Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған палата бюросының отырысында Сенаттың биылғы 3 қарашада болатын кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар қаралды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларын талқылау жоспарланып отыр.
Депутаттар талқысына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да ұсынылады.
Отырыста депутаттар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің жобасы бойынша Парламент Сенаты мен Мәжілісі арасындағы келісу комиссиясының құрамына өз әріптестерін сайлайды.