Металлургия өндірісінің жұмыскерлері өз компаниясының айтулы мерекесі – жиырма жылдығы ешкімге ұқсамайтындай етіп бірегей түрде құттықтауды ұйғарыпты. Олар кешен аумағында өзгеше құттықтау инсталляциясын орнатты.
– Біз өзіміздің сүйікті компаниямыз – «Казцинк» жиырмаға толған жылы «қарапайым» ғана кәдесый жасадық, – дейді кешен қызметкерлері. – 85 мырыш қатқабатынан немесе 4 590 құймасынан алып цифрлар «қалап шықтық». Алып компанияға – алып сыйлық! Жұмыс кезінде бірде-бір құйма бүлінген жоқ.
Үлкен цифрды жасаған кезде төрт электр тиегіш пайдаланылыпты, оларды өз мамандығының шеберлері – Бауыржан Қаржаубаев, Данил Иванников, Ерасыл Оразаев, Сергей Конюхов басқарған көрінеді. «Құттықтау» алаңы – 90 шаршы метрдей. Ал оның жалпы салмағы – 100 тоннаға жуық.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
РИДДЕР