Көмір мен бензин жайы қатаң бақылауда
Жиынның күн тәртібіне көшпес бұрын Үкімет басшысы бұған дейінгі отырыста да қызу талқыланған жанар-жағармай және көмір тапшылығына қатысты мәселені тағы бір пысықтап алды. Өткен жиында берілген тапсырмаларға қатысты қолға алынған шаралар жөнінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов және Астана әкімі Әсет Исекешев баяндады.
Б.Сағынтаев ішкі нарықты мұнай өнімдерімен және көмірмен қамтамасыз ету мәселелері Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдарға отын тапшылығына жол бермеу бойынша тағы да тапсырмалар берілді және оларға тұрақты мониторинг жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ табиғи монополиялар саласындағы бақылаушы органдарға баға келісімдерін анықтау бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Ішкі нарықта ЖЖМ мен көмірдің тапшылығын тудырмау бойынша мәселелерді үйлестіру Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.
Өсім жақсы болғалы тұр
Отырыста биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан экономикасы қаңтар-тамыз айларында жинақталған өсім қарқынын 4,3 пайыз деңгейінде сақтаған. Бұған макроэкономикалық тұрақтылық пен инвестициялық белсенділік, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы қолайлы жағдайлар ықпал етуде. Мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында қабылданған шаралардың арқасында экономиканың барлық салаларында оң үрдіс байқалған. Өсімнің негізгі күші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс болды.
«Өнеркәсіпте жыл басынан бері тұрақты өсім байқалуда, қаңтар-қыркүйекте 8,3 пайызды құрады. Кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 11,3 пайызға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,7 пайызды құрады. Ішкі нарыққа бағдарланған салаларда елеулі өсім байқалуда, соның ішінде фармацевтикалық өнімдер шығару, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ мұнай өнімдері өндірісі», деді министр.
Экспортқа бағдарланған салаларда да өсімнің тұрақты қарқыны байқалуда, мәселен, қара металлургия өндірісі 7,8 пайызға, түсті металдар өндірісі 6,6 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында өсім 1,9 пайыз деңгейінде сақталған, сондай-ақ құрылыс қаңтар-тамыз айларындағы 0,1 пайыздан осы жылдың 9 айында 3,5 пайызға дейін артқан.
Министрдің айтуынша, тоғыз айдың қорытындылары әлеуметтік-экономикалық өсімнің барлық салаларында оң қарқын көрсеткен. Осыны ескере отырып, жыл қорытындысы бойынша кем дегенде 3,4 пайыз деңгейінде экономика өсімі орын алады деп болжануда.
Даму болжамы мақұлданды
Алқалы жиында қаралған тағы бір мәселе – еліміздің 2017-2021 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 2016 жылғы ІЖӨ бойынша есептік деректер мен осы жылдың көрсеткіштері негізінде анықталғанын мәлімдеді.
Жылдың басынан бері елде экономикалық белсенділіктің жақсарғаны байқалады. 2017 жылы ІЖӨ 51 855,3 млрд теңге көлемінде болжанған, бұл ақпанда мақұлданған көрсеткіштен 2 114,7 млрд теңгеге жоғары. Халықтың жан басына шаққанда ІЖӨ 8,7 мың долларға дейін ұлғаймақ.
Өнеркәсіп өсімі кен өндірісі саласының 8,2 пайызға дейінгі болжамды өсімі мен өңдеу өнеркәсібінің 4,5 пайызға дейінгі күтілетін өсімі есебінен 6,2 пайызға дейін ұлғайтылады деп қайта қаралған. Ал мұнай өндіру көлемі ірі кен орындарында (Қашаған, ТШО, Қарашығанақ) өндіру жоспарын асыра орындау есебінен 81-ден 84,5 млн тоннаға дейін ұлғайтылыпты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі 2,5 пайыз деңгейінде сақталған.
«Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2017 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы да нақтыланды. Республикалық бюджеттің 2017 жылғы кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 4 952,8 млрд теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 60,8 млрд теңгеге жоғары көрсеткіш», деді министр.
Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша, сонымен қатар мемлекеттік кәсіпорындар кірісінің бір бөлігі мен дивидендтердің жоспарланбаған түсімдері есебінен салықтық емес түсімдер бойынша негізгі асыра орындау орын алады деп күтілуде.
Сонымен қатар үкіметтік қарыз өсімін шектеу және еліміздің тәуелсіз рейтингін сақтау мақсатында бюджет тапшылығын 47,9 млрд теңгеге немесе ІЖӨ-ні 3,1 пайыздан 2,9 пайызға дейін қысқарту ұсынылған.
Ұлттық қордың кепілді және мақсатты трансферттері бұған дейін бекітілген көлемде сақталған.
300-ге жуық нысан жекешелендірілді
Үкімет отырысында жекешелендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайы да кеңінен талқыланды. Айталық, жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына барлығы 877 нысан енгізілген. 1 қазандағы жағдай бойынша 441 нысан сатылымға қойылса, оның 291 нысаны 112,7 млрд теңге сомаға сатылған.
Сатылған нысандар – сату бағасы 8,3 млрд теңге болатын республикалық меншіктегі 23 нысан, сату бағасы 33,1 млрд теңгені құраған коммуналдық меншіктегі 162 нысан және сату бағасы 71,3 млрд теңге болатын квазимемлекеттік сектордың 106 нысаны. Бұдан өзге 211 нысан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде. Осылайша қайта ұйымдастырылатын және таратылатын нысандарды есепке алғанда кешенді жоспарды орындау ағымдағы мерзімде 74,3 пайызды құраған.
«Жалпы, 2017 жылға 473 нысанды өткізу жоспарланған, оның ішінде бүгінгі таңда 251 нысан сатылымға қойылды, 55,6 млрд теңге сомаға 112 нысан сатылды. 115 нысан қайта ұйымдастыру және тарату кезеңінде. Осылайша, жыл соңына дейін 107 нысанды өткізу қажет», деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Білім жүйесін жандандырған бағдарлама
Жиында қаралған үшінші мәселе – білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, жалпы 2017 жылда білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 8 индикаторын, 51 көрсеткішін, 168 шарасын орындау жоспарланған. Бұл жылдағы шараларды іске асыруға 418 562,9 млн теңге бөлінген.
«Жалпы, бағдарлама басталғаннан бері елімізде 1309 мектепке дейінгі мекеме ашылып, 155 мектеп салынды. Мектепке дейінгі ұйымдардың арнайы білімі бар педқызметкерлерінің сапалы құрамы 1500 педагогқа артты. Жоғары және бірінші санатты педқызметкерлердің саны 145 мың адамды құрайды. Мектепке дейінгі және мектепте білім беру мазмұны ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жаңартылды, колледждер мен ЖОО-ларда халықаралық сарапшылар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әзірленген 92 жаңа бағдарлама енгізілуде», деді министр.
Е.Сағадиев, сонымен қатар балаларды балабақшаға бөлу үдерісі қанатқақты режімде автоматтандырылып жатқанын, 2018 жылы жүйені тұтастай енгізу көзделіп отырғанын, ал балабақша ашу рәсімін жеңілдету мақсатында жаңа санитарлық нормалар мен ережелер қабылданғанын атап өтті.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептердің орнына 76 мектепті пайдалануға беру жоспарда бар. 1 қыркүйекте 52 мектеп пайдалануға берілген. 318 колледжде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. 421 колледжде 80 мамандықтың 160 біліктілігі бойынша 27 193 студентті қамту арқылы 2 433 кәсіпорынның қатысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілуде.
ЖОО-ларда бақылау кеңестері арқылы ректорды таңдау тетігі енгізілген, корпоративтік хатшылар мен ішкі аудит қызметтері құрылуда. Қазақстанның сегіз ЖОО-сы 2017 жылы QS WUR әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде аталып өткен.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»