Қазақстан • 19 Қазан, 2017

Астанада тұрғын үйлер мен бизнес орталықтар сапасының рейтингісі құрылады

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл біріншіден жылжымайтын мүліктің бағасына, ал екіншіден көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер ететін болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астанада тұрғын үйлер мен бизнес орталықтар сапасының рейтингісі құрылады

Ғимараттар жайлы ақпараттың (көрсетілетін қызметтердің сапасы, инфрақұрылым, лифтілердің жұмысы және т.б.) қоғам үшін қолжетімді болатындығы туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Мәлика Бектұрова жылжымайтын мүлікке қатысты сұрақтар талқыланған Орталық-Азия елдерінің форумында (CRE) мәлімдеді.

«Біз осы мәліметтерге сүйене отырып, әр тұрғын-үй кешенінің маңыздылығын түсінеміз. Дәлірек айтқанда, біз әр үйде жарықтың, судың қашан және қанша рет сөндірілгенін, лифттің қай жерде және қашан жұмыс істемей қалғандығын, қанша шағым түскенін біліп отырмыз. Сондай-ақ, бірыңғай «109 қызметі» жұмыс істейтінін естен шығармау керек. Тек осы жылдың 9 айындағы қорытындыларға сәйкес, бізге тұрғын-үй кешендерін, коммерциялық қорды абаттандыру бойынша 400 мыңнан астам сауал келіп түсті. Осы мәліметтерді біз әр нысанның бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын нақты түрде бағалау үшін нарыққа ұсынуға дайынбыз. Яғни, біз тұрғын-үй кешенінің немесе бизнес орталықтың премиум немесе бизнес санаты деңгейіне сай екендігін анықтайтын боламыз. Бізге әлі де мәліметтер түсіп жатыр», деді М.Бектұрова.

Бұл шаралар қалалық билік өкілдерінің пікірінше, азаматтарға ең алдымен жылжымайтын мүлікпен байланысты  жағдайды бағалауға мүмкіндік береді. Оң нәтиже ретінде жылжымайтын мүліктің бағасына да әсер ете алады. Ал бұл көрсетілетін қызметтер сапасының біртіндеп жақсаруына әкелуі тиіс.

 «Біз осы жұмыстың қандай нәтижелерді беретінін шамалап, кейбір өздерін «премиум»  немесе бизнес санатына жатқызған кеңсе немесе ғимараттар қайта бағалануы мүмкін екендігін түсінеміз. Тиісінше, бұл баға тұрғысында қандай да бір түзетулерге әкеп соқтыруы мүмкін. Алайда, біздің тараптан нарыққа осындай ақпарат аса қажет», деп түйді М.Бектұрова.

Елорда ғимараттары рейтингісінің үлгісі таяу арада OpenDataAstana.kz порталында жарияланатын болады.