Мемлекет басшысы мұнда елдің мәдени-өркениеттік дамуына өз көзқарасын білдірді. Бағдарламалық мақаладағы негізгі тезистердің бірі – 2025 жылға қарай қазіргі қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру қажеттілігі туралы. Бұл ауқымды іс-шара Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және ұлттық бірегейлікті сақтау қажеттілігі мен компьютерлік сауаттылықты жоғарылату, шет тілдерін меңгеру және мәдени ашықтықты арттырумен тікелей байланысты болуына негізделіп отырғанын нақтылап атап өтуіміз қажет.
Елбасы өзінің еңбегінде латын графикасына көшудің қалай жүргізілетіндігі жөнінде нақты мерзімдерін белгілеп, 2017 жылдың соңына дейін латын әліпбиінің жаңа нұсқасы әзірленетіндігі жөнінде баяндаған.
Менің ойымша, Мемлекет басшысы алдымызға нақты жобалар қойып отырғанда, жергілікті атқарушы органдар осы кезден бастап тиісті дайындық жұмыстарына кіріскені абзал. Қазіргі күнде барлық аудан, қалаларда тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Солардың мүмкіндігін толыққанды пайдаланып, 2018 жылдан бастап, мамандарды әзірлеу және орта мектептер үшін оқулықтар дайындауымыз және барлық ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыстарды таяудағы екі жыл ішінде жүргізуіміз қажет деп есептеймін.
Сауатты жастарды қоспағанда, ауылдық жерлердегі халықтың басым көпшілігі латын әліпбиінен көп хабары болмағандығын ескерсек, айналдырған 4-5 жылдың ішінде атқарар жұмыс аз болмайтынға ұқсайды. Оның ар жағында 2025 жыл да қылаң беріп қалады. Ал Президентіміз «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», деген болатын.
Осы жерде біз Елбасы өзінің идеяларын жүйелі түрде іске асыра білетініне тағы бір көзімізді жеткізіп отырмыз. Естеріңізде болса, 2012 жылдың желтоқсанында Президент Қазақстан халқына арналған Жолдауында латындандыру идеясын айта келе, 2025 жылдан бастап жазуды латын графикасына ауыстыру бойынша жұмысқа кірісе беруді тапсырып, «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен Интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», деген болатын.
Қазіргі күнде бірқатар азаматтар тарапынан латын әліпбиіне өту «өзге ұлт өкілдеріне қиын соғады», «олар оны қиын қабылдайды» деген орынсыз пікірлер айтылатынын естіп жатамыз. Менің ойымша, бұл дұрыс түсінік емес. Өйткені, латын әріптері – негізінен әлемнің көптеген елдері таңдаған әліпбиі.
Қорытындылай келе айтарым, латын әліпбиіне оралу – елдің экономикалық өсуі мен мәдени дамуы үшін орасан зор әлеуеті бар тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі бетбұрыс болмақ!
Бастар ЕСҚАРАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық
тілдерді дамыту, архивтер мен
құжаттама басқармасының басшысы