Биылғы жылдың басында жарыққа шыққан БҰҰ-ның «Әлем экономикасының ахуалы және болашағы» атты дәстүрлі баяндамасында жаһандық экономиканың 2016 жылғы өсімі 2,6 пайыз деңгейінде бағаланған болатын.
Ал Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жыл басында жаһандық экономиканың өсімі 2017 жылы 3,4 пайызды құрайтынын алға тартты. Өткен аптада ХВҚ әлемдік экономиканың биылғы жылға арналған даму болжамын тағы да жаңартты. ХВҚ сарапшыларының айтуынша, жаһандық экономика биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақты даму қарқынынан айныған жоқ.
Әлемдік экономиканың нақты даму баспалдағына көтерілуіне төртінші өнеркәсіптік төңкеріс аясындағы цифрлы технологияны әкелген ғылыми техникалық прогресс тұғыр болып тұр. Цифрлы технологияның әлемдік экономикаға тигізетін игі ықпалы барған сайын арта бермек. Бұл саладағы жаһандық жетістіктер мәселесін тілге тиек етуді алдағы уақыттың еншісіне қалдырып, бүгінгі таңдағы әлемдік экономиканың нақты даму деңгейін таразылап көрейік.
Еуроаймақ экономикасының ахуалы биылғы жылдың өткен айларында біршама жақсарды деп сеніммен айтуға болады. Еуропалық одақтың ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) биылғы жылдың бірінші тоқсанында 1,9 пайыз өсті. 2016 жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 1,8 пайызды құраған болатын. Еуроаймақтағы инфляция деңгейі біршама төмендеді. Еураймақтағы және Еуропалық одақтағы жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. 2017 жылдың маусым айына дейінгі мәлімет бойынша, жұмыссыздық деңгейі еуроаймақта 9,3 пайызды құраса, Еуропалық одақта – 7,8 пайызды құрап отыр. ХВҚ өзінің АҚШ экономикасының 2017 жылғы өсімі 2,3 пайызды құрайды деген бұрынғы болжамын өзгертіп, АҚШ экономикасының өсімі 2017 және 2018 жылдары 2,1 пайыз болады деген жаңа ақпарат таратып отыр. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы дерек бойынша, АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құраған. Мамандардың айтуынша, АҚШ мемлекеті сияқты алып экономика үшін бұл жаман көрсеткіш емес. PwC экономистерінің болжамы бойынша, 2017 жылы және таяу болашақта Азия әлемдік экономиканың драйвері болып қалмақ.
Алайда бірқатар білікті сарапшылар жаһандық экономиканың бүгінгі қанағаттанарлық жағдайынан болашақ әлемдік дағдарыстың алғашқы қатерлері көріне бастағандығын айтып, оның алдын алу қажеттігін ескертуде. Мәселен, ХВҚ-ның жаһандық қаржылық тұрақтылыққа жауап беретін жоғары лауазымды маманы Тобиас Адриан «Теңіздегі судың беті тып-тыныш тербеліп жатуы мүмкін, дегенмен оның астында үлкен қатер тұнып жатқанын білмейміз, сондықтан қазірден бастап қауіптің алдын алу шараларын жасамасақ, бұл қатер жаһандық экономиканың қалпына келу тұрақтылығын бұзады», деп атап көрсетеді. Мамандардың айтуынша, кезекті дағдарыс қатері жаһандық қаржы жүйесіндегі шешімін таппаған келеңсіздіктерден туындайтын көрінеді. Егер олар жедел түрде ретке келтірілмесе акциялар бағасының 15 пайызға дейін төмендеуіне әкеледі. Өз кезегінде ол жаһандық ІЖӨ-нің 1,7 пайызға құлдырауына әкеліп соғады.
ХВҚ болашақ әлемдік экономикалық дағдарыстың бастауы G20 мемлекеттерінің қаржылық емес салаларында қордаланып қалған қарыз көлемінің болуы мүмкін екендігін айтады. Өткен жылы бұл қарыздың мөлшері 135 триллион АҚШ долларына немесе осы мемлекеттердегі ІЖӨ-нің 235 пайызына тең болған екен. Ең кереметі осыншама жаһандық қарыздың үштен бір бөлігі АҚШ пен ҚХР-ға тиесілі көрінеді. Әсіресе жылдан-жылға жоғары қарқынмен өсіп бара жатқан АҚШ мемлекетінің қарызы жаһандық қаржы жүйесінің тұрақтылығына зор қауіп төндіріп тұр.
Қаржы рыногындағы активтер бағасының күрт көтерілуі де ХВҚ экономистерін алаңдатуда. Қор экономистері қаржы рыногындағы бұл көрініске «экономикалық және қаржылық циклдер арасындағы теңсіздіктің артуы» деген баға беріп отыр. Қазір дүние жүзіндегі ең ірі отыз банк 47 триллион доллардан астам активке ие. Бұл бүкіл планетадағы активтің үштен бір бөлігінен артық. Бұл активтерге ие болып отырған осы ірі банктердің жартысы өз капиталдарының жоғары тиімділігін қамтамасыз ете алмай келеді. Олардың жеке капиталының табыстылығы 8 пайыздан төмен. ХВҚ-ның болжамы бойынша банк үшін 8 пайыз – қызыл сызық, одан әрі банк шығынмен жұмыс істейді деген сөз. Дуалы ауыз сарапшылардың болжамдарынан байқағанымыз, болашақ дағдарыс қатері тағы да банктерге тіреліп тұрған көрінеді. Ендеше әлемдік қаржы институттарын қайта құратын жаһандық түбегейлі реформа қажет.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»