Ақтөбе қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Рухани келісім – татулық тірегі» атты тақырыбында өткізілген дөңгелек үстел мәжілісі осы мәселеге арналды. Мұнда бірінші болып сөз алған «Нұр ғасым» мешітінің наиб имамы Асылхан Темірханов исламның басты ұстанымы дінаралық татулыққа негізделгенін нақты пайымдаулар бойынша баяндап берді. Сонымен бірге ол конфессияаралық қарым-қатынастарды тереңдете түсуде ислам дінінің ізгілік пен қайырымдылыққа толы қадамдарын жүректерге жеткізе айтты.
Өңірде рухани құндылықтарды қастер тұтудың сан-алуан түрлері мен әдістері жүзеге асырылып келеді. Бұл жөнінде өңірде құрылған «Руханият» музейінің ғылыми қызметкері Айзагүл Жамбылова айтып берді. Біздің мұражайдың басты қызметі – діндерді насихаттауға емес, әлемдік және дәстүрлі діндердің пайда болуын талдауға және даму тарихын жинақтауға негізделген. Мұндағы мұрағаттарда көп сыр бар. Түптей келгенде қай дін қандай конфессия болмасын олардың көздейтін мақсаттары – жақсылыққа үндеу, қиянаттан бойды аулақ салуға шақыру. Біздің мұражайға қойылған экспозициялардан осы мәселеге қатысты айғақ дүниелер де молынан табылады деді бұдан әрі сарапшы маман.
Сондай-ақ дөңгелек үстелде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлің мемлекеттік университетінің ғалымдары Дмитрий Мацюк пен Сабыржан Мұхтаровтар Қазақстан – конфессияаралық келісім аралы атанғанын айта келіп діни тұрғыдағы толлеранттылық жас мемлекеттегі басты рухани құндылықтардың біріне айналғанын атап көрсетті. Рухани келісімнің тағы бір тұтқасы – тіл. Осы тұрғыда қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіруші тіл рөлін атқаруы тиіс делінді бұдан әрі.
Дөңгелек үстел мәжілісін Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық хатшылығы меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов қорытындылады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»