Қазақстан • 20 Қазан, 2017

Көш көлікті болсын десек

514 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

бір жерге шоғырландыра қоныстандыру үрдісін тәжірибеге айналдырумен қатар, түсінік жұмыстарын да ширата түскен жөн

Көш көлікті болсын десек

«Жұмыспен қамтудың жол картасы»-2020» бағ­дар­ламасының бір бағыты ішкі көші-қон үдерістерін үйлесімді түрде реттеуді қамтамасыз етеді. Мемлекеттік деңгейде қолға алынып, жүйелі қаржылық, әлеу­меттік қамқорлықтар жаса­лып отырған осынау маңыз­ды шараға азаматтардың өз ық­тияр­ымен қатысуына басым­дық берілгендіктен, ерекше ынта-жігер тудырып отырғаны анық. Өйткені ішкі миграция саласындағы бүгінгідей қа­лып­тасып отырған күрделі жағдай өзгермесе, атап айтқанда, демо­графиялық құлдырау үрдісі жал­ғасып, еңбек күшінің тапшы­лығы орын ала беретін болса, 2030 жылға қарай теріскейлік тұрғындардың саны 1 миллионға дейін кеміп, керісінше, күн­гей өңірлерде тұратын халық саны 5,5 миллионға дейін артатын болады. Биыл «Нәти­желі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арнал­ған бағдарламасы» қабылда­нып, бірқатар жеңілдіктердің қосылуы құптарлық. Онда аза­маттардың еңбек ре­сурс­тары­ның аумақтық ұшқырлығын ынталандырудың бірқатар шаралары қарастырылған. Оның аясында әрбір отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде демеуқаржы, сол сияқты бір жыл бойы үйді жалдау шығындары мен ком­му­нал­дық қызмет ақысы төленеді. Бұл қаражатқа баспана сатып алуға да болады. Мемле­кеттік мекемелердің қатысу бел­сен­ділігінің, тікелей жауапкер­шілігінің арттырылуы бірден-бір дұрыс қадам.

Солтүстік Қазақстан секіл­ді жұмыс күші жеткіліксіз өңір­лерге еңбек мигранттарын көшіруді ынталандырудың тың тетіктері іске қосылғалы келуге тілек білдірушілердің саны артып отыр. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысымен жасалған екіжақты ынтымақтастық меморандумы өз жемісін беріп келеді. Өзара делегациялар алмасу, тәжірибелер бөлісу, жергілікті жағдайды зерделеу барысында әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіміз сараланып, еңбек күшіне сұранысты реттеу­дің жолдары қарастырылды. Қызылжар – экологиялық жағы­нан таза, табиғаты әсем, жері шұрайлы, құнарлы өлке. Егін, мал өсіруге қолайлы. Сол себепті оңтүстіктен солтүстікке қарай көшіру бағдарламасының шарапаты мол болары сөзсіз, дей келіп жұмыспен үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Ол келтірген деректер бойынша былтыр құрамында 631 адам бар 136 отбасы қоныс аударып, 63 елді мекенге тұрақтаған. 129 отбасы қоныс аударғандарды қабыл­дау бағдарламасына ен­гі­зіліп, 46 миллион теңге демеу­қаржы берілген. 27 отбасыны жұмыс берушілер баспанамен қамтамасыз еткен. 51 отбасы өз қаражаты есебінен иеленген. 44 отбасы тұрғын үйді жалға алған. 124 адам жұмысқа орналасқан. Бәрінен де 77 бүлдіршіннің балабақшаларға барып, 173 балдырғанның тұрғылықты жерлерде оқып, оқушылар азайып, жабылудың алдында тұрған білім ошақтарының тамырына қан жүгіртіп, тіршілігін қыж-қыж қайнатқанын айтсаңшы!

Биыл да ең үлкен орналасу – Қызылжар өңірінде. Квота бойынша еліміздің 4 өңірінен 184 отбасы қабылданып, 68 мил­­лион теңге демеуқаржы бөлінді.

– Елбасының ішкі көші-қон үдерістерін реттеу, еңбек ре­с­урстарының теңгерілімін арт­тыру талаптарына орай кө­шіп келушілерді жайлы жайғас­ты­рудың, тұрақтан­ды­ру­дың, ортаға психоло­гиялық жағы­нан бейім­деудің, жұмыс­пен, баспана­мен қамтудың жүйелі кесте­сі жасалған. Соңғы екі жылда 32 отбасын құшақ жая қарсы алдық, – дейді Қызылжар аудан­дық жұмыспен қамту орталы­ғының жетекшісі Раушан Текібаева.

Солардың бірі – Алматы облысы Іле ауданы­нан келген Әбді­қадыровтар отбасы көрші-қолаң­­мен тез үйренісіп кеткен. Үй игесі Оспан әр отбасы үшін 35 АЕК мөл­­шерін­де бір­реттік жәр­демақы, бір жылға де­йін пә­тер жалдау шы­ғы­ны төленгенін, мем­ле­кет­тік бағ­дар­ламаға қаты­су арқылы жеке шаруа­­шы­лық ашып жат­қанын, әйелі мен 4 ба­ла­сы қолқанат екенін жеткізді. Еңбек десе, емешегі үзіліп тұратын Шералиевтер әу­ле­ті бағ­бандықты кәсіп еткен. 4 гектар жер­­ді өңдеп, көкөніс өсірумен ай­­на­лыса­ды. Орам­жапырақтың 7 түрі­­нен басқа қызанақ, сәбіз, қияр, ас­көк, жуа, сарымсақ егіп, Соко­лов­­ кентінің қолын қалтасына салып, ел­тең-селтең жүрген 15 тұр­­ғы­нына жұмыс тауып бер­ген. Олар­­дың әрқайсысы өңі түгіл түс­терін­­де көрмеген еңбекақы ала­ды. Ішіп-жемі тегін. Енді не керек?! Жиынтық құны 912 мың теңге көтер­меақы қолдарына тиген отбасы мүшелері енді мал өсіріп, сүт, ет өндіру қамымен жүр.

Оңтүстік Қазақстан облысынан Мағжан Жұмабаев ауданы Хлеборов елді мекеніне көшіп келген Балабек Ораловтың ат басын тіреген ағайындардың жұбын жазбастан бір жерге шоғырландырып, топтап қоныстандыру тәжірибесін үрдіске айналдыру жөніндегі ұсы­ны­сы ойландырмай қоймайды. Өйт­кені бағдарлама тек ауылдық жер­лер­ді таңдауға ғана мүмкіндік береді. Мінез-құлқы теріскейдің суық, қытымыр ауа райына ұқсас теріс­кей­ліктермен тонның ішкі бауын­дай тіл табысар-ау! Дегенмен де, халқымыздың тереңнен тамыр алатын туыстық, ағайындық дәс­түрінің жете ескерілгені де дұрыс. Сонда олардың барған жер­­леріне тезірек бейімделуіне оң әсе­рін тигізері даусыз. Мәселен, Мам­лют ауданының әкімдігі бір топ отбасының аражігін ажырат­паған күйі Покровка ауылына ор­нық­тырыпты. Қандай жарасымды.

Бірде Мамлют ауданы Ленин ауы­лына жолымыз түскені бар. Он­дағы ойымыз Жамбыл облысы Қордай ауданынан дәм жазып кел­ген 13 дұңған отбасының жағ­да­йы­мен жақынырақ танысу болатын. Бірде-бірі қабақ шытқан жоқ. Жай­дары қалпымен қарсы алып, бейне біз көшіп келгендей төрге оздырып, құрақ ұшты. Айтпағымыз – мейман­достығымен қатар еңбек­қор­лығы, көнбіс­тігі. Рамазан Дия­ровты бақшалық басын­да жолық­тырдық. Көкөністің біз білмей­тін түрлерін егіп тастапты. «Топырақ қандай құнарлы десеңші. Нағыз таза экологиялық өнім ғой», деп тамсанады. Осында Нар­ғиза Мухотдинова жұмыс істей­ді. Оң­түстік Қазақстан облысы­нан 4 баламен көшіп келген. Күйеуі қайтыс болған. «Мен көп балалы анамын, жағдай жасаңдар, жәрдем беріңдер деп міндетсімеген. Нәпақасын адал маңдай термен тапқан. Іс тігумен айналысқан. Артылған қаражатқа үй сатып алған. Қазір жеке кәсібін құрып, мектеп асханасын тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Наубайхана ашпақ ойы бар. Сүйсінбей гөр!

Өкініштісі сол, елімді көркей­тейін, дамуына өз үлесімді қосайын деген перзенттік борыш­пен, аза­маттық парызбен қолды-аяққа тұр­май ұршықша үйірілудің орнына орынсыз кеуде қағатын, орындалмайтын талаптармен зы­ғыр­ды шығарып, жүйкеге тиетіндердің кез­де­сіп қалатыны да жасырын емес. Мамлют ауда­ны әкімінің орын­басары Алмагүл Рама­занова айтқандай, солардың біріне аудан орталығынан жалға баспана әперіліп, ішкі істер бөліміне жұмысқа орналастырылған. Ол болса күзетшілікті «менсінбей» өз еркімен шығып кеткен. Одан ауыл­­да тұрамын деп қиғылық сал­ған. «Слепченко» ШҚ баспанамен қам­­тамасыз еткен. 699930 мың тең­ге­нің бірре­тік жәрдемі берілген. «Мектепке жол» акциясы аясында жәрдем көрсетілген. Барға қанағат, жоқ­қа салауат айтудың орнына үйелмелі-сү­йел­мелі балаларын алға тартып, жөн-жосық­сыз та­лаптар айтудан шаршамай жүр­ген көрі­не­ді. «Жер телімдеріне тө­лей­тін қара­жатым жоқ» деп қаба­ғы­нан қар жауып отырса керек. «Ақсе­леу» ЖШС-нің басшысы Серік Малаев Сары­­ағаш ауданына барған сапарын былайша еске алады:

– Делегация құрамында болып, 4 от­басы­ны таңдап алып қайт­тым. Үй де, жұмыс та табыл­ды. Шет­тері­нен іскер, уәдеге берік, мінез­­дері сы­пайы. Тек бір отба­сы­ның еге­сі көңі­­­лім­­ді қатты жабыр­қат­ты. Әб­ден бәл­сініп бітті. Бейне өзге үшін өмір сүріп жүрген сияқ­­ты. Әрине ондай са­наттағылар «арпа ішін­дегі бір би­дай­дай» кездессе де, жарасып тұрған жоқ.

Көшу – әр адамның жеке ісі. Оған ешкім күштелмейді. Деген­­мен, ниет етіп барғандарға жан-жақ­­­ты мүмкіндіктер тудыры­лып отыр­­ғанда мемлекеттік маңы­зы бар осы­нау мәселеге мүдде­лі­лік таны­ту керек-ақ. Ең басты­сы, сол­түс­тік өңірлердегі демо­гра­фия­лық ахуал­дың түзеліп, жұмыс күшінің жетіс­пеушілігін шешуге атсалысу абыройлы іс саналса керек.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы