«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бірінші кезеңде осыған дейін жарақатына байланысты айдынға шыға алмай келген «Барыстың» капитаны Найджел Доус 7-минутта есеп ашып, биылғы чемпионаттағы 19-ыншы голын соқты. Әйтсе де іле-шала тәртіп бұзған Антон Сагадеев айдыннан қуылып, мұны қонақтар сәтті пайдалана біліп, канадалық шабуылшы Джеймс Райт таразы басын теңестірді.
Екінші кезеңде 32-минутта «Барыстың» қорғаушысы Максим Семенов мергендік танытып, осы біріншіліктегі алғашқы голын соғып, командасын алға шығарды. Содан кейін Талғат Жайлауов 35-минутта есепті 3:1-ге жеткізді, бұл оның биылғы маусымдағы төртінші голы еді. «Адмиралдың» қос бірдей хоккейшісі айдыннан қуылған сәтте Н.Доус 39-минутта осы матчтағы өзінің екінші голын қарсыластар қақпасына енгізді.
Үшінші кезеңде 47-минутта қонақтар сапындағы америкалық қорғаушы Джонатон Блумның алыстан бағыттаған шайбасын «Барыстың» қақпашысы, швециялық легионер Хенрик Ларссон тойтара алмады. Матч бітуге үш минуттай уақыт қалғанда, «Адмиралдан» словениялық шабуылшы Роберт Саболич есепті 4:3-ке дейін қысқартты. Бұдан кейін қонақтар қақпашысын ауыстырып, айдынға алтыншы ойыншысын шығарғанымен, ештеңе бітіре алмады.
Осылайша, тартысты бәсекеде «Адмиралды» 4:3 есебімен тізе бүктірген астаналықтар 40 ұпаймен ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында үшінші орынға көтерілді. Өз айдынындағы ойындарды онша сәтті өткізбей жүрген «Барыс» мұның алдында «Амур» (Хабаровск) командасына 1:3 есебімен есе жіберген болатын. Евгений Корешковтың шәкірттері алдағы төрт бірдей кездесуін сырт айдында өткізіп, соның алғашқысында 21 қазан күні Нижний Новгород қаласында жергілікті «Торпедо» командасымен шеберлік байқасады.