Егемендіктің ширек ғасырдан астам тарихында еліміздің әрбір өңірінен бой көтерген еңселі ескерткіштер мен монументтер де елдіктің ерен қалпын танытады. Азаттықтың ақ таңына жету жолындағы тағдырлы сәттер, шешуші кезеңдер де ұлттық сәулет өнері арқылы кең даламызда көрініс тапты. Азаттық жолында айқасқан алыптар бейнесі де елдігіміздің ерен белгісіндей көрініс береді.
Тараз қаласындағы Төле би көшесінің бойында «Гүлденген Қазақстан» атты монументалды-архитектуралық кешен бар. Мұнда тараздық тұрғындар күн сайын серуендеп, сейіл құрады. Аталған мемориалдың жанынан Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Тәуелсіздік монументі» бой көтерді. Монумент құрылысы өткен жылы 30 қараша күні тапсырылған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер «Визарт НТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Монумент бастапқыда триумфалды арка пішінде жоспарланған. Қазақ халқының ежелгі тарихы түрік сақтарынан бастау алатынын ескеретін болсақ, Шығыста арка мәңгілік махаббат пен бақыттың символы болып саналады. Ал монументтегі шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі ретінде бедерленген. Сондай-ақ сегіз бұрышты жұлдыз Қазақстанды болашаққа бастайтын жол іспетті жобаның мағынасын аша түседі. Монументтің биіктігі 15,8 метр, көлемі 3,5 метр.
Көне шаһардағы алып монумент суретші-монументші Аманат Назарқұлов және сәулетшілер Асқар Рыспаев, Ілияс Бекежанов, Жүсіп Суанбектің шығармашылық бірлестігінен туған. Ал нысанның композициясында Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі таңда қол жеткен жетістіктері суреттер арқылы айшықталған.
Шаһардың шырайын ашып, көркіне көрік қосып тұрған осынау алып монумент Ел Тәуелсіздігін мейлінше сипаттайды. Нысан бойында көрініс тапқан ұлттық нақыш, ұлттық ұғым-түсінік те елдің ғасырлар бойы сақталып келе жатқан дәстүр сабақтастығынан хабар береді. Төле би көшесінің бойындағы еңселі ескерткіш асқақтығымен де көз тартады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы