Жиында аймақ басшысы экономиканың дамуына Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы тың серпін бергенін әңгімеледі. Бағдарлама аясында онда 20 жоба жүзеге асса, оның 16-сы толық қуаттылығында жұмыс істеп тұр. Қызылордада соңғы жылда ҮИИДБ кәсіпорындары өндірген өнім экспорты 23 пайызға артып, импорттаушы мемлекеттер саны 8-ден 11-ге жеткен.
«Жүзеге асырылған жобалардың сапасын арттыру мақсатында біз Индустрияландыру картасына түгендеу жүргізіп, тиімсіз және экспорттық әлеуеті төмен, бәсекеге қабілетсіз жобаларды алып тастадық. Қалған жобалар бойынша нақты жұмыс атқарылуда. Мәселен, келер жылы облыста молибден үш тотығын шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Өнім экспортының негізгі көлемі Жапонияның үлесінде болады. Алдағы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығаруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, келер жылы құрылыс саласында ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты да іске қосамыз», деді облыс әкімі. Бұл кәсіпорындардың барлығының экспорттық әлеуеті жоғары, жаңа технологиялар енгізілген.
Қырымбек Елеуұлының сөзіне қарағанда, аймақ дамуында оң динамика бар, ірі жобалар жүзеге асуда. «Британдық инвесторлармен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба жүзеге асырылуда. 110 тонна аммоний метаванадатын Тайванға экспорттап үлгердік. Бұдан бөлек, қазір Қызылордада ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыс істелуде. Қыркүйек айының соңында түркиялық «Yıldızlar SSS Holding» компаниясымен бірлесіп, 2 ірі нысан құрылысын бастау туралы шешім қабылданған еді. Оның бірі – жылдық қуаттылығы 27 млн шаршы метр керамикалық тақта және керамогранит шығаратын зауыт, екіншісі – қуаттылығы 138 МВт/сағ болатын газ поршеньді стансасы. Керамикалық тақта шығаратын зауыт осы өнімді жасайтын Қазақстандағы ірі өндіріс орны болады. Ал, газ поршеньді электр стансасының іске қосылуы электрмен қамтамасыз етуді жақсартып, аймақта өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді», деді әкім.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»