Әулиеатаның Талас топырағында шежіремен өріліп, аңызбен көмкерілген көрнекті тарихи орындар көп. Мәселен, Боз деген бидің тағдырына қатысты Бозтұмсық, өзге де тарихи аңыздарды қамтитын Жалбы, Ақкесене, Жиделібұлақ сияқты жерлер байтақ даламыздың дегдарлығын көрсететін көрікті жерлер. Ал Тәңірқазған, Бөріқазған тарихи жер атаулары алып даланың ақиқатын сипаттайтын, шындығын шежірелейтін мекен болып есептеледі. Тарихшылардың пайымдауынша, Бөріқазған төменгі палеолиттің шелль кезеңінің соңғы дәуірінен сақталған қоныс мекені екен. Аталған тарихи орын Талас ауданының орталығы Қаратау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай отыз сегіз шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерден екі жағы бірдей өңделген шапқылар, жұмыр құралдар, үш қырлы өткір құралдар және үшкір пышақтар көптеп табылған.
Аңыз бойынша ерте заманда Талас жерінде бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық болады. Су іздеген жұрт бұл қуаңшылықтан шығар амал таба алмай қиналады. Сонда бір бөрі елдің алдына шығып жүріп отырыпты. Ел де бөрінің соңынан үлкен үмітпен ере береді. Сол бөрі шөліркеген елді бастап келіп, даланың төсін қазады. Сонда бөрінің қазған жерінен су шығып, бүкіл халық аман қалған екен. Бұл жер содан бері Бөріқазған деп аталып кеткен дейді. Бөріқазған алқабы Талас топырағының ортасында. Бүгінде киіз үйдің орнындай ғана болып үйілген топырақ болмаса, бұл жерде басқа белгі жоқ. Тек халық санасында Бөріқазған деген атпен ғана қалған дала қойнауындағы қасиетті жер тамырына тылсым жасырған күйі тұр.
Осы Талас топырағында Бөріқазған жері мен Тәңірқазған тұрағы қатар аталады. Әлгі айтылған аңыз да бір-біріне жалғас дүние. Күндердің күнінде Бөріқазғанның суы тартылады. Халықтың қайғы-қасіреті қайта үдей түседі. Арада шамалы уақыт өткенде су іздеген халық жапан далада тағы бір жердің өзінен өзі қазылып, суға толып тұрғанын көреді. Бұл судың дәмі де тәтті екен. Кейіннен әлгі жер Тәңірқазған аталып кеткен екен дейді.
Тәңірқазған – тарихшылардың пайымдауынша, палеолит тұрағы. Бұл жерден табылған барлық тас бұйымдар жалпақ төбешіктен жинастырылған. Тіпті халық арасында Тәңірқазған тұрағына ежелгі аңшылар келіп қоныстанған деген де пікірлер бар. Әйтеуір қазақ даласындағы қай қиырдың болмасын өзіндік тарихы мен тағдыры қалыптасқан. Топырақтың тылсымына үңіліп, тарихын түгесіп біту мүмкін емес. Тек дала қойнауындағы тарихи тұрақтар есте жоқ ескі замандардың өзінде де бұл мекенде өмірдің болғанын, адамзаттың мекендегенін және олардың да өздеріне тән мәдениеті мен тіршілігі болғанын айғақтайды...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы