Табысы шаш-етектен
Жалпы, сарапшылардың пайым-пікіріне сүйенсек, мұнай-газ өндірісінің күні батты деуге әлі ертерек. «Қалауын тапса...» аталған сектордың әлеуеті әлі де болса жеткілікті. Дегенмен, адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да зиян келтірмейтін қуат көздері табылып жатқан тұста, мұнай-химия саласын дамытқан жөн. Бүгінгі таңда мамандардың көпшілігінің пікірі осы төңіректе тоқайласады.
– Қазіргі таңда отандық мұнай-газ өндірісінде «Shell», «Chevron», «Agip» сынды әлемге әйгілі компаниялар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Осы компаниялардың шикізат күйінде өндіріп, кейін шетелдерде терең өңделіп, елімізге қайта келген тауарларын қолданбайтын қазақ кемде-кем. Бәріміз көлігімізге тежегіш майы, мотор майы сияқты бірнеше машина майларын құямыз. Оның сыртында дәрі-дәрмек, түрлі тыңайтқыш, каучук, бояу дейсіз бе, ондаған тауар түрін де шетелдерден алдырамыз. Шыны керек, біз мұнайдың ең соңғы қалдығынан жасалатын қоқыс салатын дорба да шығармаймыз. Қысқасы, өзіміздің шикізатты қара бақырға өткізіп, әлденеше есе қымбатқа қайта сатып алуды әдетке айналдырдық. Яғни, импорт өнімдері үшін төленген қыруар қаражат шетелдердің экономикасына жұмсалып жатыр, – дейді осы саланың маманы, Мұнай-газ компаниялары одағының алқа төрағасы Рашид Жақсылықов.
Егер мұнай-химия саласын жолға қоя алсақ, осы қыруар тауардың бәрін өзімізде өндірер едік. Шикізат өзімізден шықса, оны өзіміз тереңдетіп өңдесек, өзіміз тұтынып қана қоймай экспортты жолға қойсақ, мұртымызды балта шаппайтыны түсінікті. Импорттан үнемделетін қаржы, экспорттан түсетін табысыңыз тағы бар. Жұмыс орындары көбейетінін де ескеру керек. Оған қоса мұнай-химия саласы ғылым саласымен қатар дамитынын да ұмытпаған жөн.
Бүгінде әлем жұртшылығы ағаш қолданудан да қалып барады, оның орнын түрлі пластиктер алмастыра бастады. Мұнайдың қалдығынан жасалатын басқа құрылыс материалдары да толып жатыр. Пластик құбырлар, жылу бергіш материалдар, есік-терезенің бөлшектері дейсіз бе, барлығына көмірсутегі шикізатын пайдалануға болады. Яғни, мұнай-химия кешенін дамыту денсаулық сақтау, құрылыс және басқа да салаларға оң ықпалын тигізеді деген сөз.
Мәселе маманға тіреледі
Жалпы, Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ең дамыған деген екі бағыт – шикізат өндіру және осы секторға қызмет көрсету салалары. Тоқсаныншы жылдары тұралап қалған әлеуметтік-экономикалық саланы аяғынан нық тұрғызып, елдің еңсесін тіктеуде, әсіресе өндірістің үлесі ерекше болды. Аталған саладан күткен үмітіміз ақталды десек асылық айтпаймыз. Енді бүгінгі уақыт талабын ескере отырып жүзеге асыратын асқаралы міндет мұнай-химия саласын дамыту болмақ.
Маманның сөзіне қарағанда, Қазақстанда мұнай-химия кешенін дамытуға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Оған қоса отандық кәсіпкерлердің деңгейі де соңғы жылдары біршама өсіп, шетелдік әріптестерімен бой теңестіруге жақындап қалды.
Тағы бір айта кетерлігі, мұнайды тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындарды салуға қажетті қаражат та өзімізден табылады. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорындар салу үшін ең арзан жобалар 15 миллион доллардан басталса, ең қымбат дегені 700-800 миллион долларға жетеді. Мұндай жобаларды қаржыландыруға қазір мүмкіндік бар.
Демек, шикізат бар, қаражат бар. Соған қарамастан, мұнай-химия кешенінің мандымай тұруы қалай? Оның басты себебі білікті мамандардың тапшылығына келіп тіреледі.
– Кәсіпкер қаншалықты тәжірибелі, іскер болғанымен, кез келген күрделі жобаны іске асыратын – маман. Ал Қазақстанда мықты химиктер тапшы. Бізде жасалған өнімдер халықаралық стандарттарға сай болуы үшін стандарттау мен сертификаттауды жетік меңгерген мамандар керек, олар да біздің елімізде жоқтың қасы. Қазір химия өнеркәсібіндегі стандарттау түгілі, қарапайым құрылыс саласында да ескірген стандарттар пайдаланылуда. Технология қарыштап дамып жатқан уақытта біз әлі күнге дейін сексенінші жылдардағы құрылыс материалдарын қолданып жүргеніміз өтірік емес. Бұған дейін экономистер мен заңгерлер көптеп дайындалып, химик, мұнайшы, техник мамандар әзірлеуге кейінгі жылдары ғана көңіл бөліне бастады. Бұл саладағы бірінші проблема – маман тапшылығы. Таяу болашақта мұндай білікті мамандардың аяқ-қолы жерге тимейтін болады, – дейді Рашид Жақсылықов.
Екіншіден, шикізаттың қоршаған ортаға әсерін зерттеумен, өнімнің сапасын арттыру және бастапқы бағасын түсірумен шұғылданатын зертханалар да елімізде жеткіліксіз.
Үшіншіден, салынған зауыттарды іске қосатын инженерлер жоқ. Мұнай-химия зауыттарының жұмысын көзімен көріп, өз қолымен жүргізген инженерлер өте аз. Отандық техника қауіпсіздігі инженерлерінің деңгейі де шетелдік әріптестерінен төмен деуге болады. Жасыратыны жоқ, жай ғана дәнекерлерлеуші мамандардың біліктілік дәрежесі трансұлттық компаниялардың талабына сай келмейтін жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті зауыт салу үшін шет мемлекеттерден біліктілігі жоғары маман әкелуге мәжбүр боламыз.
Жалпы, мұнай-химия саласын дамытуда қолбайлау болатын негізгі проблемалар деп осыны айтуға болады. Қазіргі таңда тапшы мамандық иелерін әзірлеуге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатыр. Назарбаев университеті, Атырау мұнай және газ институты, С.Торғайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарында осы салаға қажетті мамандарды әзірлеу жолға қойылғаны оған дәлел. Химия өнеркәсібіне бет бұрған кәсіпорындар мемлекет дайындап беретін мамандарды күтіп қол қусырып отырмай, тиісті шәкіртақы тағайындап, өздеріне қажетті мамандарды дайындауға, оларды шетелдік компанияларда тәжірибеден өткізуге атсалысуы тиіс.
Ел экономикасының ендігі тірегі
Жалпы, мұнай-газ секторын әртараптандыруды табысты жүргізіп жатқан елдер туралы айтқанда мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Көршілес Өзбекстанда өткен жылы Орталық Азиядағы ең ірі газ-химия кешені іске қосылды. Иран соңғы 15 жыл ішінде мұнай-химия өндірісінің қуатын 8 есеге дейін арттырыпты. Шикізатты тереңдетіп өңдеуге бел шешіп кіріскен Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясы «SOKAR»-дың бірқатар өнімдері Түркияға экспорталады екен. Шикізатқа мелдектеген Қатар мұнай өнімдерінің көлемін ширек ғасырда 5 есеге дейін ұлғайтқан. Көмірсутегін шетелден алатын Азия-Тынық мұхиты мемлекеттерінің өзі осы саладағы қуатын 3 есеге арттырған. Қазақстан бұл салада мақтана алатын деңгейде емес. Қазбалай берсек, керісінше мұнай-химия өнеркәсібінің үлесі төмендеп бара жатқанына көз жеткізуге болады.
Елбасының осыдан бірнеше жыл бұрын «Мұнай өндіруші ел болғандықтан, біз мұнай өнімдерінің барлық түрін өзіміз шығаруға тиіспіз», дегені есімізде. Күні кеше Инвестициялар және даму министрін қабылдаған Н.Назарбаев экономиканы әртараптандыру мәселесін кезекті мәрте айтты. Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан мұнай-химия саласын дамытуға назар аударыла бастады. Алдағы уақытта кәсіпкерлер де дәстүрлі кәсіп түрімен ғана шектеліп қалмай, осы салаға мойын бұрса құба-құп.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»