28 Қазан, 2011

Жаңаөзенде жанған жұлдыздар

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жаңаөзен – мұнайшылар ордасы. Жыл санап көркейіп, көріктеніп келе жатқан құтты мекен. Қаланың алғашқы тұрғын­дарының бірі ретінде осындағы әрбір жаңалық, оң өзгерістерге көңіл марқайып, масаттанып қаламыз. Олай дейтінім, өткен жылы ғана қаламызда аймақта теңдесі жоқ спорттық сауықтыру кешені, төрт балабақша, бір аурухана, төрт 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Бұл күндері бір орта мектеп пен перзентхана құрылысы жүріп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай Үкімет 2009-2012 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдап, оны жүзеге асыруға 42,9 млрд. теңге бөлінген. Ал жақында облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың төраға­лығымен тағы да Жаңаөзен қаласының эко­номикалық дамуының 2012-2020 жылдарға арналған ұзақ мерзімді бағдарламасы жобасының таныстырылымы өтті. Онда Елбасының Үкіметке, әкімдіктермен бірігіп аймақтарды дамыту бойынша бағдарла­малар әзірлеу жөніндегі тапсырмасына орай «Олимпэкс Эдвайзерс» консалтингтік  тобы мүмкіндіктерге сай жүзеге асудағы инвестициялық жобаларды ескере отырып қаланың 2020 жылға дейінгі экономикалық дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасы жасақталғаны белгілі болды. Ол бағдарлама бойынша Жаңаөзен мұнайшылар қаласы ғана емес транзиттік көліктік-логистикалық орталық ретінде де дамиды. «Солтүстік –Оңтүстік» халықаралық дәлізінде стра­тегиялық реттеуші орталық ретінде Қазақстан, Ресей, сондай-ақ Түркіменстан, Иран, Парсы шығанағы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қызмет көрсетеді. Себебі Жаңаөзен – Түркіменстан темір жолына қоса, «Жаңаөзен – Сайөтес» темір жолы, «Жаңаөзен – Құрық» автожолын кедендік ресімдеу орталығы кіретін көліктік-логис­тикалық орталық салу көзделуде. Және аталмыш бағдарлама аясында Жаңаөзенде орналасатын «Каспий» арнайы экономика­лық аймағы құрылмақшы. Бұл бағдарлама бойынша қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарының одан әрі дамуына, қала маңында агро­өнеркәсіптік кешенді өркендетіп, сол арқылы іргелес отырған елді мекендердің де тұрмыс-тіршілігіне игі ықпал ету көзделіпті. Осындай жағымды жаңалықтар Елбасының, Үкіметтің, облыс басшылығының қаланың көптеген жылдардан бері қордаланып қалған проблемаларын оң шешуде жасап отырған қамқорлықтары мен көмегі екендігі белгілі. Асылбек АЙДАРОВ, Жаңаөзен қаласы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы.