Қазақстанда Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибелеріне жақындап келеді. Оған Қазақстанда құрылған БҰҰ Даму Бағдарламасының Мемлекеттік қызмет саласындағы Астанадағы Өңірлік хабы да игі әсерін тигізіп келеді.
Түркияның Ыстанбұл қаласында осы ұйым Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен БҰҰ-ның «Бағалау саласының ұлттық әлеуеті» атты 115 мемлекеттің өкілдері қатысатын ғаламдық конференциясының шеңберінде «Бағалаудың ұлттық жүйесін құру: Қазақстан тәжірибесі» атты семинар өткізді. Отыздан астам мемлекеттің өкілдері қатысқан семинарды Астанадағы Өңірлік хабтың Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов ашып, жүргізіп отырды. Ол мемлекеттік қызметтің тиімділігін жетілдіруде бағалау жүйесінің сапалы жүргізілуінің маңыздылығы зор екенін атап өтті. Құттықтау сөздер айтылғаннан кейін Қазақстан Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айбатыр Жұмағұлов мемлекеттік қызметті бағалау жүйесінің барысы туралы баяндады. Ол семинарға қатысушыларға Қазақстандағы мемлекеттік қызметті бағалау жүйесінің тарихи және әкімшілік алғышарттары, негізгі тетіктері және әдістемесінің қалай қалыптасқаны туралы кеңінен айтып берді. Соның ішінде мемлекеттік қызметтерді басқару сапасының тізілім, стандарт және регламент сияқты көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқталып өтті. 2016 жылы мемлекеттік органдар осы көрсеткіштерді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына беріп, азаматтар электронды формат шеңберінде ала бастағаны да айтылды. Барлық қызметтің 75 пайызы аталған корпорацияға берілген екен. Осы жылы азаматтарға барлығы 143,7 млн мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, оның 73 пайызына қанағаттанарлық баға берілген. Алайда жоғарыда аталған әдістермен бағалау барысында 10,7 мың жағдайда мемлекеттік органдар қызмет көрсету мерзімін белгіленген уақыттан ұзартып, созып жіберген. Ал жалпы айтқанда, қызметтер саны 15 пайызға артқан. Соңғы 7 жылда қызмет көрсету мерзімін созып жіберу жағдайлары 46 есеге азайған.
А.Жұмағұловтың баяндамасындағы деректерге қарағанда, қызмет көрсетулерді бағалау бойынша берілген ұпай саны бойынша, алдыңғы орында Ұлттық экономика министрлігі, ал соңғы орында Сыртқы істер министрлігі келеді. Облыстар мен республикалық дәрежедегі қалалар арасында бірінші орынды Алматы қаласы ұстап тұрса, көш соңында Алматы облысының әкімдігі қалған. Қызмет көрсетуде ақпараттық технологияларды қолдану бойынша бірінші орында Солтүстік Қазақстан, ал соңғы орында Атырау облысы келеді. Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшілердің еңбек жүктемесінің нормадан артық болуы да қызмет көрсету сапасын төмендетуде. Мәселен, апталық еңбек жүктемесі 40 сағат болғанда Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері орташа алғанда 14,5 сағат артық жұмыс істейді екен. Ең аз деген Ұлттық экономика министрлігі қызметкерлерінің өзі апталық норманы 4,5 сағатқа арттырып жіберген.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалылығы азаматтардың арыз-шағымдарын әділетті қарап, дұрыс шешім қабылдағанынан да көрінеді. Өткен жылы мемлекеттік органдар қазақстандықтардың 1 млн 300 мыңнан артық арыз-шағымын қарап, соның 50 пайызын қанағаттандырған екен. Алайда 7 мыңға жуық арыз уақытында қаралмаған.
Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік қызмет көрсетулердегі тәжірибесі жиналған мамандардың қызығушылығын тудырды. Бұл жөніндегі баяндаманы осы министрліктің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Динара Құлымбетова мен Экономикалық зерттеулер институты мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау орталығының жетекшісі Сабина Садиева да толықтырып, жиналғандарға қазақстандық бағалаудың барлық қырларын ашып берді. Олар бақылау жұмысын қадағалайтын Президент Әкімшілігі өздерін мемлекеттік қызметкерлердің қызметіндегі кемшіліктерді тапқанда жазалауға емес, түзетуге бағыттайтынын да атап өтті.
Одан әрі қазақстандық әріптестерінің сөздерін қолдап және бұдан өздеріне үлкен сабақ алатынын айтып Эстония, Грузия және Әзербайжаннан келген мамандар сөйледі. Дегенмен олардың арасында сын айтып, жұмысты жетілдіре түсу бағытында ой қосқандар да болды. Мәселен, Эстония өкілі көп ақпараттан гөрі, көрсеткіштердің көбірек болғаны бағалау нәтижесінің сапасын анығырақ көрсететінін атап өтті. Ал Әзербайжан өкілі бағалау жұмысына үкіметтік емес ұйымдарды көбірек тартудың тиімділігі туралы айтты.
Қорыта айтқанда, семинар мемлекеттік қызметтің тиімділігін бағалау жұмысында нақты тәжірибелер, инновациялар мен перспективалық әдіснамалармен бөлісуге өте пайдалы диалогтық алаң болды. Біз шараны ұйымдастырушы, Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовпен әңгімелескенімізде ол семинардың діттеген мақсатына жеткенін айтумен қатар өзінің кейбір ұсыныстарын да білдірді. Мәселен, ол мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау міндетін болашақта Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құзырына берген дұрыс болар еді деді. «Есеп комитеті бұрынғыдай аталғанымен қазір оның мақсат-міндеттері кеңейіп отыр. Мәселен, аталған мекеме қаржыны заң бойынша жұмсауды ғана емес, жұмсалған қаржының тиімділігін де анықтайды. Бағалау жүйесінің мақсаты да соған жақын. Сол себепті Еуропа елдерінің көбісінде аудит жүйесі мен бағалау жүйесі біріккен. Бұл мемлекеттік ресурстарды да тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Есеп комитеті – тікелей Президентке бағынатын орган. Сондықтан ол үкіметтік органдардың жұмысын тәуелсіз бағалай алады», деді Ә.Байменов.
Төрағаның сөзінен алдағы уақытта аймақтық семинар да өткізілетіні белгілі болды. Онда Оңтүстік Корея, Эстония сияқты елдердің мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы озық тәжірибелері таныстырылмақ.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан» – Ыстанбұлдан