Аймақтар • 20 Қазан, 2017

Археологиялық зерттеулер жемісін берді

2089 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2017 жылғы халықаралық архео­ло­гиялық зерттеулер нәти­желері бойынша «Қазақстан Республикасы  ұлттық музейі архео­логиялық экспеди­ция­сының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарған жұмыстарының нәтижесі: «Қазақстан-Жа­пония, «Қазақстан-Гер­­мания, Қазақстан-Ресей» атты дөңгелек үстел өтті. 

Археологиялық зерттеулер жемісін берді

Суретті түсірген: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Дөңгелек үстел жұмысына Нара ғылыми-зерттеу инс­титутының профессоры Са­дакацу Кунитаке, Жапонияның Қазақстандағы Төтенше жә­не өкілетті елшісі Итиро Кава­бата, Мәдениет және спорт минис­трлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Ұлттық музей директорының орынбасары, экспедиция жетекшісі, тарих ғылымының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов және осы салада қызмет етіп жүрген ғалымдар мен жетекші мамандар қатысты.

Бес жылдық «Paleo Silk Road» бағдарламасы аясындағы Ұлттық музей мен Тюбиген университетінің (Германия) бір­лескен халықаралық экс­педи­циясы бірінші жылғы жұмысын қорытындылады. Страфикацияланған палеолит ескерткіштерін іздеу бойын­ша жүргізілген Майбұлақ кейінгі палеолит тұрағы және Шығыс Қазақстан өңіріндегі қазба жұмыстарына Ұлттық музей ғалымдары, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Үндістан, Чехия ғылыми меке­мелерінің өкілдері қатысқан. Дөңгелек үстел барысында 2016 жылы Ұлттық музей мен Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімінің Археология және этнография институтының мамандары ашқан Үшбұлақ палеолит тұрағына жүргізілген Қазақстан-Ресей, Қаратау өңіріне жүргізілген Қазақстан-Жапония, Шығыс Қазақстан өңірін зерттеген Қазақстан-Германия археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижелерін профессор Жәкен Таймағамбетов таныстырды.

«Бес жылдықтың алғашқы бірінші жылында атқарылған жұмыстардың көбі басталды. Кейбір аймақтар жеке­шеленіп, я табиғи өзгерістерге қатты ұшырағандықтан зерттеу жүргізуге қолайсыз болды. Ендігі жылдардың жұ­мысы бұдан да зор тарихи табыстарға әке­леді. Өйт­кені бұл біздің өткені­міз. Әлі зерт­телмеген обалар да өз ға­лымын күтіп жатыр» деді ол алдағы күндерге үлкен үміт артып.

Тас ғасырының жаңа жиырма ес­керт­кішінің ашылуы археология экспе­ди­циясының жемісі. Қазақстан тарихына өзге мемлекеттердің ғалымдары да аса қызығып отыр. Өйткені өткен дәуір­лер бізді жақындатады. Нара ғылы­ми-зерттеу инс­ти­тутының про­фессоры Садакацу Кунитакенің айтуынша, Афри­каны адамзат баласының мекен­дегеніне алпыс мың жыл болса, Жапо­нияға адам аяғының тигеніне отыз мың жыл болған. Жапондардың арғы аталары Қазақстанның Оңтүстік айма­ғынан барған, я сол жерлерді басып өткен деп есептейді. Ғалымның аса қызу­ғы­шылығын оятқан себептердің бірі осы болса керек.

Ұлттық музей ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы осы жұмыстарын әрі қарай табанды түрде жалғас­тыратындар айтты.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»