Осыған дейін NFL ойыншылары ұлттық әнұран орындалғанда орындарынан тұрудан бас тартып, тізерлеп отырған болатын. Олар осы арқылы нәсілшілдікке қарсы екендерін жеткізді.
Ал Трамп өз кезегінде NFL басшылығына мұндай әрекетке барған ойыншыларға дисквалификация беруді талап етті. Сонымен қатар, ол өзінің вице-президенті Майк Пенске өзі барған ойында мұндай жағдай қайталанар болса, стадионнан кетуді талап етті.
Ал NFL басшысы Роджер Гуделл қандай жағдай болмасын өз ойыншыларын мәжбүрлемейтінін мәлімдеді. Ол ойыншыларға мемлекеттік әнұранға құрметпен қарауға шақыратынын, бірақ жазаламайтынын алға тартты. Роджер Гуделл осы арқылы саясатқа араласқысы келмейтінін, бар ойын тек футболға арнайтынын жеткізді.
«NFL ұлттық әнұранымыз орындалғанда футболшыларды орындарынан тұруға мәжбүрлемейтінін хабарлады. Бұл ұлы мемлекетімізді сыйламайтындығының белгісі», – деп жазды Трамп Twitter парақшасында.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»