Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Қырғыз үкіметі өз міндеттемелерін орындайтын болды

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Астанада өткен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағын­таев пен Қырғызстан Премьер-министрі Сапар Исақовтың келіссөздері нәтижесінде бірқатар уағдаластық жасалды.

Қырғыз үкіметі өз міндеттемелерін орындайтын болды

Сапар Исақов бастаған бір топ қырғыз делегациясы кеше Астанаға кештетіп жетті. Үкімет басшысы, оның орынбасарларынан бастап бүкіл министрлері бар қырғыз делегациясы Қазақстан Үкіметі басшысымен кездесу туралы бастаманы өздері ұсынған екен. Оған Қазақстан тарапы келісім берген сәтте бірден Астанаға ұшып келген.

Делегация құрамында бірінші вице-премьер-министр Толқынбек Абдығұлов, сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев, қаржы министрі Адылбек Қасымалиев, экономика министрі Артем Новиков, мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы Азамат Сулайманов, мемлекеттік са­лық қызметінің төрағасы Ок­тя­брь Аб­дыкаимов, мемлекеттік эко­но­микалық қылмыстарға қарсы кү­рес қызметінің төрағасы Замирбек Ос­монов, мемлекеттік көші-қон қыз­ме­тінің төрағасы Медетбек Айдара­лиев, мемлекеттік кеден қыз­меті төр­ағасының орынбасары Құр­ман­бек Исаков және басқалары бар.

Екі ел Үкімет басшыларының кез­­де­суі алдымен шағын құрамда жабық есік жағдайында өтті. Одан соң екі елдің ми­нистрліктері мен ведо­мстволары бас­шыларының қаты­суымен кеңейтілген құрамда келіс­сөздер жүргізілді. Оның барысын­да шекаралық, көліктік, фитоса­ни­тариялық және ветеринариялық бақы­лау, ЕАЭО және ДСҰ ержелері мен нор­маларын ескере отырып, кеден­дік және салықтық әкімшілендіру мәсе­лелері қарастырылды. 

«Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бірнеше рет атап өт­ке­нін­дей, бауыр­лас екі елдің қарым-қатынасы барлық жа­ғынан жақсы әрі өңірдегі өзара тиімді ын­ты­мақ­­тас­тықтың үлгісі болуы керек», деді Б.Сағынтаев келіссөздер ба­ры­сында. 

Өз кезегінде С.Исақов Қыр­ғыз­станнан үлкен делегация келгеніне тоқ­талды. «Мен Қырғызстанның Пре­мьер-ми­нистрі ре­тінде сындарлы жұ­мысқа бейіл­дімін», – деп атап өтті ол.  

Келіссөздердің қорытындысы бо­йынша тараптар 19 қазандағы 00.00 са­­ғаттан бастап қазақ-қырғыз шека­ра­сынан қол жүгі бар жеке тұлға­лар­дың, жолаушы тасымалдайтын тұ­рақ­ты автобустардың, жеңіл автокө­лік­тер­дің, бос жүк көлік құралдарының басым­дықты тәртіппен өтуін қам­та­масыз етуге уағ­даласты. 

Сонымен қатар, екіжақты эконо­ми­­калық қарым-қатынастардың өзекті мәселелері бойынша бірлескен «Жол кар­тасын» әзірлеу үшін Қазақстан мен Қыр­ғызстан Премьер-министрлерінің бі­рінші орынбасарлары төрағалық ететін жұмыс тобын құру туралы шешім қа­­был­данды. 

Келіссөздер аяқталғаннан кейін оның қорытындысы жөнінде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мә­лім­деме жасап, қырғыз елінен үлкен делегация келгенін, бұл сапар бірер күн бұ­рын осы тараптың бастамасымен бол­ған телефон арқылы сөйлесудің нәти­же­сінде жүзеге асқанына тоқталды. 

Үкімет басшысының атап өт­ке­нін­дей, тараптар кеден және салықтық әкім­шілендіруге қатысты түйткілді мәсе­лелерді талқылады. Мысалы, біздің кеден органдары қырғыз тарапының Қытайдан им­порттайтын тауарларын Қазақстан аумағы арқылы алып өткенде толық жарияламау деректерін анықтаған. Соның салдарынан біздің ел тікелей зиян шегіп отыр. Келіссөздердің нәтижесінде қыр­ғыз жағы күн тәртібіне қойылған осын­дай мәселелермен келісті және Премьер-министр С.Исақов Қырғызстан жағы­ның өз міндеттемелерін орындауына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ ая­сын­дағы экономикалық мүд­­де­­лер­дің сақ­талуына қатысты мәселе­лердің оң ше­шілетіндігіне кепілдік берді.

 

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»