Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Астық қамбада, бірақ диқан көңілі күпті

713 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Диқанның еңбегінде мін жоқ. Алтын дәннің оңайлықпен алақанға түспейтінін тәңірім оның маңдайына жазып қойған секілді. Биыл жазда ауа райы диқанға аса кедергі бола қоймады, соның өзінде астық жинау­ды қостанайлық диқандар межелі қыркүйектің 20-на емес, 5 қазанға дейін созды. Қамбаға 5 миллион 234 мың тонна алтын дән құйылып алынды.

Астық қамбада, бірақ диқан көңілі күпті

Гектар айналымы орта есеппен 12,5 центнерден келді. Бірақ маңдайтердің қайтарымы осы ғана ма? Оның бағасы дұрыс, өтімі жақсы болмаса алтын дән диқан алақанынан құмша сусып кете береді. Өйткені дәннің қамбада сақталуының әр күні оған қаржыға түседі, астық жатқан сайын пайда емес, шығын әкеледі. Диқан көңілі бүгін содан да күпті.

Науырзым ауданындағы «Шолақ­сай» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі биыл 17 мың гектарға егін ек­кен болатын. Оның 400 гектары ар­па да, қалғаны бидай. Биыл гектары­на 8 центнерден өнім жиналды. Би­дайдың қамырлылығы 30 пайыздан асып кетті. «Шолақсай» бидайы­ның артықшылығы да осы сапасында. Енді сол сапаның табысы көңіл көншітпейтін түрі бар. 

– Астыққа лайықты бағаға сұраныс болмағандықтан биылғы түгілі, былтырғы астығымыз қамбада жатыр. Қазір біздің қолдағы қамырлылығы 30 пайыздан асатын сапалы 3-кластық бидайдың бір тоннасын 40 мың теңгеден сұрайды, бұл ең қымбат дегені. Тіпті тоннасын 35-36 мың теңгеден сұрайды, бұл еңбегіңнің қайтарымын шығармайды. Ең болмаса қамырлылығына сәйкес 60 мың теңгеден сұраса ғой. Сонымен бидайды бауырымызға басып отырмыз, – дейді шаруашылық жетекшісі Мәди Ихтиляпов. 

Қазір негізінен 3-кластық бидайға сұраныс жоқ. Оның үстіне «Азық-түлік корпорациясы» АҚ 3-кластық бидайдың қамырлылығы 23 пайыз болса тоннасын 40 мың теңгеден, ал 27 пайыз болса 48 мыңнан 52 мың теңгеге дейін бекіткен. Қамырлылығы 30 пайыздан асып кететін бидайдың тоннасын 40 мың теңгеге беруге диқанның қалай іші ашымасын? Ал шаруашылықтар негізінен нақ осы 3-кластық бидай өндіруге тырысады, өйткені қамырлылығы жоғары бидайдың наны да сапалы болады. 

Тағы бір мысал. Меңдіғара ауданындағы «Заря» шаруашылығы жылда 3 мың гектарға бидай себеді. Шаруашылық осы күздің кеусенінен әлі бір уыс бидай сатқан жоқ. Ша­руа­ны жүргізуде тәжірибесі мол Алек­сандр Клинко баға түзелмесе, ша­руа­шы­лықтың арбасы қисаятынын айтады. 

– Менің есіме 1994-1998 жылдар түседі. Ол кезде бір тонна көмір алу үшін 3-4 тонна бидай сатқанбыз, бір тонна жанар-жағармайдың құ­ны 4,5 тонна астық болатын. Баға сәйкессіздігінен шаруашылықтар ыды­рап бітті. Қазір де жыл сайын көмір­дің де, жанар-жағармайдың да бағасы қымбаттайды, ал астықтың бағасы төмендеп барады, нарықта баға сәйкестігі болуы керек қой. Көмір, бензин қалай керек болса, нан да солай қажет емес пе? – дейді А.Клинко.

Жерді баптап отырған кіммен сөйлессең де, олар бұл мәселеде мемлекет көмегіне иек артатынын жасырмайды. Рас, мемлекеттің арқасында ірі шаруашылықтардың барлығы да техникаларын жаңалап алды, субсидия диқандарға тыңайтқыштың, химиялық өңдеудің салмағын сездіре қоймады. Соның арқасында шаруашылықтар егін алқабын кеңейтті, астықты бұ­рынғыдан көп өндіретін болды. Бұр­нағы жылдары «Азық-түлік корпора­циясы» мемлекетке астық сатып алып, диқан тынысын тағы бір кеңейтетін. Қазір ол тоқтатылды да, нарық бұй­рығына мойынсұнған жай бар.

– Мемлекет астықты сатуда шаруа­шылықтарға көмек қолын соз­баса, шыққан биігімізден кейін сырғуымыз әбден мүмкін. Өйт­кені нарықтағы баға бір-біріне сәй­кес емес. Өткен жылы дизель отыны­ның бір литрі 102 теңге еді, ол биыл еркін нарықта 158 теңге болды. Ал бидайдың бір тоннасы өткен жылы 60 мың теңге болса, биыл 40 мың теңгеден де өткізе алмай отырмыз, – дейді А.Клинко. 

Астық бағасының түсуі көрші Ресейде биыл мол астық өндірілуіне де байланысты болып отырған көрінеді. Білуімізше, көрші ел биыл 130 миллион тонна бидай өндірген. Біздің нарықты қысып жіберген де сол көп бидайдың буы болса керек. 

– Нарық екен деп, бар салмақ­ты диқанның иығына артуға бол­май­ды. Астықты өткізуге Үкімет, жергі­лік­ті билік көмек қолын созса игі. Ұн бұрын экспортқа жақсы өте­тін. Қазір осы мәселеге де мем­ле­кеттік жаңа көзқарас керек. Өйт­кені біздің ұнды алатын Өзбек­стан, Орталық Азияның басқа елдері, өзіміздің оңтүстік облыс­тар өздерінде қуатты диірмен қо­йып алды. Ресейдегі астық мол­шы­лығы астық нарығындағы бәсеке тиімділігін біздің бұрынғы тұтынушыларымызға қарай бұрып отыр, – дейді Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов. 

Қазір облыста егін алқаптарын әртараптандыру жүріп жатыр. Көптеген шаруашылықтар осыған бетбұрыс жасай бастады. Зығыр, күнбағыс, рапсқа нарықта сұраныс бар. Көктемде 351 мың гектарға ғана осы майлы дақылдар себілді. Бұл барлық егіс алқабының 7 па­йызы ғана. Соңғы жылдары на­рық диқандарға бұршақ тұқымдас дақылдармен айналысуды меңзей бастады. Қазір бұршақ, жасымық, қыша секілді дақылдар егуді бас­тағандар бар. Оның көлемі әзірге 65 мың гектарды құрайды. Бірақ олардың да сатылымы белгілі ізге қойылған жоқ. Облыста, жал­пы солтүстік өңірде майлы дақыл­дарды қабылдайтын қуатты май өңдеу зауыттары жоқтың қасы. 

Диқан еңбегінің еш болмауын ауылдағылар тілеп отыр. Өйткені өзінің әлеуметтік тұрмысының жақ­саруы да ауылшаруашылық өнімдерінің өтімділігіне байла­нысты екенін алақанының күсі арыл­майтын еңбекші жұрт түсініп қалған. 


 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы