Ош, Степанакерт, Спитак, Чернобыль, Баку, Сухуми, Сумгаит, Таулы Қарабақтағы жауынгерлік және арнайы операцияларға, Қызылорда облысындағы Шиелі елді мекенінде және бұрынғы Кеңес Одағының басқа дағдарыстық аймақтарында кепілге алынғандарды босатуға қатысты.

Таулы Қарабақта бітімгершілік миссиясын орындау кезінде 3553 «Е» әскери бөлімінің ұшқыштары ерлікпен қаза тапты. Атап айтқанда, 1991 жылы 20 қарашада Ми-8 тікұшағының құрамында болған тікұшақ командирі майор В.В. Котов, ұшқыш-штурман лейтенант Д. Б. Яловенко және борттық техника капитаны Г. Долгов қызметтік міндеттерін атқару кезінде жерден оқ атылып, әуе кемесінің күл-талқаны шыққан еді. Салдарынан экипаж бен халықаралық бақылаушылар арасынан 22 жолаушы көз жұмды.

щ

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін министрлер кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы Қаулысымен 3553 «Е» әскери бөлімінің базасында Алматы облысының Боралдай әуе айлағында орналасқан ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің арнайы мақсаттағы жеке авиациялық эскадрильясы – 3656 әскери бөлімі құрылды.

Бастапқыда Қазақстан Республикасы ІІМ Әскери-әуе күштерінің авиациясы Ми-8 тікұшағымен және кеңестік өндірістегі Ан-26, Ан-30 және Як-40 ұшақтарымен толыққан, олар 2013 жылдан бастап кезең-кезеңімен авиациялық техниканың заманауи үлгілеріне ауыстырылды. Атап айтқанда, Ан-74 ұшақтары, Y-8 (Ан-12 ұшағы типтес, ҚХР-да жасалған), сондай-ақ Ми-171 тікұшақтары қолданысқа беріле бастады.

Ұлттық ұланның жедел әрекет ету және жауынгерлік әзірлігін арттыру мақсатында 2018 жылы Алматы және Боралдай әуе айлақтарынан 3656 әскери бөлімін Астана қаласының жаңа әуе айлығына көшіру жұмыстары сәтті жүргізілді.

2022 жылы Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, жеке авиациялық эскадрилья жеке құрамның штаттық санының және авиациялық техниканың 2,5 есеге ұлғаюы нәтижесінде арнайы мақсаттағы жедел-тактикалық құрама болып қайта құрылды.

Еске салайық, 2023 жылы Астана қаласының әуежайында «Ұлттық ұланның авиациялық базасы» стратегиялық нысанының құрылысы аяқталды.

Тәуелсіздік жылдарында Ұлттық ұланның ұшқыштары құқықтық тәртіпті қорғау барысында 30 мың ұшу әрекетін орындады, 55 мыңнан астам адам және 7500 мың тонна жүк тасымалданды, бітімгершілік батальонының тәжік-ауған шекарасында терроризмге қарсы операцияларға қатысуы үшін тасымалданды. Нәтижесінде бірқатар азамат Қазақстан Республикасы мен Достастық елдерінің ведомстволық және мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Арнайы операцияларды жүргізу барысында тікұшақтардың көмегімен 700 тоннадан астам құрамында есірткі бар өсімдіктер, 250-ден астам құқықтық тәртіп бұзу әрекеттері және 15 бірлік автотехника, 17 бірлік атыс қаруы тәркіленді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелер жүргізетін лаңкестікке қарсы операциялар шеңберінде Ішкі істер органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың қатысумен 200-ден астам ұшулар орындалды, оның ішінде 23 ұшу әрекеті жақын және алыс шетелдерге лаңкестер мен қылмыскерлерді экстрадициялау.

щ

Бүкіләлемдік короновирус пандемиясы кезінде ТМД елдерінен 325 әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері эвакуацияланды.

Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның авиациялық паркін жоспарлы жаңарту жұмыстары жүргізілуде және 2025 жылдың соңына қарай 86%-ға жуық заманауи үлгіде жабдықталуы тиіс деп жоспарланып отыр. Болашақта Қазақстанның барлық өңірлерінде жеке арнайы мақсаттағы авиаотрядтар құрылады деп күтіледі.

ІІМ КСРО және Қазақстан ІІМ Ішкі әскерлері Авиациясының және Ұлттық ұлан авиациясын әр жылдары авиацияны генерал-майоры Пономарев С. (1978-1991); подполковник Мяткин Г.А. (1993-1994); полковник Бельманов Б.Б. (1994-1995); полковник Зулахуджаев Б. (1995-1997); полковник Семенов С.А. (1997-1999); подполковник Е.А. Үсейінов (2000-2002); полковник С.А. Турчак (2002-2004); полковник Келгенбаев Б.Ө. (2005-2012); полковник Бутенбаев Б.С. (2013-2016); полковник Кульбицкий С.Н. (2016-2017) басшылық етті.

2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының Авиация басқармасын полковник Кармыков Игорь Игоревич басқарып келеді.

Қазір авиация қызметіне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Воронкин Константин Юрьевич жетекшілік етеді.

Жақын және алыс елдердегі тұрақсыз геосаяси жағдайға байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге уақытылы ден қою үшін Мемлекет басшысы әскерлердің жедел әрекет ету мен жауынгерлік әзірлігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Ішкі істер органдарының басшылығы Ұлттық ұланның әскери-көліктік авиация паркін сандық және сапалық жағынан толықтыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдап жатыр.

щ

Ең алдымен ұшақтар...

Бұл материалды дайындау кезінде Астана қаласындағы аэродромда ҚР Ұлттық ұланының авиациясына қарасты екінші көпмақсатты орта көліктік Y-8 ұшағын жеткізуге байланысты салтанатты іс-шара өтті.

Ұшақты Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Елшілігі жанындағы әскери атташе аппараты авиация өнеркәсібі корпорациясымен бірлесіп жеткізді. (CATIC)

Аталмыш іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Константин Воронкин жетекшілік етті. Ол бұл күн құқықтық тәртіп әскерлерінің авиациясын дамытудағы тағы бір тарихи сәт екенін атап өтіп, Қытай өкілдеріне алғысын білдірді.

«Алдымен ұшақты мерзімінен бұрын жеткізген CATIC компаниясына және дайындаушы зауыттың өкілдеріне алғысымды жеткіземін және Қытай Халық Республикасында Ұлттық ұланның авиация мамандарын сапалы оқытуға атсалысқандарыңыз үшін рахмет. CATIC компаниясының ұшу-нұсқаушы құрамының қазақ ұшқыштарының білімін жетілдіру үшін қосқан үлесі де зор», деді Константин Воронкин.

Сонымен қатар генерал-майор CATIC компаниясы пайда болған күннен бастап әлемнің 60 еліне 2600-ден астам қару-жарақ пен әскери техниканың түрлі үлгілерін, оның ішінде әуе кемелерінің 35 түрін және пилотсыз аппараттарды жеткізгенін қоса айтты.

CATIC компаниясының клиенттерге қызмет көрсету департаментінің директоры Джингжи Янг та өз тарапынан жылы лебізін білдірді.

«Мен үшін қазақ еліне келіп, аталмыш шараға қатысу – үлкен құрмет. Қытай мен Қазақстан шекаралас ел, сондықтан біздер әрдайым сенімді серіктестер бола білуіміз қажет. Серіктестік кезінде біз Ұлттық ұланның авиациялық мамандарының өз ісінің шеберлері екендіне көз жеткіздік және қарулануға қабылданған ұшақ сенімді жұмысты көрсетті. Бұл ұшақты әрі қарай да тиімді пайдаланып, қызмет барысында пайдаға жаратасыздар деп сенемін. Ұлттық ұланның әуе флоты Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне лайықты үлес қосатынына сенімдімін», деді Джингжи Янг.

т

ҚХР-дан келген ұшақты қабылдау рәсіміне қатысқан Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Авиация басқармасының бастығы полковник Игорь Кармыков: «Ұлттық ұлан Орталық Азия аймағында ғана емес, сонымен қатар ТМД елдері арасында да осы типтегі ұшақтарды сатып алуда алғашқылардың бірі. Y-8 ұшағы салмағы 20 тоннаға дейінгі ірі габаритті жүктерді немесе 86 әскери қызметшіге дейін тасымалдауға қабілетті. 2024-2025 жылдары ведомстволық авиацияны тағы төрт ұшақпен толықтыру жоспарланып отыр, ол ұшақтар 2018 жылдан бері техникалық қызмет көрсету жағынан қарапайым, қазіргі заманғы ұшу-навигациялық жүйесімен жабдықталған, герметикалық пандустары толық пайдалануға тиімді. Y-8 көлік ұшағы кеңестік АН-12 әскери көлік ұшағы типтес авиациялық «жол талғамайтын көліктердің» бірі, түрлі метеожағдайларда пайдалануға мүмкіндік беретін ең озық ұшу-техникалық қасиеті бар», деді.

Сондай-ақ ол жаңа авиатехниканы меңгеру үшін ҚХР өндіруші зауыт базасында Ұлттық ұлан авиациялық базасының әскери қызметшілері теориялық және практикалық оқытудан өткенін, онда ұшақтардың аталмыш типтерін пайдалану бойынша қажетті дағдыларды игеріп, халықаралық рұқсаттамаларға ие болғанын атап өтті.

е

Жоспарлау көкжиегін кеңейту

Әрине, авиациялық техниканы басқару кез келген адамға беріле бермейді. Ұшқыш атануға ниеттенген үміткерлердің денсаулығы мен физикалық дайындығы ғана емес, сонымен қатар кез келген сәтте төзімділік танытып, қозғалысты үйлестіру сияқты кәсіби біліктіліктері жоғары бағаланады.

Авиациялық мамандарды Ресей Федерациясы ЖОО-да – Воронеж, Сызрань, Краснодар, Челябинск қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында даярлайды.

Әскери авиацияны дамыту жоспарына сәйкес, оның жауынгерлік әзірлігін арттыру, авиациялық техникаға сапалы қызмет көрсету және пайдалану, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру мақсатында Астана қаласында Ұлттық ұланның 2023 жылы салынған әуежайының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа авиабазада әскери бөлімнің жеке құрамын, авиациялық және арнайы техникасын орналастыруға қажетті барлық жағдайлар қамтамасыз етілген.

Полковник Дмитрий Бастер құрылыс барысы туралы баяндап қана қоймай, сонымен қатар салынған авиабазаның негізгі нысандарына экскурсия жүргізді.

Жаңа авиабазаның айрықша мақтанышы – Астана қаласының әуежайындағы ең үлкен техникалық бөлімнің ангары, оған АҚИ (авиация қызметінің инженерлік) барлық топтары мен қызметтерінен басқа төрт орта ұшаққа дейін еркін орналастырылады.

Авиабазаның ресми ашылуы 2024 жылдың көктеміне жоспарланған, оған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келеді деп күтіледі.

Сондай-ақ авиациялық базаның салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің авиациялық және арнайы техникасының жаңа үлгілерін көрсету жоспарланып отыр.

н

Бауырлас халыққа көмек

Ұлттық ұлан авиациясы негізгі қызметтік міндеттерінен басқа, көліктік ұшақ экипаждарының көмегімен жауынгерлік міндеттерді, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен нұсқауларына сәйкес халықаралық гуманитарлық миссияларды орындайды.

Сондай-ақ 2024 жылдан бастап әскер авиациясының экипаждары өртті сөндіру және ауыздықтау үшін ТЖМ-ге көмек көрсету бойынша кезекшілік қызметін атқарады.

«2023 жылдың өзінде авиаэскадрилья экипаждары табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарынан 100-ден астам зардап шегушіні эвакуациялап, 200 тоннадан астам гуманитарлық жүкті Сирияға, Түркияға және Ауғанстанға жеткізді», деді полковник Дмитрий Бастер.

Атап өту керек, бұл межелі аэродромдарға барлық рейстер күрделі метеорологиялық жағдайларда, әсіресе түнде орындалды, өйткені гуманитарлық жүктерді ұшаққа тиегеннен кейін ұшуға күндізгі жарық жеткіліксіз болды және зардап шеккендерге мүмкіндігінше тезірек көмек көрсету қажет болды.

ш

«Ел басшылығы авиациялық базаның ұшу құрамының кәсіпқой шеберлігін жоғары бағалады. Осы ретте 30-дан астам әскери қызметші мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың ішінде авиациялық жасақ командирі майор Құрманғали Топанов II дәрежелі «Айбын» орденімен, литерлік авиациялық жасақ кемесінің командирі капитан Берікболсын Хабиболла «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ 13 әскери қызметші ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды», дейді полковник Д. Бастер.

Рейстердің тікелей қатысушысы майор Құрманғали Топанов бұл рейстерді орындау кезінде тек бұлттың төмендігімен, шектеулі көрінумен ғана емес, сонымен қатар жер сілкіністерінің нәтижесінде ұшу-қону жолақтарының жабыны мен әуежайлардың жарық техникасының зақымдануы қиындық тудырғанын атап өтті.

щ

«Сирияға аттанған төрт рейс те ауыр болды, өйткені табиғи сипаттағы апаттар әскери қимылдарды ушықтырды. Сондай-ақ Сирия мен Ауғанстанның әуе кеңістігінде спутниктік навигация құралдары жұмыс істемеді және соған қарамастан, біз де тәуекелге бел будық. Біз экипаждың кәсібилігі мен үйлесімділігіне үміт артып, борттық навигацияның жұмыс істейтін құралдарына ғана жүгіндік. Бірақ бұл қиындықтарға қарамастан, бауырлас халықтарға көмек көрсетіп, зардап шеккен халықтың ризашылығын алу және еліңнің мәртебесі үшін қызмет етемін деген мақтаныш сезімі кеудені кернеді», деді майор Құрманғали Топанов.

Биыл ұшқыштар Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге де тиісті көмек көрсетті, онда 300-ден астам зардап шеккендер эвакуацияланып, 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

щ