Қазақ халқына тән жекелеген дауысты және кейбір дауыссыз дыбыстарды, мысалы «ә», «ө», «ү», «ғ», «ж», «ч» мен «ш»-ны қосарлап беруде айтатын уәждердің аз еместігі байқалды. Шынында да, диграфтардың мәтінді шамадан тыс ұзартатындығы, кей сөздердің оқылуда жаңсақтыққа ұрындыратындығы ойландырмай қоймайды. Екіұдай пікірлерге Елбасымызға жұмыс тобы ұсынған латын әліпбиінің екінші нұсқасы нүкте қойды десе де болады. Бұл жолғы дыбыстардың таңбалануы көкейге қонымды әрі жеңіл оқылатынын атап айтқан жөн. Себебі жоғарыда келтірген дыбыстарымыз бір таңбамен ғана белгіленген. Оларға француз әліпбиіндегідей жұмсақтық белгісі, яғни «үтір» қойылған. Бәрінен бұрын бұл нұсқада латын әліпбиінің 24 таңбасы сақталған. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибенің ескерілгені өте орынды. Президент өз сөзінде жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді оңайлататынын, мұндай күрделі үдеріс әлемдік ақпараттық кеңістікке шығуда маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті.
Біздіңше, бұл саладағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бір сәт те бәсеңдетпеу керек. Мәселен, әлеуметтік желілерде: «Алфавиттен жіңішкелік (ь) және қатаңдық (ъ) белгілері, сол сияқты кірме сөздерде кездесетін Ц,Щ,Э,Ю,Я дыбыстары алынып тасталған, аю, целофан, эскалатор немесе Әлия, Нияз сөздерін қалай жазамыз?» деген сияқты алаңдаушылықтарға ғалымдарымыз, тілтанушыларымыз дәйекті жауап берсе деген тілегіміз бар. Ең бастысы, бірізділіктің сақталатыны қуантады. Жұртшылықтың өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстар жасауы өзекті мәселеге бейжай қарай алмайтынын танытты.
Жаңа нұсқаның таныстырылуы кезінде Н. Назарбаев еліміз үшін аса маңызды мәселе жалпыхалықтық талқылауға ұсынылғанын, «жеті рет өлшеп, бір рет пішілетіндігін», қазірдің өзінде 300-ден астам ұсыныс түскендігін қадап айтып, одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Қалай болғанда да, өркениеттің көшінен қалмас үшін барлығымызға тиімді латын әліпбиінің қажеттігі айдан анық.
Нұрсайын ШӘРІП,
ақпарат саласының үздігі
Солтүстік Қазақстан облысы