Біз бүгін осы істің жай-күйі Ақтөбе облысында қандай деген сауалға жауап іздегіміз келеді. Осы орайда ең алдымен, өңірдің мал шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы екенін айтқан жөн. Қазақстан картасына қараңызшы, нені байқар едіңіз? Өңір аумағының кеңдігі бірден көзге түседі. Тіпті ойша көзбен мөлшерлегеннің өзінде көршілес Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қоса алғандағы территория Ақтөбе облысынан сәл ғана асып түсетінін аңғару қиын емес. Мұны айтып отырған себебіміз осыншама үлкен аумақ жайылымдық мал шаруашылығын жолға қоюға өте тиімді екенін жеткізу болатын.
Қолда бар деректер облыс аумағындағы 30 млн гектар жердің 25 млн-ы ауыл шаруашылығына жарамды алқаптар екенін көрсетеді. Алайда өңірде қазіргі күні оның тек 10 млн гектары ғана сала қажеттілігі үшін қолданылып жүргенін ескерсек, пайдаланылмай бос қалған әлеует пен мүмкіндіктердің мол екеніне бірден көз жеткізуге болады. Соның ішінде мал жайылымы үшін белгіленген 20 млн гектардың тек 9 млн-ы ғана мал өсірушілердің үлесіне тиеді екен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде еліміздегі бірқатар облыстардың аумақтары жайылымдық мал шаруашылығын өркендетуге тиімді екенін айтқан болатын. Бұл ретте Ақтөбе облысының мүмкіндігі мол екенін жоғарыда көрсетілген деректер де дәлелдей түседі. Президенттің пайымдауынша, жайылымдық жерлер – арзан ет өндірудің бірден-бір жолы. Мұндай жағдайда мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің өзіндік құны біршама төмендейді. Егер ақтөбелік мамандар осы мәселеге тереңірек көңіл аударса, оның тиімділігіне оңай көз жеткізері анық. Алайда әзірге бұл мәселеде айта қаларлықтай қозғалыс байқала қоймайды. Шұрайлы жер, қолайлы климат және су қоймалары бола тұра мұнда мал басының өсімі 1,5-4 пайыздан аса алмай кел жатқанының сырын мүмкін осындай оралымсыздықтан іздегеніміз жөн шығар.
Соңғы жылдары елімізде мал шаруашылығын дамытуға, соның ішінде асыл тұқымды мал санын өсіруге қатысты «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» секілді бағдарламалар қабылданды. Егер істің көзін таба білсе, оның мүмкіндігін пайдаланып алға жылжытуға болатыны бесенеден белгілі. Облыста осы мақсатқа бөлінген қаражаттың игерілу деңгейінің көңіл көншіте бермейтіні де бөлек бір әңгіменің еншісі. Біз материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында осы басы ашық сауалдарға жауап алуды мақсат тұтқан едік. Алайда аталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы жарқын мысалдарға қол жеткізе алмадық. Бұл көріністің өзі сайып келгенде облыста мал шаруашылығын өркендету ісіне салқынын тигізбек.
Рас, бүгінгі күні облыста ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту ісіне тәп-тәуір көңіл бөлініп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Осы арқылы мал шаруашылығына қатысты құрылымдарды нығайта түсуге де жол ашылмақ. Әрі мұндай қадам өңдеуші кәсіпорындарды жергілікті сапалы шикізатпен қамтамасыз етудің бір тәсілі де. Ең бастысы, ауыл тұрғындары мал өсіріп, оның өнімдерін пайдаға асыруды мақсат еткен кооперативтерге бірігу арқылы әлекедей жалаңдаған алыпсатарларға жем болмай, өздері өсірген ақ адал малының өнімдерін тиісті бағасына пұлдай алады.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, бұл мәселеде ешқандай мін жоқ секілді көрінеді. Ол биылғы жылы облыс көлемінде 2,5 мың үй шаруашылығын кооперативтерге тарту мәселесі қойылғанын айтып берді. Қазіргі кезде 171 ауылшаруашылық кооперативінің құрамына 4000 үй шаруашылығы, 108 фермерлік қожалық, 30 заңды тұлға бірікті деп мәлімдеді сала жетекшісі.
Әрине, алғаш естігенде бұл деректердің бәрі жаныңды сүйсіндірмей қоймайды. Бәрекелді дегің келеді еріксіз. Әйтсе де құрылған кооперативтердің санын тізбектеу бар да, олардың нақты жұмыс нәтижелерін сараптау бар емес пе?! Тіпті бұл екеуінің арасы жер мен көктей десе де болады. Осы тұрғыда сала басшысы санамалап берген ауылшаруашылық кооперативтерінің бәрі аяқтарынан тік тұрып, шаруаларын шалқытып әкетті деп айта алар ма екенбіз.
Осы ыңғаймен тағы да сала иірімдеріне тереңдей түсер болсақ, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру бар да, оны өңдеу бар. Бұл ретте өңірдегі мал өнімдерін өңдеу саласы алдыңғы іспен салыстыра қарағанда, біршама ақсап тұрғаны байқалады. Әсіресе, өңірде соңғы кездері ет пен сүт өңдеу мөлшері әжептәуір азайып кеткені белгілі болып отыр. Сөйтіп мұнда оның үлесі биылғы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша небәрі 36,4 пайызды құрапты. Мұндай төмен көрсеткіш Ақтөбе қаласында, Алға және Ырғыз аудандарында тіркелген. Бұл жағдай өз кезегінде өңірдегі өңдеуші кәсіпорындардың қызметін қайта құру керектігін көрсетеді. Оның әлеуетін көтеру жөнінде шұғыл шаралар белгілеу қажеттігі де талас туғызбайды.
Құдайға шүкір, өңір ет және сүт өңдейтін қуатты кәсіпорындарға кенде емес. Облыста жалпы қуаты жылына 21,5 мың тоннаны құрайтын ет өнімдерін шығаратын 11 кәсіпорын бар екені осы сөзіміздің дәлелі. Сүт өңдеу зауытының саны жөнінде де біреуге кінә тағудың ешқандай жөні жоқ. Әйтсе де олардың қазіргі күні алып отырған орташа жүктемесі көңілге қонады деп айтуға ауыз бара бермейді. Өйткені оның алғашқысындағы мұндай көрсеткіш 61 пайыз төңірегінде болса, сүт өңдеу зауытының орташа жүктемесі небәрі 18 пайыз ғана.
Дегенмен облыста мал шаруашылығын дамыту мәселесіне кейінгі кезде жан-жақты көңіл бөліне бастағаны үлкен үміт туғызады. Бұл үшін жалпы құны 10,7 миллиард теңгені құрайтын 23 инвестициялық жоба белгіленген. Оның 13-і сүт өңдеу жобаларына жұмылдырылса, 10-ы ет өңдеудегі қордаланып қалған мәселелердің түйінін тарқатуға тартылмақ. Мұндай жағдайда ет пен сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі жаңаша серпін алатыны айқын.
Бүгінгі күні еліміздегі ауылшаруашылық еңбеккерлері 2017-2021 жылдарды қамтитын агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бел шеше кіріскен. Осындай сындарлы сәт пен жауапты кезеңде ақтөбелік мал өсірушілер де қолда бар әлеуеттерін тиімді пайдаланудың оңтайлы жолдарын іске асыратынына сенім артқымыз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ