Қазақстан • 18 Қазан, 2017

Қытай экономикасы әлемде алдыңғы қатарда келеді

586 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай коммунистерінің XlX съезі бүгін Бейжің уақытымен таңғы сағат 9.00-де басталды. 2300-ден астам делегаттың алдында баяндама жасаған партия басшысы Си Цзиньпин құрылтайда көтерілетін басты тақырыптарды атап өтті. 

Қытай экономикасы әлемде алдыңғы қатарда келеді

Қытай басшысы бір сəтке де алға қойған ұлы мақсаттан, яғни Қытайға ғана тəн социалистік даму жолынан таймай, орта дəулетті қоғамды қалыптастыруға күш салу жəне еш күмəнсіз жұңғо халқының арманы болған қытай ұлтының жаңғыруы туралы айтып өтті.

– Осы мақсатқа жету жолында əрбір коммунист өзгерістерден бой тартпай, инновациямен айналысып, бір орында тұрып, көнеріп қалудан сақтанып, түпкі мақсатқа жетуге күш салуы тиіс. Қазіргі уақытта Қытай экономикасы əлемдегі алдыңғы орындарды ұстап, жетістігінен айнымай келеді. Ішкі жалпы өнім 54 трлн қытай юанінен 80 трлн юаньге көтеріліп, əлем экономикасына қосқан жұңғо жұртының үлесі 30 пайызға артты. Бұған дейінгі құрылтаймен арада елде 1500-ге тарта реформалық шара жүзеге асырылды. Кедейлікпен күрестің қарқынды жүргізілуінің арқасында 60 млн адам оның құрсауынан шықты. Кедейлік көрсеткіші 10,2 пайыздан 4 пайызға төмендеді. Біз үшін адамдар бойында қанағаттанғандық сезімі орнауы маңызды, – деді баяндамасында Си Цзиньпин.

Қытай басшысының айтуынша, ұлы арманға жету үшін ұлы күрес керек. Жұңғо жұртын өз идеяларына ерткен коммунистік партия бүгінгі заманның қатерлеріне, ірі тəуекелдеріне қарсы тұрып қайшылықтарды жеңе білуі тиіс. Партия алға қойған міндеттердің көп жылдарға бағытталғанын, оның қиындығын, көп тер төгуді қажеттігін біліп ұлы мақсатқа, ұлы арманға жетуде ұлы бағдарлама қажеттігін біледі. Сондықтан партия құрылысының жаңа бағдарламасы ұсынылып отыр, деді ол.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»,

Бейжің, ҚХР