Қобызшы Ақерке Тәжібаева бұл күнде санасаң қос қолыңның саусағы жетпейтін ең ірі байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алды. Киелі өнердің бел баласы төрткүл дүниенің әр түкпірінде Қазақстан деген елдің атынан өнер көрсетті. Таланттарға кенде болып көрмеген мына даланы – қазақ аруларының дарыны мен дидарын күллі әлемге таныстырумен келеді. Әлемнің әр түкпірінде, елдің ішінде Ақерке өнер көрсеткен концерттердің тізімін шолып шығудың өзіне төзім керек. Ал бұл сахна адамы үшін бітпейтін бір дайындық, ұзақ-ұзақ сапарлар, талғамы түрлі, ұлты сан алуан жаңа тыңдармандар.
Ендеше сөзіміз құрғақ болмасын, ол XXV республикалық жас орындаушылар конкурсы, Құрманғазы атындағы VII халық аспаптарында орындаушылар конкурсы, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы II республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсы, республикалық «Асыл мұра» дәстүрлі күй орындаушылар байқауы, Ықылас атындағы І республикалық қобызшылар конкурстарының лауреаты, халықаралық «Dede Korkut» фестивалі, ТМД мемлекеттерінің арасындағы жастар арасындағы ІІ «Дельфий ойындары», «Altin Safran», «Uluslararasi Sivas asiklar», «14. Uluslararasi, Altin saz odulu Karacaoglan asiklar» фестивальдарының жеңімпазы.
Ару қобызшы Венгрия, Молдова, Германия, Аустрия, Франция, Үндістан, Литва, Қытай, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Жапония, Иордания хашимиттік корольдігінде, Араб әмірлігінде, Испания корольдігінде, Италия, Швейцария, Мексика және Түркия мемлекеттерінде зал толы халықтың риясыз қошеметіне бөленді.
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын қызыл дипломмен бітірген өнертану магистрі осы оқу ордасында бірнеше жыл дәріс берді. Қазір Астанадағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі. Сонымен қатар республикалық және қалалық көлемдегі ұйымдастырылатын іс-шаралардан қалмайды.
Сонау 1992 жылы «Әнші балапан» байқауының, келері жылы «Утренняя звезда» конкурсының бірінші орнын жеңіп алған Ақерке бірнеше жыл «Хабар» телеарнасында «Ақерке» бағдарламасын жүргізгенін ұмытпайтындар бар. Бертін келе «Балапан» телеарнасында «Ән салайық» бағдарламасын жүргізді.
Ақерке қазақ радиосы мен көптеген телеарналардан да өз өнерін халыққа танытып келеді. 2008 жылы «Көктем» атты аспапты үнтаспасы жарыққа шықты. «Бабалардан қалған мұра – қыл қобыз» атты жобасымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының грантын иеленіп, 2009 жылы қобызшы Жаппас Қаламбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік қобыз сарыны» атты шығармашылық кешін өткізді. 2011 жылы Түркістан қаласында жеке концертін берді. 2013 жылы Алматыда «Төгіліп сарын қобыздан...» жеке кешін, 2015 жылы «Аралап қобыз үні кең әлемді...» атты жеке концертін өткізді.
Қысқасы, бәрін айт та бірін айт, өнер адамының өмірде де жолы болғанын айт. Өнер қуған қобызшы өткен жылы теңін тауып, Ақтөбе өңіріне келін болып түсті. Ақеркенің ұзатылу тойында өнер көрсетпеген әнші жоқ. Билемеген адам кемде-кем.
Ең қызығы, келін болып ақ орамал салып, қайын жұртына иіле барған Ақерке Ақтөбеде өткен үлкен тойында өнер көрсетті. Жаңа түсіп тұрған келін жүз жерден талантты, танымал болса да қобыз тартамын демегені анық. Алайда хас өнердің құдіретін бағалайтын көпшілік келіндерінің өнерлі екенін біледі ғой.
Бұл жерде қобызшының жігіттің талай сұлтанының ішінен таңдаған қосағы тосынсый жасаған. Әйтпесе «сценарийде» келін қобыз тартады деген болмаған ғой. Той тарқауға жақындағанда күйеу жігіт жиналған көппен қиылып, Ақеркеден өнер көрсетуді сұрайды.
– Қобызым үйде қалды. Қалай өнер көрсетемін? – деп қысылған келінге Есенжол шымылдықтың артында жасырулы тұрған, өзіне дейін ширек ғасыр сыңары болған қобызын көрсетеді. Сөйтсе ол тойға шығарда Ақеркеден тығып, қобызын алғызған екен.
Осылайша жаңа түскен келін қобыздың мәңгілік мұңды сарынымен елді ұйытып, жас-кәріні тебірентіп, бір ғажап концертке келтіргендей болады. Келіннің өнерінен хабарсыз қайынжұрты тойда айран-асыр болып, тәнті болғанын, таңданғандарын да жасырмайды. Ал енесі «қайда жүрсең де қазақтың өнерін таныта бер, асқақтата бер! Өнерің өрлей берсін» деп дүйім жұртың алдында батасын береді.
– Тұрмысқа шыққан соң да жолдасым өнеріме қарсы болмай, қобызыммен әрі қарай ел аралап, дәстүрлі музыканы насиxаттауыма рұқсатын берді. Есенжол – «Болашақ» стипедиясына ілігіп, Ұлыбританияда жоғары білім алған заңгер. Сонымен тойдан кейін де өз еліміздегі концерттерден де қалмай, Оңтүстік Корея, Мексика, Испания мен Италияға сапар шектім. Мексикада болған алғашқы дәстүрлі музыкант ретінде еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған бірнеше концертте, Сеулде өткен xалықаралық «Turkic culture» (Түркі мәдениеті) фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсеттім. Биыл наурыз айында Елбасының Әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған қабылдауында болып, арнайы сыймен марапатталдым. ЭКСПО xалықаралық көрмесінің аясында өткен бірнеше концертке қатыстым, – дейді енді қобыз арқалаған келін.
Құралай Шыңғысқызы
АЛМАТЫ