Әлем • 19 Қазан, 2017

Испания Каталонияның автонимиялығын тоқтатады

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испания билігі сенбі күні Каталонияның өзін-өзі басқару жүйесін тоқтатады. Енді бұл аймаққа тікелей Мадрид билік жүргізеді. Бұл туарлы bbc.com хабарлады.

Испания Каталонияның автонимиялығын тоқтатады

Испания премьер-министрінің баспасөз қызметі бейсенбі күні министрлер кабинетінің шұғыл отырысында конституцияның 155 бабы жүзеге асырылатынын хабарлады.

Каталония басшысы Карлес Пучдемон Мадрид тарапы келіссөзге келмесе, өңірлік парламент тәуелсіздік жөнінде ресми дауыс беруі мүмкін екенін алға тартты. Ол бұл ойын Мариано Рахойға хат арқылы жеткізген. Өз кезегінде мадридтіктер аймаққа 155 бабы қолданылатынын мәлімдеді.

«Егер орталық билік диалогқа келмей, «репрессияны» жалғастыра берер болса, Каталония парламенті 10 қазанда өтпей қалған дауыс беруді қайта өткізуі мүмкін», делінген Пучдемонның хатында.

Кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де Испания билігінің Каталонияға берген уақыты аяқталды. Осы уақыт аралығында Карлес Пучдемон тәуелсіздік идеясынан бас тартуы тиіс болатын.

Айта кетейік, 1 қазан күні өткен референдум нәтижесі бойынша Карлес Пучдемон тәуелсіздік декларациясына қол қойған болатын. Алайда, Мадридпен келіссөздер реттелмейінше ресми түрде жариялауды кейінге қалдырды. Ал Испания билігі бұл референдум заңсыз түрде өткенін хабарлады.

«Каталонияның тәуелсіздігін жариялағаны әзірге белгісіз. Егер алған беттерінен қайтпаса үкімет бір жақты әрекет етуге мәжбүр болады. Ал райынан қайтса біз бір үстел басына отыруға дайынбыз», – деген Рахой сәрсенбі күнгі парламент жиында.

Испания билігі Каталонияға осымен екінші рет ультиматум қойды. Алғашқысы дүйсенбі күні, яғни 16 қазанда аяқталған болатын.

Конституцияның 155-бабында не айтылған?

«Егер өзін-өзі басқаратын аумақ конституция немесе басқа заңдар негізінде жүктелген міндеттерін орындамаса немесе Испанияның барлық мүддесіне кері әсер етер болса, онда билік жоғарыда айтылған мәселелердің алдын алу үшін тиісті шараларды қабылдай алады», делінген.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»