Корей түбегіндегі жағдай шиеленіскен тұста ел премьер-министрі Синдзо Абэ жалпы сайлау өткізу туралы әңгіменің ұшығын шығарған. Жапонияның төменгі палата мүшелері 4 жыл мерзімге жалпы дауыс беру арқылы сайланады. Осыған сәйкес, парламент мүшелеріне берілген өкілеттілік келер жылы желтоқсанда аяқталатын еді. Премьер-министр елдегі жағдайды жақсарту мақсатында қыркүйекте төменгі палатаны таратқан болатын.
Алдағы сайлауда 8 саяси партия өз бағын сынап көрмек. Жергілікті Kyodo агенттігі жүргізген сауалнамаға сүйенсек, Абэ басшылық ететін Либералды демократиялық (ЛДП) партияның мерейі үстем болуы тиіс. Елдегі Asahi мен Nikkei газеттері де осындай пікірді ұстанады. Аталған басылымдар жүргізген сауалнамада да халықтың басым бөлігі ЛДП-ны қолдайтынын жеткізді.
Мұндай басымдыққа қарамастан, С.Абэнің қаупі сейіле қоюы екіталай. Рейтер агенттігі Токио мэрі Юрико Коикэнің жаңа «Kibo no To» («Үміт» партиясы) партиясын құруы премьер-министр жоспарының күл-талқанын шығаруы мүмкін деп есептейді. Өйткені біраз жыл төменгі палата құрамына енген, қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Ю.Коикэ ЛДП жақтастарының біразын соңынан ертіп кетті. Әрі алдағы сайлауда Либералды демократиялық партияға негізгі қарсылас саналып отыр. ЛДП бастаған коалиция алдыңғы сайлауда парламенттің төменгі палатасындағы орындардың үштен екісін жеңіп алған болатын. Агенттіктің пайымдауынша, мұндай басымдықтан айырылып қалу демократтар үшін жеңіліспен пара-пар.
С.Абэ сайлау науқанындағы алғашқы үндеуін қарсыластарының сөзіне тиісуден бастады. «Біздің болашағымыз ұрандар мен әдемі сөздерден құралмайды. Келешек біз жүргізген саясатқа байланысты. Сондықтан шегінерге жол жоқ», деді премьер-министр. Біраз бұрын Ю.Коикэ өз партиясының ұранын «Жапония үміті» деп бекіткен-ді. Содан бері әр жиында Токио мэрі бірнеше мәрте «Жапонияға өзгеріс қажет» деп биліктегілерді сөзбен түйреумен болған. С.Абэ «Kibo no To» ұранына шүйлігуі де сондықтан. Әрі Жапония премьер-министрі саяси қарсыласын сөзбен тұқыртып алуды көздегені анық.
Билікке таласып жатқан негізгі екі партияның ұқсастықтары мен айырмашылықтары жетерлік. Мәселен, ЛДП да, «Kibo no To» де қауіпсіздік пен сыртқы саясатқа қатысты бірдей көзқарас ұстанып отыр. Екі партияда да Солтүстік Кореяға санкция салуды қолдап, 2015 жылы қабылданған әскери әрекетті кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ Коикэ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған елдегі конституцияға өзгеріс енгізу жөніндегі Абэнің пікірін қолдайтынын мәлімдеген-ді.
Саясатта консенсусқа келген премьер-министр мен «Kibo no To» партиясы жетекшісінің экономикалық мәселедегі көзқарасы екіге жарылды. Ю.Коикэ Жапония 2030 жылға қарай атом энергиясынан бас тарту керек деп есептейді. Сонымен қатар Токио мэрі табыс салығын көтеруге түбегейлі қарсы. Өз кезегінде С.Абэ атом энергиясын «Күншығыс елінің» болашағымен тығыз байланыстырады. Табыс салығын көбейту де осы Абэ бастаған ЛДП-ның ұстанымы екені белгілі.
Bloomberg-тің пікірінше, Абэнің алаңдауына негіз жоқ. Бастапқыда атағы жер жарған Коикэнің партиясы уақыт өте келе ішкі кикілжіңнің әсерінен әлсірей бастаған сыңайлы. Нәтижесінде ЛДП мен оның коалициясына енетін «Комейто» партиялары қазіргі тұрақсыздыққа қарамастан жеңіске бір табан жақын тұр. Сонымен қатар Bloomberg Корея түбегіндегі қайшылық та С.Абэнің абыройын асқақтатуы мүмкін екенін айтады. Қазіргі премьер-министр Солтүстік Кореяның баллистикалық ракета ұшырды деп айыптап, әлем елдерін әрекет етуге бірнеше рет шақырды. Өз кезегінде мұндай мәлімдемелер С.Абэнің айбынын асырып, жаманын жасыратыны анық. Соңғы жүргізілген сауалнама бойынша, жапондар ең әуелі ұлттық қауіпсіздікті жоғары қоятынын жеткізген-тұғын. Ендеше аспанынан баллистикалық зымыран дүркін-дүркін атқылаған Солтүстік Кореяны әрдайым айыптайтын Абэнің қалың бұқара қолдауына ие болатын күні таяу.
The Economic Times басылымы «Kibo no To» партиясы танымалдығының төмендеуіне Ю.Коикэнің өз кандидатурасын премьер-министрлікке ұсынбауы әсер етті деп түсіндіреді. Яғни партияға дауыс беретіндер елдегі екінші тұлға ретінде кімді сайлайтынынан хабарсыз. Сондықтан келешегі көмескі «Үміттен» гөрі, бұрыннан сыралғы ЛДП-ны қолдағанды жөн көреді.
Live Mint интернет порталы Юрико Коикэ секілді өзгеше ұстанымы бар тұлғаның сайлауға белсене араласуы С.Абэні тағынан түсірмесе де, елдегі саяси шешімдерді ел игілігіне бұруға көмектеседі деп бағалайды. Мәселен, ЛДП мен елдегі беделді партияның бірі «Комейто» 2019 жылы тұтыну салығын 10 пайызға дейін өсіру жөнінде ұсыныс тастаған болатын. Алайда Коикэ керісінше салықты азайту жөнінде жиі айтып жүр. Ел басқарудан үміткер екі партияның мұндай екі түрлі бағыт ұстануы, әлбетте «Күншығыс еліндегі» қарапайым халық үшін өте тиімді.
Азиядағы іргелі әріптестеріміздің бірі саналатын Жапониядағы жағдай Қазақстанды бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Оған себептер өте көп. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту жөніндегі шешімін Жапония тарапы жоғары бағалайды. Сонымен қатар Жапония – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы 26 қаңтарда орнаған болатын. Содан бері самурайлар елімен тығыз әріптестік байланыс ұстап келеміз. Мәселен, 2005 жылы екі ел үкіметі арасында техникалық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Табыс салығын реттеу жөніндегі конвенцияға қол қойылды. Үш жыл бұрын инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы мемлекетаралық келісім күшіне енген-ді.
Жапондар мен қазақтарды тарихи оқиға да байланыстырады. 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасы «Күншығыс елін» қан қақсатты. Сондықтан Жапония ядролық қарудың қаупін басқаларға қарағанда жіті түсінеді. Біздің еліміздегі Семей өңірі де атом бомбасын сынау алаңына айналғаны белгілі. Ендеше екі елді тағдырлас әрі мұңдас деп айтсақ қателеспейміз. Осыған орай 2011 жылғы 6 мамырдан бастап атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі екі ел арасындағы өзара келісім күшіне енді.
«Күншығыс елінің» Қазақстанға құйған инвестициясы да қомақты. Жапонияның 2005-2015 жылдар аралығында елімізге құйған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 6,2 миллиард долларды құрайды. Өзара сауда айналымы 2015 жылы 1,4 миллиард АҚШ долларына жетті. Былтыр Токиода өткен екі ел өкілдері қатысқан Бірлескен комиссияның 6-шы отырысында құны 1,2 миллиард долларды құрайтын 13 коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Азиядағы осындай іргелі елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Қазақстан Жапониядағы кезектен тыс парламенттік сайлауды жіті қадағалайды. Жаңа сайланған төменгі палата ел премьер-министрін тағайындайды. Ендеше екі ел арасындағы әріптестік байланыстың одан әрі нығая түсуі «Күншығыс еліндегі» парламенттің тізгінін кім ұстайтынымен де тығыз байланысты.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»