Сонымен қатар адамдар арасындағы қиын жағдайдың алдын алу да мақсатты дүние. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Адами капитал сапасын жақсарту» туралы төртінші басымдығында да осы мәселені атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар Елбасының Жолдаудың басымдықтарына орай жергілікті билікке нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырған тапсырмасы да бар. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында Жолдау аясында әлеуметтік сала бойынша атқарылып отырған жұмыстар баршылық.
Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты басқа адамның көмегін аса қажет ететін жалғызбасты мүгедектер мен қарттарға әлеуметтік көмек көрсететін 9 медициналық-әлеуметтік мекеме бар. Оның ішіндегі 3 мекеме қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтары болса, 1 мекеме жүйке аурулары интернат үйі және тағы 1 мекеме ақыл-есі кем балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы. Басқарма басшысының орынбасары Ермек Бықыбаев аталған медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1097 адам толықтай мемлекет қамқорлығына алынғанын айтып отыр. «Мүгедектерді оңалту және мүгедек балаларды оңалтып, бейімдейтін 4 орталық жұмыс істейді. Орталықтарда бір мезгілде 180 мүгедек, оның ішінде 120 мүгедек бала бейімдеу мен оңалтудан өте алады. Атқарылған қызметтердің нәтижесінде осы уақытқа дейін 29 қызмет алушының денсаулығы жақсарып, әлеуметтік жағдайы оңалып, қоғамға бейімделіп, отбасына, яғни үйіне қайтарылды», дейді ол.
Елбасы айтқан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке мүмкіндігі шектеулі жандар да үлесін қосып келеді. Мәселен, өңірде тұрғындарды әлеуметтік еңбекпен қамту мақсатында қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінде қарттар үшін арнайы шеберханалар ашылған. Мұнда олар ағаштан бұйым жасау, тоқыма өнері, сурет салу, ұршық иіру, жүн түту, бау-бақша, шаруашылық және асхана жұмыстары қызметімен айналысады. Мысалы, №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының мемлекеттік қамқорлығындағы зейнеткер Анатолий Лесновтың басшылығымен 7 адамнан құралған топ ағаштан әртүрлі бұйымдар жасап, көрмелер ұйымдастырып келеді. Олар ұлттың төл өнерін насихаттауда айтарлықтай жұмыстар атқарып қана қоймай, қоғамда да оң пікірдің қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Өңірде әлеуметтік саланың әлеуетін көтеру мақсатында Жамбыл ауданы, Аса ауылында 30 орындық, Шу ауданы Төле би ауылында және Қордай ауданы Қордай ауылында 25 орындық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, бүгінде тиісті деңгейде жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Т.Рысқұлов ауданында 20 орындық мүгедек балаларға арналған сыйымдылығы шағын үй және 10 орындық жалғызбасты қарттарға арналған күндізгі бөлімше ашылса, биылғы жылы Меркі ауданында да 25 орындық орталық ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл нысандардың барлығы да мүмкіндігі шектеулі қоғам мүшелерін толықтай қамтып, олардың туындаған мәселелерін шешіп бере алады.
Сонымен қатар еліміздегі мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында Сарысу ауданында 25 орындық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Ал Тараз қаласында 25 орындық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығы 2014 жылы қазан айында ашылған еді. Нәтижесінде 77 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Ағымдағы жылы осындай орталық Шу ауданы Төле би ауылында ашылатын болады.
Жалпы, жыл сайын елімізде «Қазақстанда жүргізілетін үздік әлеуметтік жобалар» республикалық байқауы ұйымдастырылып келе жатқаны белгілі. Бұл жерде де талай мүмкіндігі шектеулі жандар үздік деп танылып, қоғамда өз орнын қалыптастыруға мүмкіндік алды. Мәселен, 2014 жылы Жамбыл облысынан үздік әлеуметтік жобалар жеңімпазы ретінде Анжелика Сарьян танылған еді. Ол 2011 жылы «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау» қоғамдық қорын құрған болатын. 12 адамды жұмыспен қамтыған қор облыс тұрғындарына онкологиялық ауру түрлері бойынша ақпарат береді. Сондай-ақ тегін дәрігерлік тексеруден өткізіп, қатерлі ісікке шалдыққан науқастар мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетеді. Атап айтсақ, мекеме директоры аталған дерт түрімен күресіп келген еді. Қуанышқа қарай, өмірге деген құштарлығының арқасында дерттен айығып, ақыры қайырымдылықпен айналысуға бел буады.
Ең бастысы, еңбек нәтижелі болып, аталған орталық дертіне шипа іздеген жандарға лайықты көмек көрсетті. Аталған жоба бойынша 2015 жылы 15 жастағы сал ауруына шалдыққан тараздық Исаак Мустопуло үздік деп танылған. Астрофизикаға қызығатын баланың арманы көп. Отандық ғылымға үлес қосуды армандаған жеткіншектің қабілетіне Кэмбридж университетінің математигі Стивен Хокингтің өзі қызығушылық танытқан екен. Исаак болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруді армандайды.
Әлеуметтік салаға соны серпін беретін де осындай жобалар. Ал еліміздегі түрлі бағдарламалардың да бұл тұрғыда тигізіп отырған әсері көп. Алдағы уақыттарда да Әулиеатада әлеуметтік саланың серпін ала түсетініне сенім бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы