Профессор Лоренстің осы сөзі балалық шақтың бір түкпірінде қалған оқиғаны еске түсіргені. Шалғайдағы біздің ауылда баяғыда елудің де есігінен сығалай алмай, бір кісі кенеттен дүниеден озды. Ауылдың әйелдерінің бәрі ақылды ғой, күйеуін о дүниеге кезексіз аттандырған әйелі Күлипаның өзі деген шешім шығарды. Бұл сөздің мағынасын біздің бала миымыз тікелей қабылдап, неге ол күйеуін өлтіреді деп сұрап қоймаймын ғой.
– Егер күйеуіңнің жүрегі дімкәс болса, асқазаны ауырса, оның денсаулығын күтудің орнына күнде майы шылқыған, қуырған тамақ беріп, миын қоса жей берсе, өлмегенде қайтеді, – деп апам қысқа қайыра салды.
Сол кезде е-е-е, адамды өстіп те өлтіруге болады екен-ау деп ойладық па, ойламадық па, кім білсін. Алайда, мына ұзақ та қысқа өмірдің ұлы пәлсафасы бәрібір әйелдердің ақыл-сабырының айналасында шыркөбелек айналып тұрары сөзсіз.
Тіпті ата-тектің асылдануы, қанның тазаруы да әйелдің шыққан түбіне тәуелді екенін кім жоққа шығарсын?! «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» екенін біздің дала институты әлмисақтан білген. Алайда отбасылық мәселелерді, адамның генін жатпай-тұрмай зерттейтін ғалымдар да адамға ақыл-парасат анасынан берілетіндігін дәлелдеп бағуда. Енді бір оқымыстылар қыз интеллектіні әкесінен, ұл анасынан алатынын өз әдістерімен дәйектепті.
Дегенмен түбі әзіл болса да, мына бір мысал ойға оралады. Ертеде арабтың Жахыз деген түрі ұсқынсыздау ғалымы: «Ақымақ болса да сұлу әйел тапсам болды. Балаларым маған ұқсаған ақылды болады. Ал сұлулық пен көрікті аналарынан алады», деп үйленсе бәрі де керісінше болыпты. Балалары өзіне ұқсап кескінсіз, аналарына тартып кілең ақымақтар дүниеге келген көрінеді.
Бірақ бастапқыда, тіпті басына тимей десек те болады, әйелге қарағанда сұңғылалығы аздау болып келетін азаматтар алатын жарының ақылды екенін қайдан айырады. Алдыңнан шыққан арудың ешқайсысының маңдайында мынау ақылды, мынау ақымақ деген мөрі жоқ. Мінезі мінсіз жарды қалай таппақсыз. Болашақтағы жартысын елестеткен ерлердің тізілген талаптарының төрінде бірінші кезекте көркі көш бастайтыны айдан анық.
Әйелдің ақылы аспанды төңкереді. Айласы болмағанды болдыра алады. Есті әйел күйеуінің есіктегі басын төрге сүйрейтінін жырлай беріп неғыламыз. Ол ерінің жетпей жатқан жеріне жамау болып, кем-кетігінің орнын толтырып, ұшпаққа сүйрейді.
Осындайда Алмас Алматовтың үш жүзге мәлім болған Жиенбай жырау Дүзбенбетұлы(1864-1929) жайлы жазбасы еске түседі. Ол да бұл әңгімені ұстазы Машарап Әлиевтен естіген екен.
Қыстың айы. Арқадан Бұхараға мал айдаған байлар керуен салып салтанатын жоғалтпаған заман. Сырдарияның мұзынан өтіп, жатақ, егінші елдің үстімен өтетін сүрлеу жолмен Қызылдың құмына келіп ілігеді. Қызыл құмды қыстаған ел төбенің шуақ бетінен жеркепе қазып, астығын ұраға сақтап өткен-кеткен саудагерлермен дән, талқанын алмастырып, керек-жарағын түгендеп отыратын кез.
Бағанағы бай, мырзалар алдын ала хабар салмай Жиенбай жыраудың үйіне келіп түседі. Ойлары «Осы Жиенбайға айлап жырлатып, үйір-үйір жылқы, қора-қора мал айдатып жібереміз. Сол сыйымыздың бір кәдесін көрейік» деп сынаққа ала келеді. Жиенбай мал жинамаған кісі.
Қолындағысын халыққа бөліп беріп отыратын «кедей жомарт» жан екен. Қонақтар сәлем бере жеркепеге кіріп келеді. Жырау үйінде екен. Қонақтардың сәлемін алып болғасын есік жақта босағаға қараса, әйелі көзге көрінбейді. Ол заманда қонақ жайғасқан соң әйел тапсырма күтіп отыруы шарт еді…
Жырау амандық-саулық сұрасып біраз отырып қалады. Әйелі қонаққа беретін ештеңенің ретін таппай шығып кетеді. Мырзалар өз істерінен өздері ұялып отырса, біреуі «Жиекемнің үйінен қара су ішкеніміз, қымыз ішкенмен бірдей емес пе? Ауыз тиіңдер», деп ыдыспен мұздай суды жағалатады. «Жоқтық жомарт ердің қолын байлайды», деп жырау да сабырын сарықпай отыра береді. Қонақтардың ішіндегі үлкені:
– Жиеке, бүгін Шыбынтай Әлдебайдың ауылына еруміз. Өзіңізді көріп, сәлем берейік деп інілеріңіз ат басын бұрып едік. Бізбен бірге болыңыз, – деп өтініш айтады. «Жоққа жүйрік жетпейді» соған келісіп, қонақтар сыртқа беттейді. Есіктен шығып қонақтардың алды тұрып қалыпты. Қараса, екі тайқазан ет күн шуақ бетте бұрқылдап қайнап жатыр екен. Жанында жарақты жігіттер. Қонақтар аң-таң… Сол кезде Жиенбай жырау:
– Ал, жігіттер, қазан қайнап қалыпты. Сыбағаларыңды жеп кетерсіздер, – деп қонақтарын қайта ішке кіргізеді. «Жыраудың киесін сол кезде көрдік. Төрде отырған Жиенбай басқадан бір бас биік отырды. Сөзі де, өзі де жолға түсіп жөнелді», деп отырады екен көзі көргендер. Қонақтар етті жеп отырып бір-біріне:
– Бұл кісі сыртқа шыққан жоқ. Ішке ешкім кірген жоқ. Сонда мына жылқыны кім сойды? – деп сұрап отырады…
Жиенбай жыраудың бәйбішесі Балшаш анамыз Жетіру Керейт Даңмұрын ақынның апасы екен. Қонақтардың сынап келгенін біліп, «Қонақасы бере алмай ұяттан үш жүзге мәлім Жиенбай өлгенше, астындағы аты өлсін», деп ер-тоқымын аударып тастап, жігіттерге сойдырып қазанға салып жіберген екен. Асыл ана елге сын, ерге мін болар тұста азаматының арын солай қорғап қалады…
Бұл жағдай қонақтарға да мәлім болады. Бірін-бірі кінәлап:
– Жиенбайдың жалғыз атын жеп, жаяу қалдырды, – деген атқа қалармыз деп жыраудың соғымы мен мінерлік, көшерлік көліктерін толық қамтамасыз етіп аттаныпты.
Дала данышпандығы деген осы болар. Тарихта небір ақылды аналарымыз өткенін мыңдаған мысалдармен дәйектеп, әрі қаза берсең аңыз-әфсаналардан тізбектеп, түбіне қарай тереңдесең ертегілерден де таба берерміз.
Алысқа бармай-ақ осы заманның да мысалын айтайықшы. Бірде елге танымал, ортасына абыройлы ерлі-зайыптылармен Мәскеуге әрі-бері пойызбен ұзақ сапарға аттандық. Жолай талай әңгіме де болды. Жаңағы бізді бастап бара жатқан кісінің әйелі есті адам еді. Пойызда кетіп бара жатыр, телефонмен келінімен сыбырласып, сырласып отырғанын құлақ керең болмаған соң естиді. «Өкпелеп қалғаныңды білдірме. Қатты ренжісең де тамағын істеп қой. Даладан тамақ іздеп жүрмесін. Қонаққа жалғыз жіберме, қасынан қалма! Түнде басқа бөлмеге барып жатып алушы болма.
Ерлі-зайыптылардың арасы өстіп суыйды» деген мағынада ақыл айтып отыр екен. Келіні екеуі талқылап отырғаны – өз ұлы. Бұл отбасына кикілжің кіргізбейміз деген келін мен ененің емес, екі ананың мәмілесі болатын. Осы бір құлаққа амалсыз енген екі ауыз ақыл шаңырағын шайқалтпаймын деген адамның бүкіл өміріне татитын еді. Мәскеуге барып-қайтқанша сол апамыздың келініне айтып отырған кеңестері құлағымда жаңғырды да тұрды.
Айтпағымыз да осы, өмірдің жалқы шындығы – дана әйелге жолыққан адамдардың ғұмыры әрі ұзақ әрі баянды.
Талай теперішті көре келе, маңдайымызға тие келе, әйелдің де, ердің де ақылдысын жүзіндегі мейірімінен табасыз-ау. Ақыл деген ұдайы қамқорлықтан көрінеді. Ақыл ең қиын сәттердегі сабырдан танылады. Ақыл жоқшылықта бардан жоқты құрастырта алады. Ақыл шыдамдылықта бет пердесін сыпырады. Ақыл реніште кешірімшілдік болып алдыңнан бірінші ақ жалауын ұстап шығады.
Ақылды әйелдің алғашқы есімі мейірім мен иман болар...
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ