Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Балалар бір-бірін бағалауды үйренеді

759 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі қоғамдық жаңару, замана талабы мен уақыт көшіне ілесу ұстаздарға артылған салмақты міндет болып тұр. Осы үлкен жауапкершіліктің үдесінен шығу мақсатында елімізде ұйым­дастырылып жүрген мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен жаңар­тылған білім беру бағдарламалары негізінде өтіп жатқан курс­тардың маңызы зор.

 

Балалар бір-бірін бағалауды үйренеді

Уақыт талабына ілесу үшін мен де осы курсты оқып, білімімді шың­дадым. Оқығанымды іс-тәжірибеде қолдана бастадым. Қазір шәкірт оқы­туға деген көзқарасым мүлде өз­герді. Бұрын мен оқушыларға тек тақырыпты түсіндірсем, сөйлем талдауды үйретсем деген мақсат қоятынмын. Осы бағдарламадан кейін мұғалім ретінде басқаша пайымдайтын болдым.

Ендігі жерде білімнің қажет­ті­лігіне оқушылардың көздерін жет­­кізіп, өздігінен білім алуға ба­­ғыттасам деген мақсат қойып отыр­мын. Алдымен сабақ жоспарын жаңадан білгенім бойынша құру қажет деп танып, пән бойынша оқу бағдарламасында айтылған оқу мақсаттарына зейін қою керек екендігін білдім.     Сабақта белгілі бір мерзімде орындауға болатын, нақты, қолжетімді, шындыққа негізделген мақсаттар қоюды, ресурстар мен ұсынылатын қызмет түрлерін алдын ала қарау және танысу қажет болған жағдайда бейімделу әрі оқу мақсатын меңге­ру үшін жетістік өлшемдерін құ­рып, түпкі мақсатқа сәйкес тапсырмалар жасалуы қажеттігін тү­сіндім.

Мектеп белгілі бір білім қоры­на­ ие тұлғаны ғана тәрбиелеп қой­­май, еңбексүйгіш зияткер аза­мат­ты тәрбиелеп шығаруы тиіс.­ Мұның барлығы білім беру мен тәрбие сапасын көтеруді, әр­бір пәнді оқытудың ғылыми дең­гейін жоғарылатуды талап етеді. Сон­дықтан менде білім беру мен бі­лім алудағы жаңа тәсілдердің қай түрі тиімді, өз сабағыма қалай қол­дансам қызықтыра аламын деген ой болды. 

Осы деңгейлерді жоғары­лату­дың бір түрі – мектеп тәжіри­бе­сіндегі топтық, ұжымдық оқыту түр­леріне және соның барысында кері байланыс ұйымдастыру арқылы оқуға сыни көзқарастарын қалыптастыру. Топтық жұмыс –­ өзі­нің барлық белгілері бар ын­ты­мақ­тастықтың идеалды мо­делі. Ең алдымен сыныптың та­тулығын қалыптастыру, бірігіп жұ­мыс жасау, бір-біріне деген құр­меттері артуы мақсатында топқа бө­луден бастадым. Топқа бөлініп жұ­мыс істеген оқушылар арасында бір-біріне деген сенімділік жә­не ұйымшылдық пайда болды.

Бұл­ бұрынғы өзіміз өтіп жүрген дәс­түрлі сабаққа қарағанда, тиім­ділігін, оқушының сабаққа деген ын­тасын ашатынын байқадым. Оқу­шылардан дәстүрлі сабақ пен­ топтаса отырып өткізілген са­бақ­тың айырмашылығын сұра­ғанымда, олар ойын былай жеткізді: дәс­түрлі сабақта өзіміз үшін ғана жауап беретінбіз, ал топтық сабақ өт­кеннен бері тапсырмаларды орындағанда тобымыз үшін жауап беруге үйрендік, бұрын бізді тек мұ­ғалім бағалайтын, қазір өзіміз де бір-бірімізді бағалау мүмкіндігіне ие ­болдық, дәстүрлі сабақ кезінде бір-бірімізді тыңдамай, кейде жа­зуға ерінетінбіз, сабақты дұрыс ұқ­пағандықтан зерігетінбіз, топтасып оқығаннан кейін бір-бірімізді тың­дауға, ережеге бағынуға үйрендік. 

Осындай пікірлер мен коман­да­лық рух бұл әдісті тиімді пай­далануға болатынына көз жеткізді. Са­бақ соңында міндетті түрде пі­кірлерін екі жұлдыз, бір ұсыныс ре­тінде айтып отырады. Бұл да өз кезегінде оқушыларды сыни тұр­ғыдан ойлауға итермеледі, сын­дарлы сөйлеуге ынталандырды, басқалардың идеясын құрметтеуге және бағалауға дағдыландырды әрі­ оқушылардың пәнге қызы­ғушылығы артты. Ең бас­ты­сы, шә­кірттерім бір-біріне бауыр басып, өзін және жолдастарын бағалай біледі. Олардың бойында өздеріне де­ген сенімділік пайда болды, құл­шыныстың, белсенділіктің арт­қанын байқадым.

Біздің мақсатымыз – оқу­шы­ларға тек білім беріп қана қоймай, со­нымен бірге оқушылардың білімін бағалау. Қазіргі білім беру жүйесінде бағалау жаңа сипаттарға ие ­болуда. Нақты мысал ретінде бір­ сабағымның барысын айтар болсам, оқушылар топтасып бол­ғаннан соң, рөлдік ойындарды қы­зыға бөлісіп алды. Бұл жерден бай­қағаным, ойын элементтері мен өздеріне жауапкершілігі бар тапсырмалар беру арқылы оқу­шылардың қызығушылығын арт­тыруға болады. Оның алдын ала өздері нақтылаған ба­ға­лау өлшемдері бойынша ба­­­ға­­­­ланатынын ескерттім. Бір­қатар оқу­шылар өз тобын ұйымдастырып, үз­дік идеялармен бөлісіп отырды. Берілген тапсырмаларын орындап,­ тақтаға іл­ді.­ Өздерін өз­дері бағалады. Бі­рін­ші топ уақыт үнемдейміз деп­ жұмыстарын шала жасаған, ал­ екінші топ өз орнымен дұрыс орналастырған, үшінші топ жұ­мыс­қа бірнеше материалдар пай­даланған. 

Бұдан байқағаным, оқушылар­дың ойлау қабілеті жоғары екен. Жа­саған топтық жұмыстарын бір біріне «Екі жұлдыз, бір тілек», «Сэндвич», «Үш жұлдызша, бір ті­лек» әдістері арқылы бағалады. Сы­ныбымызға бағалау қатты ұнайды. Себебі бұрын мұғалім ғана бағалап келді. Бағалаушы болып сайланған оқушы бағалау өлшемін топтық бағалауда, өзін-өзі бағалауда пайдаланды. Мен өз сабағымда топтық жұмыста қалыптастырушы бағалаудың жақсы іске асқандығын байқадым. Қалыптастырушы бағалау мұға­лімге оқушылардың оқуда мақ­сатқа жетуін қадағалап отыруы­на мүмкіндік береді және оқу үде­рісіне дер кезінде өзгертулер мен түзетулер енгізуге, ал оқушыға ба­рынша жауапкершілікті болуға кө­мектеседі.

  
Топпен жұмыс істеу кезінде қан­­дай да бір істің атқарылуы ма­ңызды емес, оның топпен қалай жа­салғандығы маңызды. Мұндай жағдайда жұмыстың нәтижесі ғана бағаланбайды, сонымен қатар жұмыс нәтижесі де бағалануы тиіс. Өйткені топта жұмыс істей білу оқу­шыны қалыптастырудағы өте маңызды құзыреттілік. Ұжымдаса әрекет етудің бірнеше бағыттары бар. Мұғалім әр топтың бел­сен­ділігін бағалайды, белсенді оқу­шыны анықтайды, өзін-өзі бағалау – топпен бірлесе атқарған тап­сырма кезіндегі оқушылар мен мұғалімнің байланысын бағалайды.

Мұғалім топтық жұмысты ба­ға­лау кезінде топтағылардың әр­қайсысына әртүрлі баға қоя алмайды. Себебі ол топтық жұмыстың бел­сенділігіне кері әсерін тигізеді. Бірақ мұндай жағдайда да ұстаз топ­тық жұмысқа қатысып отырған және мүлдем белсенділік танытпай отырған оқушылар жайлы айта кетуі керек.

Қалыптастырушы бағалауды са­бақ­та қолдану мұғалім мен оқу­шы арасындағы сыртқы ке­рі байланыстың ішкі кері бай­ла­нысқа ауысуы болмақ. Оқушы өзін бақылап, өзінің әрекет тәсіл­дерін таңдайды, нәтижелерін өзі­ бағалайды. Осылайша бала мақ­сат қоя білу арқылы күтілетін нә­ти­жені жоспарлай алады. Сабақ нә­тижесі ретінде ББҮ кестесін тол­тырады. Тақырып бойынша нені білетіндерін, нені білгілері келетіндерін, нені үйренгендерін жаз­ды. Бұл кестені толтыру­ нәти­жесінде оқушылардың тақы­рып­ты жақсы меңгергендігін түсіндім. Олар алдын ала белгіленген өл­шемдер арқылы өздерін және бі­рін-бірі бағалады.

Әрбір мұғалімнен өзі сабағында қол­данған жаңа тәсілдердің дұрыс-бұрыс жағын терең талдап, зерттеу жүргізу талап етіледі. Себебі кейде теория мен тәжірибе үйлеспей қалатын кездер де болады. Бұрын оқу үдерісі кезінде бар салмақ мұ­ғалімге түсетін. Ол белгілі шең­берде жұмыс істейтін. Жаңаша оқы­тудың жүйесі бойынша бұл тә­сіл біршама өзгерді. Мұнда ба­лаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауына, ойлануына мүмкіндік жасалады.

 

 

Эльмира РАПИЛОВА, 
Алматыдағы №178 лицейдің 
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

АЛМАТЫ