Жуықта еліміздің «Атамекен» ҰКП Біліктілік орталығының өсімдік шаруашылығы бойынша сарапшылары Түркияның ауылшаруашылық дақылдарын өсірудегі іс-тәжірибесімен танысып қайтты. Сондай-ақ осы елдегі Айдын провинциясы Сөке қаласында орналасқан білім тарату орталығында (ТАЕМ) болып, тағылымдамадан өтті.
Іссапар барысында ТАЕМ тәжірибелі мамандары, Айдын университеті ауылшаруашылық факультетінің профессорлары біздің сарапшыларымызға майлы, дәнді, жемшөп дақылдары шаруашылығындағы тұқым дайындау, көкөніс, интенсивті бау-бақша өсіру, кооперация мәселелерін қамтыған теориялық дәрістер оқыды және оларды нақты тәжірибе жүзінде көрсетті. Біздің сарапшыларымыз органикалық егіншілікке бағытталған фермерлік шаруашылықта, органикалық зәйтүн майын өңдейтін өндіріс орнында, шитті мақтаны өңдеу, қаптау, тасымалдаумен айналысатын мекемеде, ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауытта, Інжір ғылыми-зерттеу институтында, қызанақ өсірумен айналысатын, жылыжайда, ауылшаруашылық дақылдарын суару жүйелері автоматтандырылған «ақылды ауылда» болды.
Оқу курсына қатысушылар Айдын провинциясының екі округінің аудан басшыларымен, Сөке ауылшаруашылық ассоциациясының төрағасымен, ауылшаруашылық техникаларын шығаратын зауыт директорымен кездесті.
Түркияға барып, тағылымдамадан өткен азаматтармен жолығып, олардың пікірлерін тыңдап көрген едік.
Серік Жантасов,
жылыжайдағы көкөніс дақылдары бойынша сарапшы:
– Мені қызықтырғаны көкөніс жинауға арналған техникалар болды. Жергілікті шағын зауытта көкөніс түрлерін жинауға, тасымалдауға арналған техникалар жасалып, фермерлік шаруашылықтарға қолжетімді бағаға сатылады екен. Мен бұдан көп ой түйдім. Мәселен, біздің шаруалар, әдетте, Ресей мен Беларусь елдерінің техникаларын өте қымбат бағаға сатып алады. Оның үстіне ол тракторлар тек бір ғана қызмет атқарады. Ал Сөке зауытынан шыққан тракторлар бірнеше қызмет атқарады екен, әрі бағасы да нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Түркияның осы тәжірибесі мені қатты қызықтырды.
Марат Ташмұхамедов,
майлы дақылдар бойынша сарапшы:
– Өнімді өңдеу мен тасымалдау экспорт, импорт бағыты Түркияда қалыпты жолға қойылыпты. Ауыл шаруашылығы фермерлері қарбызды кептіру технологиясымен таныстырды. Біздің оңтүстік аймақтарда осы технологияны пайдаланса, біз бұдан көп ұтар едік. Өйткені кептірілген қарбызды қыста сақтап, жеуге болады.
Марат Жадаев,
Өсімдік шаруашылығы бойынша департамент директоры:
– Түркия – әлемде ауыл шаруашылығы дамыған қуатты мемлекеттің бірі. Тағылымдама мақсаты – тәжірибе алмасу болғандықтан отандық сарапшыларымыздың түркиялық әріптестерінен үйренгендері көп болды, үйретері де бар екен. Табиғи ерекшеліктерге жан-жақты бейімделген ауыл шаруашылығы тұқым шаруашылығын дамытуда озық технологиямен келе жатқандығына көз жеткізіп қайттық.
Мәселен, біз барған шаруашылықтардың барлығында дерлік шаруаларға, студенттерге, біз сияқты сарапшыларға арналған оқыту базалары жұмыс істейді екен. Яғни ондағы шаруалар жұмыс істеу үшін алдымен оқытылады. Мұның өзі адамдарды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге итермелейді.
Талғат Әбсаттар,
Өсімдік шаруашылығы бойынша департаменттің менеджері:
– Түрік технологиясы жоғарылап кеткен екен. Белгілі бір бағыттарды қамтып зерттеулерге бағытталған «ақылды ауылдар» бүтіндей автоматтандырылған. Інжірге арналған ғылыми зерттеу институты жергілікті жеміс ағашын өсіріп қана қоймай, арнайы мұражай да ашыпты. Онда бағзы замандардан бергі дәстүр бойынша інжір майын өндіретін құрылғылар, соқалар, шөп тайлау құралдары, шелек, табақтар экспонат ретінде көненің сырын шертеді.