Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Марабаев салған сара жол

806 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, партия-кеңес кезіндегі белгілі басшы, еліміздің мұнай-газ өндірісінің шебер ұйымдастырушысы, «Мұнайшы» қоғамдық қорын құрушылардың бірі және осы қордың тұнғыш атқарушы директоры, Ақтау, Жаңаөзен қалаларының құрметті азаматы, марқұм Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаев биыл мәртебелі  80 жасқа толатын еді. 

Марабаев салған сара жол

Ардагер тұлға, өз елінің пат­риоты, біздің мақтаныш етер жерлесіміз Нәсіпқали Әбу­ға­лиұлы Марабаев 2007 жылғы 19 тамызда, 70-ке толар шағында ке­неттен қайтыс болды.

Мұнайлы Атырауда туып, көп балалы отбасында тәрбиеленген, орта мектепті бітіре сала Мәс­кеудің Губкин атындағы мұ­най институтын тәмамдаған ол қарапайым бұрғышыдан «Маңғышлақмұнай» өндіріс­тік бірлестігінің бас дирек­торлығына дейінгі еңбек жо­лы­нан өтті. Мұнайшы-ин­женер Марабаев Маңғыстау мұ­найының бастауында тұрған бірден-бір қайраткер. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасын мұнайлы державалар қатарына қосу жолында да ерен еңбек етті.

Әсіресе оның ұйымдас­ты­рушылық қабілеті, басшыларға тән білімі мен білігі, өндіріс саласындағы тегеурінді таланты мен тәжірибесі Маңғыстау об­лысын басқарған жылдарында, облыстық партия комитетінің хатшысы кезінде, Қазақ КСР Халықтық бақылау коми­теті төрағасының бірінші орын­басары уақытында жар­қырай көрінді. Дәл осы кезең­дерде ол көрнек­ті мемлекет және қоғам қай­раткері ретінде қыруар шаруа­лар атқарып, елдің ерекше сүйіс­пеншілігіне бөленді. Сан-салалы қызмет атқарып жүрсе де, Нәсіпқали Әбуғалиұлы өзінің түпкілікті кәсібі – мұнай саласын бір сәт те ұмытпады және мұ­найшы дос-жарандарымен де байланысын үзбеді, өмірінің соңына дейін сыйласумен өтті.

Оның ұйымдастырушылық, басшылық талантының барынша ашылған тұсы – одақтық ма­ңызы бар «Маңғыстаумұнай» өндірістік бірлестігін басқарған жылдары екенін жоғарыда айтып өттік.

Нәкеңнің бүкіл ғұмыры ты­нымсыз игілікті еңбекпен өткені белгілі, ол осындай мерейлі атақ-абыройымен зейнетке шықты, зейнеткер екенмін деп бір күн де демалған жоқ, нарықтық эко­номиканың алғашқы жылда­рында күнкөрісі құлдырап кеткен ардагер-мұнайшылардың ауыр халі оған бір сәт те маза бермеді. Елімізде 200-ге жуық мұнай-газ кеніштерін ашқан ардагер-мұнайшылар дәл осы кезеңде бейшара күйге түсті. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ақыры бұрынғы Гурьев облыстық пар­тия комитетінің бірінші хат­шысы, республиканың көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткері Асқар Алтынбекұлы Құлы­баевпен, белгілі геолог Орал Ақшолақовпен ақылдаса оты­рып, «Мұнайшы» қоғамдық қорын құруға бел байлады.

Қордың басты жарғылық мақ­саты – осы саланың ардагер-мұнайшыларына шынайы қам­қорлық жасап, жан-жақты кө­мектесу, республиканың мұнай-газ тарихын қалпына келтіру және әйгілі мұнайшылардың атақ-даңқын ұлықтау, тағы да басқа қайырымдылық шаралары болып белгіленді. Осы бір аз ғана мерзім ішінде, атап айт­қанда екі жарым жылдай уақытта, қордың атқарушы ди­ректоры бола жүріп Марабаев қыруар шаруа тындырды. Мұқ­­таж мұнайшыларға қар­жылай қайырымдылық кө­мек көрсетілді. Қазақстан мұ­най эн­циклопедиясының 2 том­дығын толықтырып қайта шы­ғарды, «Қазақ мұнайының ардақ­тылары» сериясымен әй­гілі мұнайшылардың ғұмыр­намалық кітаптары жарық көр­ді, республика мемлекеттік мұ­рағатында мұнайшы әулет­терінің өмірдерегі тіркелді, Орал, Жаңа­өзен қалаларында «Мұнай­шылар даңқы» аллеясы­ның құрылысы басталды.

Осылайша, өзінің қоғам­дық-қайырымдылық жұмыс­тарын өрістетіп отырған «Мұнайшы» қоғамдық қоры 2006, 2011 және 2012 жыл­дары қатарынан үш мәрте рес­публикалық конкурстардың жеңімпазы атанды, сондай-ақ, рес­публикалық «Президент және халық» газетінің, «Жыл таңдауы» агенттігінің алтын белгісі және сертификатымен марапатталды.

Нәсіпқали Әбуғалиұлының бай тәжірибесі, өнеркәсіп сала­сындағы білігі мен таланты әр кез­де де кәдеге асты, осыны дер кезінде сезінген Маң­ғыс­тау об­лысының әкімі Қ.Кө­шербаев Марабаев ағасын өзіне ке­ңес­шілікке шақырды, ол сондай-ақ облыстың ардагерлер кеңесін де қоса басқаратын болды. Нәкеңнің осы қызметте жүріп қыруар істер тындырғанын Қ.Көшербаев Марабаевты соң­ғы сапарға аттандырар сәт­те тебірене әңгімеледі. Нәсіп­қалидай ел аманатын арқалап, ат үстінде жүрген азаматтың кенеттен дүниеден өтуі – бүкіл Қазақстан халқы үшін ауыр қаза болды. Елбасы Н.Назарбаев Н.Марабаевтың ұзақ жылдар бойы республика өнеркәсібіне қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

2007 жылғы қазан айында құрылтайшылар мен оның се­ріктері «Мұнайшы» қоғамдық қорына Н.Марабаевтың есімін беруді бір ауыздан қолдады. Бұл сөз жоқ, мұнай-газ саласының сардарына айналған, өмірінің соңғы күндеріне дейін елі үшін еңбек еткен қайраткерге, аяулы азаматқа деген шынайы құрмет еді. Марабаев есімін ұлықтауда республика жұртшылығы да қалыс қалмады, Жаңаөзен қала­сындағы үлкен даңғылға, Ақтау қаласындағы мектеп-лицейге Нәкеңнің аты берілді.

Иә, Марабаев салып кеткен сара жол ешқашан жоғалмақ емес. Өзі негізін салып кеткен осы жолмен бүгінде еліміздің мұ­найшылары, ізбасарлары, шәкірттері сап түзеп келе жатыр. Сондай-ақ балалары да әке аманатын сәтті жалғастыруда. Өз ғұмырында азаматтық парызы мен ел алдындағы перзенттік аманатын адал атқарған дар­хан көңіл, жайсаң жан – Нәсіп­қали Әбуғалиұлын еске алуға қастерлі тұлғаның көзін көр­ген, қамқорлығын сезінген, шара­патынан үлес алған дүйім жұрттың жиналуы – жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі болмақ.

Нәсіпқали Әбуғалиұлы көр­­некті мемлекет және қо­ғам қайраткері ғана емес, отба­сында абыройлы әке, адал жар, сый­лы отағасы бола білді. Балал­а­­рына деген мейірімділігі, қам­қорлығы өз алдына, зайыбы Ләйлә Оқанқызына деген мәңгі өлмес сезімі кейінгілерге үлгі бол­ғандай. Қандай жағдайда болмасын, түрлі сапарлардан келгенде міндетті түрде жарына гүл сыйлау кез келген азаматтың қолынан келмейтіні түсінікті, бұл тек Нәсіпқали Әбуғалиұлының ғана бойына біткен ерекше мінез, қастерлі қасиет еді. Нә­кең мен Ләйлә Оқанқызы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсір­ді. Олар да әке жолын әрі қарай жалғастырып, төртеуі де Қазақ­стан мұнай саласының басшыларына, білікті мамандарына айналды. «Атасына біткен – батасына да бітеді» дегендей, енді Марабаевтың жолымен оның немерелері жүріп келеді. Ендеше Н.Марабаевтың сара жолы болашаққа жалғасуда деуге толық негіз бар.

Көрнекті мемлекет және қо­ғам қайраткері, ғазиз досы­мыз Нәсіпқали Әбуғалиұлы Марабаевтың туғанына 80 жыл толуына орай ардагер азаматты еске ала отырып, оның отбасына баянды бақыт, берекелі тірлік, сау-сала­матты өмір тілейміз!

 

 

«Мұнайшы» ҚҚ құрылтайшылары

А.Құлыбаев, О.Ақшолақов, Л.Марабаева

атқарушы директор 
С.Жыл­қайдаров